Жәннаттың есіктерінде не жазылған?
Жәннаттың есіктерінде не жазылған?
6 жыл бұрын 5974
Мирас КЕСЕБАЕВ

Баязид Бистами қырық бес рет қажылыққа барады. Бір күні Арафат тауында нәпсісі оған: «Ей, Баязид! Жер бетінде саған тең келетін адам бар ма екен? Қырық бес рет қажылыққа бардың және Құранды мыңнан аса бастан аяқ оқып шықтың» — деген ой салады. 

Хазреті Баязид нәпсісінен келген бұл ойға қатты ренжиді. Дереу түрегеп, сол жердегі жиылған қауымға қарата: «Менің қырық бес рет жасаған қажылығымды кім бір тілім нанға айырбастайды?» — деп сұрайды. Сонда бір кісі басын көтеріп: «Мен аламын!» — деп, нанын ұстатады. Баязид Бистами нанды алып, сол жердегі бір иттің алдына тастайды. 

Ісін аяқтап біткен соң, жол дайындықтарын жасап, Рум аймағына (Анадолы) қарай бет алады. Бірақ не үшін кетіп бара жатқанын өзі білмейді. Ұзақ күндерге созылған осы сапарда бір шіркеу попымен кездеседі. Ол Баязидтің қолынан ұстап ертіп, үйіне алып келеді. Үйінің ішінен бір бөлмесін босатып беріп, күнделікті асын таңда және кешке әкеліп беріп тұрады. Баязид осы бөлмеде тек ғибадатпен уақыт өткізеді. Бұл жағдай бір ай жалғасады. Нәпсісіне қарата: «Ей, нәпсім! Мен сені тәрбиелегім келеді, бірақ сен жамандықтан тыйылмайсың», — деп тұрғанда поп ішке кіріп:

— Есімің кім? — деп сұрайды. 

Ол:

— Баязид, — деп жауап береді.

Поп:

— Өзің жақсы адам екенсің. Шіркін, Иса Мәсіһтің құлы болғаныңда ғой! — дегенде, бұл сөздер Баязидке ауыр тиіп, үйден кетуді ұйғарады, сонда поп: «Бұл жерден қырық күнді толтырып, бір-ақ қайт! Өйткені жақында біздің үлкен мейрамымыз келе жатыр, соны көріп тамашалағаныңды қалаймын. Біздің қадір тұтатын көсеміміз, ғұламамыз – бас попымыз сол күндерде бір рет қана уағыз айтады. Оның насихатын тыңдауыңды өтінемін», — дейді. Хазреті Баязид поптың бұл ұсынысын қабылдап, қырық күн қалатын болады.  Қырық күн біткенде поп бөлмеге кіріп:

 — Мархабат, сыртқа шығуыңызды өтінемін. Бүгін біздің мереке күніміз, — дейді.

 Баязид Бистами сыртқа шығу үшін қамдана бастағанында поп:

— Сіз мына киіміңізбен қалайша мыңдаған шіркеулік поптардың ортасына кірмексіз? Үстіңіздегі киіміңізді шешіп, мына поптың киімін киіңіз де, мойныңызға Інжілді асыңыз! — дейді. Бұл ұсыныс та оған ауыр тиеді, бірақ «мұның да астарында жатқан бір хикмет бар шығар» деп, поптың әкелген киімдерін киіп, жиындарына барады. Ешкім де оның мұсылман екенін аңғармайды. Біраз уақыт өткен соң поптардың көсемі келеді. Бірақ сөйлемей тұрып қалады. Неге уағыз-насихатыңызды бастамайсыз деп сұрағанда:

— Араларыңда бір мұсылман бола тұра мен қалайша сөйлейін?! — деп жауап береді. Жиналған қауым мен поптар шулап: «Оны бізге көрсетіңіз, көзін құртайық!» — деседі.

Бас көсем:

 Тынышталыңдар! Мен оның кім екенін сендерге айтпаймын. Егер оған тимейтіндеріңе уәде берсеңдер, көрсетейін, — дейді. Сонда поптар мен халық бірауыздан уәде береді. 

Бас поп:

— Әй, Мұхаммедтің үмбеті! Алла үшін орныңнан тұрып, ортаға шық! — деп дауыстайды. Алаңдап отырған поптардың арасынан Баязид Бистами орнынан тұрады. 

— Атың кім? 

— Баязид. 

— Ілімнен хабарың бар ма? — дегенде: «Раббым үйреткендерінен кейбір нәрселер білемін», — дейді.

 Сонда поп:

— Олай болса менің сұрақтарыма жауап бер! Екіншісі болмаған біреу, үшіншісі болмаған екеу, төртіншісі болмаған үшеу, бесіншісі болмаған төртеу, алтыншысы болмаған бесеу, жетіншісі болмаған алтау, сегізіншісі болмаған жетеу, тоғызыншысы болмаған сегіз, оныншысы болмаған тоғыз, он біріншісі болмаған он, он екіншісі болмаған он бір, он үшіншісі болмаған он екіншіні айт? Бұлар не? — дейді. 

Баязид Бистами бас попқа:

— Мені жақсылап тыңдаңыз! Екіншісі болмаған біреу – ортағы, серігі, теңі, ұқсасы болмаған Алла тағала. Үшіншісі болмаған екеу – күн мен түн. Төртіншісі болмаған үшеу – үш талақ (босату, ажырасу). Бесіншісі болмаған төртеу – Тәурат, Забур, Інжіл және Құран кәрім. Алтыншысы болмаған бесеу – бес уақыт намаз. Жетіншісі болмаған алтау – көктер мен жердің жаратылған алты күні. Сегізіншісі болмаған жетеу – жеті қат аспан. Тоғызыншысы болмаған сегіз – қиямет күні Аршты таситын сегіз періште. Оныншысы болмаған тоғыз — әйелдің тоғыз ай жүктілік мерзімі. Он біріншісі болмаған он – Мұсаның (а.с.) Шұғайб пайғамбарға он жыл шопандық қызмет атқаруы. Он екіншісі болмаған он бір – Юсуф пайғамбардың он бір бауырлары. Он үшіншісі болмаған он екі — он екі ай, — дейді.

 Поп күлімсіреп:

 — Дұрыс айттың! Ендеше маған ауадан не жаратылғанын, не сақталып қалғанын және кімнің ауамен жоқ болып кеткенін айт, — дегенде: «Иса пайғамбар ауадан жаратылды, ауада сақталды. Ад қауымы ауамен жойылып кетті», — деп жауап береді.

 Поп:

 — Дұрыс айтасың! Ағаштан жаратылған не? Ағашта жан сақтаған кім? Ағашта өлген кім? — дегенінде: «Мұсаның (а.с.) асасы ағаштан жаратылды. Нұх (а.с.) ағаштың ішінде (кемеде) сақталды. Зәкәрия (а.с.) ағаштың ішінде ағашпен бірге арамен кесіліп өлді», — дейді.

 Поп қайтадан:

— Дұрыс айттың! Оттан кім жаратылды, оттан кім сақталды және оттан кім өлді? — деп сұрады. 

Хазреті Баязид:

— Оттан Ібіліс жаратылған, Ибраһим (а.с.) оттан сақталған, Әбу Жәһил оттан өлген, — дейді. Поп тағы да: «Тастан кім жаратылды, тастың ішінде кім сақтанды және тастан кім өлді?» — дегенде:

 — Салих пайғамбардың түйесі тастан жаратылды. Кәһф жастары тастың ішінде қорғанды және Әбраха мен әскерлері тастан өлді, — дегенде поп:

 — Дұрыс айтасың! Ғалымдар:

— Жәннаттың есіктерінде не жазылған?

— Жәннатта төрт өзен бар. Біреуі балдан, біреуі сүттен, біреуі судан, біреуі шараптан (жәннат шарабы). Бөлек-бөлек болған бұл өзендер бір қайнардан шығады”, — дейді.

— Осы дүниеде мұның бір мысалы бар ма? — дегенде:

 — Әлбетте, бар. Адамның басынан төрт бұлақ шығады. Құлақ суы – ащы. Көз суы – тұзды. Мұрын суы – басқа бір дәм. Ауыз суы – тәтті, — деп жауап береді.

 Поп қайтадан:

 — Дұрыс айтасың! Жәннат иелері ішіп-жейді, бірақ дәрет бұзбайды. Мұның да бұл дүниеде ұқсасы бар ма? — дегенде,

— Әрине, бар. Ана жатырындағы нәресте ішіп-жейді, бірақ нәжісі жоқ, — деп жауап береді. 

Поп:

— Дұрыс айттың! Жәннатта Туба деген ағаш бар. Бұл ағаштың көлеңкесі түспейтін жәннатта бірде-бір сарай жоқ. Мұның да дүниеде бір мысалы бар ма?

— Әлбетте, бар. Таңда күн шыққанда қандай болады? Осындай емес пе? — дейді.

Поп:

— Дұрыс айтасың! Қане, мына сұрақтарыма тағы жауап бер! Бір ағаш бар. Оның он екі бұтағы, әр бұтағында отыз жапырағы, әр жапырағында бес гүлден, олардың екеуі күнге, үшеуі қараңғыға қарап тұр. Бұл сонда қандай ағаш болғаны? — дегенде:

— Ағаш бір жылға теңеледі. Он екі бұтағы — он екі ай, әрбір бұтағындағы отыз жапырақ — күндері, әрбір жапырақтағы бес гүл — бес уақыт намазды білдіреді. Екі намаз уақыты күндізге, үш намаз уақыты қараңғы мезгілге сәйкес келеді, — деп жауап береді. 

Соңында поп былай дейді:

 — Маған мына нәрселерден хабар бер! Өзі қажылыққа барған, тәуап жасаған және биік мәртебелерге шыққан, бірақ оның рухы да жоқ, қажылық та оған уәжіп болмаған, — дегенде, Баязид Бистами:

— Нұх пайғамбардың кемесі, — деп, попқа қарап:

 — Ей, поп! Сіз маған көптеген сұрақтар қойдыңыз. Мен қолымнан келгенше жауап беруге тырыстым. Рұқсат етсеңіз, мен сізге тек қана бір сұрақ қояйын.

— Жәннаттың кілті не? Жәннат есіктерінің төбесінде не деп жазылған? — дегенде, поп үндемей қалып, жауап беруден қашады. Жиналған поптар бұл жағдайдан мазасызданады:

— Әй, Иса Мәсіх үмбетінің ең ұлы ғұламасы! Неге жауап бермейсіз, бұл жеңілгеніңіз бе? — дейді. 

Бас поп:

 — Жоқ, мен сұрақтың жауабын білемін, бірақ жеңілгім де келмейді, — дейді.

Жиналған қауым:

— Олай болса неге жауап бермейсіз? — дейді.

Бас поп:

 — Егер де жауап берсем, айтқандарыма қосыласыңдар ма? — дейді. Сонда бәрі бірауыздан “әрине, қосыламыз” деп уәде береді.

Бас поп:

 — Олай болса тыңдаңдар! Жәннаттың кілті мен есіктерінің төбесінде жазылған сөз: “Лә илаһә иллаллаһ Мұхаммәдүр Расулуллаһ”, — деп мұсылман болады. Оны тыңдауға келген мыңдаған поптар да бірауыздан кәлима шәһадат айтып, мұсылмандықты қабылдайды. Баязид Бистами олардың қастарында біраз уақыт қалып, Исламды үйретеді. Осылайша, оның бұл жерге келуінің хикметі ашылады. 

 
0 пікір