Жалқаулықтың белгілері: жан-тыныштығын жақсы көру, қолыбостықты ұнату және жұмысты ауыр көру.
«Сахих Бұхари» мен «Сахих Мүслімде» (хадис кітаптары) орын алған риуаятта, Әнәс ибн Мәлік (р.а.) Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) былай деп көп айтатынын жеткізген:
«Аллаһумма инни әъузу бикә минәль һәмми уәль хузни уәльажзи уәл кәсәл».
Мағынасы:
«Уа, Аллам! Ғам-қайғыдан, уайымнан, әлсіздіктен және жалқаулықтан (сақта деп) саған сыйынамын!».
Әбу Һурайрадан жеткен мына хадистің Имам Мүслімдегі нұсқасында, Алла елшісі (с.а.у.) былай дейді:
«Қуатты мүмін – әлсіз мүмінге қарағанда Аллаға сүйкімдірек. Дегенмен әрқайсысына да (немесе әрқайсысында) жақсылық бар. Сен өзіңе пайдалы нәрсеге ұмтыл. Алладан жәрдем сұра. Әлсіздік танытпа. Қиындыққа тап болған сәтте: "Әттеген-ай, (басқаша) істегенімде, бұлай болмас еді", - деп өкініш білдірме. Ондай жағдайда: "Алланың жазғаны осы, Ол не қаласа, сол болады", - де (сабырлық таныт)! Өйткені "әттегене" шайтанға жол ашады"»[1].
Сахаба Абдулла ибн Мәсъуд былай деген:
«Мен ер адамның, не дүниемен ісі жоқ, не ақыретпен ісі жоқ - бос жүргенін көрсем жыным келеді»[2].
Ардақты сахаба тағы бір сөзінде былай дейді:
«Ақырзаманда бір қауымдар болады. Олардың ең жақсы көретін істері – бір-бірін жазғыру болады (تلاوم). Олар «Әнтән» деп аталады.
Басқа бір сахаба Абдулла ибн Аббастың былай дегендігі айтылады:
«Баяулылықты жалқаулыққа қоссаң, араларында «кедейлік» туады».
Хадисші Суфян әс-Сәуридің былай дегендігі бар:
«(Бізден бұрынғы өмір сүрген) қауым асыл тұқымды аттың үстінде өтіп кетті. Ал біз жауыр есекпен қалып қойдық».
[1] Имам Мүслім: «Сахих Мүслім». Қадар.
[2] Әбу Нуъим: «әл-Хулия». Яхя ибн уәсәбтан жеткен.