Исламның жарқын жүзін көрсете білу
Исламның жарқын жүзін көрсете білу
5 жыл бұрын 2479

Мәліметтерге сүйенсек, Имам Ағзам Әбу Ханифа отқа табынушы мәжуси дініндегі адамның біріне затын берген еді. Содан біраз күн өткен соң, берген затын кері сұрап алайын деп әлгі адамның үйіне барады. Үйінің қақпасына жеткенде аяқ киімін былғап алады. Аяқ киіміне жабысқан ластықтан тазарайын деген ниетпен аяғын сілкіп қалғанда, онысы мәжуси адамының үйінің қабырғасына шашырап кетеді. Не істерін білмей қалған Әбу Ханифа өз-өзіне: «Егер мынаны сол күйінше қалдырсам, оның үйінің жағымсыз болып көрінуіне себепші боламын. Ал егер сүртіп тазалар болсам, қабырғаның сылағы бұзылады», - деп ойланады. Кейін не де болса, өзіне айтайын деген шешімге келіп есікті қағады. Есікті ашқан қызметшіге қарап: «Мырзаңа барып: «Әбу  Ханифа есіктің алдында сені күтіп тұр» деп хабар беріңіз», - дейді. Үйдің иесі тысқа шығып, Әбу Ханифаны көреді де «берген затын сұрап келді-ау» деген оймен оған түрлі себептер айтып, жалына бастайды. Әбу Ханифа болса оған: «Ол қазір онша маңызды емес. Мен сіздің қабырғаңызды былғап қойдым. Маған сол маңызды болып тұр. Оны қалай тазаласам екен?» - деп сұрайды. Мұндай ұлылық пен сыпайылыққа қайран қалып, іштей толқып, көп ойланбай мәжуси: «Мен әуелі нәпсімді тазартайын», - деп жауап беріп, сол сәтте мұсылман болған екен.

Міне қараңызшы Әзіреті Әбу Ханифаның кешірімділігі мен сыпайылығы, әрі құл ақысына деген жауапкершілігі, өмір бақи отқа табынып келген бір адамды хақ жолына түсуіне түрткі болды. Ендеше, Әзіреті Омардың «Үнсіз насихатшы бол» дегені сияқты, Исламның жарқын жүзі әуелі біздің бойымызға сінісіп, күнделікті өмірімізде, барша іс-әрекеттерімізде және ішкі жан-дүниемізде көрініс табуы қажет.

Мәуләнә Жәләлуддин ар-Румидің әңгімелеуі бойынша, Баязит Бистами деген әулие кісінің заманында дінсіз біреу өмір сүріпті. Күндердің бірінде оған мұсылман бір адам келіп: «Исламды қабылдап тозақтан құтылсаңшы, сөйтіп, абырой мен ұлылыққа кенелсеңші!»-депті. Сонда әлгі дінсіз адам мұсылманға қарап:

«Әй, менің амандыққа қол жеткізуімді қалаған адам! Аузыма қаншалықты мөр ұрылса да (яғни, иманымды ашықтан айтпасам да) мен іштей Баязит Бистәмидің ғана иманына сенемін. Өйткені, оның иманында айрықша әсемдік және тереңдік бар. Мен әзірге дінге, иманға толықтай берілген жан емеспін. Алайда, оның иманындағы ұлылыққа қайранмын. Ол барша жаннан бөлек. Сыпайы, сүйкімді, қарапайым, нұрлы, өзгеге үлгі боларлықтай өте ұлы адам. Ал енді сенің шақырып отырған иман – сендердің имандарыңдай болса, мен ол жолға аяқ баспаймын. Өйткені, бір кісінің иман келтіруге жүздеген мәрте көңілі ауса да сендердің қаталдықтарың мен қатігездіктеріңді көріп, көңілі суып кетеді. Сендерді көргенде оның көңілінде иманға деген аңсары әлсірейді. Өйткені, ол сендердің бойларыңнан Исламның тек атын ғана, мағынасыз іші бос қаңқасын ғана көреді. Құдды шөлді далада раушан гүлдері мен түрлі көкөніс егуге жарайтын құнарлы жер іздеген тәрізді... Бірақ та Әзіреті Баязит Бистәмидің бойындағы иман нұры, егер ішкі жан сарайынан шығып, әлемге шуағын шашар болса, мына фәни, алдамшы дүние жақұтқа, пейішке айналар еді. Сондықтан Баязиттің иманы және оның шыншылдығы менің ішкі жан дүниемде иманға деген теңдессіз махаббат пен құштарлық тудырды» деген екен....


 Осман Нури Топпаш: «Өркениет шыңындағы жауһарлар».  

0 пікір