Ислам және гомосексуализм
Ислам және гомосексуализм
5 жыл бұрын 8932
Абдусамат Қасым

Гомосексуализм ‒ Ислами әдебиеттерде көбіне «Лиуата» ( لِوَاطَةٌ ) терминімен белгілі. Лиуата сөзінің мағынасы – ер жыныстылардың өз араларында бір жыныстылық қатынасқа (немесе интимді байланысқа) баруы дегенді білдіреді. Араб тілінде «лиуата» сөзімен түбірлес болып келетін «лиуат», «муләуата» және «тәләуут» сөздері де осы мағынада қолданылады.

Ислами кітаптарда гомосексуализмнің «лиуата» немесе «лутыйя» деп аталуы ‒ кезінде гомосексуалдылық кең етек алған Лұт қауымымен тікелей байланысты. Лұт пайғамбар жіберілген қауым әлгіндей азғындыққа салынып, Лұт пайғамбардың ескеруіне құлақ аспай, арсыздықтарын доғармағаннан кейін Алла Тағала оларды жермен жексен етіп жазалайды. Сол қауыммен байланыстырылып Ислами әдебиеттерде әлгіндей арсыздық түрі «лутыйя» немесе «лиуата» боп аталып кеткен.

Құран аяттарынан Лұт қауымының гомосексуалдылық азғындықтың жаппай, әрі, кең түрде тараған ең алғашқы қауым болғандығын байқаймыз. Сондай-ақ, Құран аяттарында олардың осындай жеккөрінішті іске барулары және Әзіреті Лұт пайғамбардың айтқан ескертулеріне құлақ аспаулары ‒ Алланың қаһарына ұшыратып, жермен жексен болуларына алып келгендігі баяндалады[1]. Құранда ашық баяндалған Лұт қауымының ақырына қарап, ондай әрекеттің кең етек алуы – білдей бір елдің жоқ болуына әкеп соғуы әбден мүмкін екендігін аңғарамыз.

Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) хадис-шәрифтерінде де гомосексуализм қатаң сыналады. Бұндай іске барғандарға Алла мейірім назарымен қарамайтындығы[2], «лиуата» жасағандардың лағынетке ұшырайтындықтары білдірілген[3]. Алла елшісі (с.а.у.) бұнымен қоса былай дейді: «Үмбетім жайында ең қатты қорқатын нәрсем ‒ Лұт қауымының әрекеті».[4]

(Сондай-ақ, Алла елшісі (с.а.у.) әлдебір еркектің өз некелі әйелімен анал жолынан қатынасқа түсуді «кіші лиуата» ретінде санап, оны да тыйған[5]).

Басқа бір хадисінде Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір жыныстымен қатынасқа барған әйел мен еркектерді зинашыларға теңейді:  

إذا أتى الرجل الرجل فهم زانيان وإذا أتت المرأة المرأة فهما زانيتان

«Егер еркек еркекпен жақындасқан болса, олар ‒ зинашы. Әйел әйелмен жақындасқан болса, олар да зинашы»[6], ‒ деген.

Тағы бір хадисте: «Лұт қауымының ісін істеп жатқанның үстінен түссеңдер, істегенді де, істелгенді де өлтіріңдер» делінсе[7], басқа хадисте: «Үстіндегіні де, астындағыны да тас боран (рәжм) етіңдер» делінеді[8]. Алайда бұл шариғи соттың шешімімен жүзеге асатын іс екендігін ұмытпаған жөн.

Гомосексуализмнің үкімі және осы дүниеде
берілер шариғи жазасы

Құран мен хадистердің аясында Ислам ғұламалары гомосексуалдылықтың о дүниедегі жазасымен қатар, осы дүниеде де шариғат аясында жазалануы тиіс харам іс екендігін бір ауыздан қабыл еткен. Тіпті, кей ғалымдар лиуатаны (гомосексуализмді) зинадан да ауыр харам іс деп есептейді.

Дегенмен, мұндай іске барған адамға берілетін жазаның қандай болмағы жөнінде мәзхаб ғұламалары әртүрлі үкім бекіткен. Үкімдердің әртүрлі болуының себебі ‒ лиуатаның зина ұғымына жататын күнә ма, әлде өз алдына бөлек күнә ретінде қарастырылуы керек пе, дегеннен туындайды. Оның үстіне, оған ол жөнінде айтылған хадистердегі жазаның әртүрлі жорамалдануы да себеп болған[9].

Ислам құқықшыларының (фиқһшылар) көпшілігі Құранда зинаның да, лиуатаның да анық арсыз, жиіркенішті әрекет (фахишә) ретінде сипатталғандығын назарға ала отырып, лиуатаны зинаға қиястаған. Яғни, оны да зина деп атауға болатындығын және оған да зинаға берілетін жазаны тағайындау керектігін пайымдаған. Имам Шәфиғи және Ханафи ғұламаларынан Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммед (р.а.) әлгіндей арсыздыққа барған адамға зинашыға тағайындалған жазаны тағайындау керек деген байламға келген. Соған сәйкес, оны істеуші отбасылы адам болса, тас боран етіледі, ал бойдақ болса, 100 дүре соғылады. Шәфиғи ғалымдары ондай іске барған адамға бойдақ болған жағдайда дүре соғылумен қоса,  жер аудару жазасын да беру керек дейді.

Имам Мәлик пен Имам Ахмед болса, «лиуата жасаған адамның өлтірілуі керек немесе тас боран етіледі» деп айтылған хадистерді  негізге ала отырып[10], ондай харам істі істеген адамға бойдақ немесе үйленген деп, бөліп-жармастан «рәжм» жазасы (тас боран жазасы) берілуі тиіс деген.

Аталмыш ғұламалардан бөлек, Имам Ағзам Әбу Ханифа (р.а.) лиуатаны зинадан басқа өз алдына харам іс ретінде қарайды. Әбу Ханифа (р.а.) анал (артқы қуыс) жолымен қатынасқа барудың «зина жасау» ісіне ұқсамайтындығын еске салып, зина мен гомесексуалдылықты екі бөлек қарау керектігін көлденең тартқан. Имам Ағзам бойынша, лиуатаға «хадд» жазасы (осы дүниеде берілетін шариғи жаза) тағайындалмайды. Ондай іске барған адамға қазы (сот) Ислам шариғаты шеңберінде өз пайымынша «тәъзир» (әкімшілік жаза іспетті) жазасын береді. Егер, соттың шығарған «таъзир» жазасынан кейін де, ол арсыздығын қоймай, жалғастыратын болса, онда ол өлім жазасына кесіледі. (Кей кітаптарда қамауға алынып, тәубеге келгенше қамауда ұстайды делінеді).

Қалай болғанда да, қазы ешкімге дәлелсіз, айғақсыз үкім шығармайтындығы анық. Сондықтан да, әлгіндей іске барғандығын айғақтайтын куәгерлердің болуы ләзім. Имам Мәлик пен Имам Ахмедтің уәжіне қарағанда, зина ісіне ұқсас лиуата ісін істегенін айғақтау үшін де төрт куәгер керек. Әбу Ханифа р.а. лиуатаны зинадан бөлек қарағандықтан, ондай іске айғақ ретінде екі куәгердің болуы жеткілікті деп есептеген.

Қорытынды:

Демек, шариғатта гомосексуализмнің үкімі ‒ харам. Ол үлкен күнәлар қатарынан саналып, оған қатысты ақіреттік жаза өз алдына, осы дүниеде де белгілі шариғи жазасы беріледі. Ондай іске барған адам жазалану керек деп бір ауыздан айтқан мәзхаб ғұламалары, жазаның түріне келгенде әртүрлі пікір баян еткендігін айтып өттік. Оны үш топта қарастыруға болады:

1. Қылмысы дәлелденген жағдайда, жазасы өлім болмақ. Тас боран етілуі керек. Бұл Имам  Мәлик пен Имам Ахмед бойынша.  

2. Қылмысы дәлелденсе, зинашыға берілетін хадд жазасы тағайындалады. Егер, отбасылы болса тас боран етіледі, ал бойдақ болса жүз дүре соғылып, жер аударылады. Бұл Имам Шәфиғидің тоқтамы. (Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммед те осы пікірде. Айырмашылығы – бұл екі ғалым «жер аудару» дегенді айтпаған). Табиғиндерден Саъид ибн Мүсәйәб, Ата ибн Әби Рабах, Қатада, Сәури, Нахағи сынды табиғин ғұламалар да оған зинаның жазасы беріледі деген.   

3. Лиуата ‒ зина емес, сондықтан да оған зинашыға берілетін «хадд» жазасы берілмейді. Ондай арсыз іс істеген адамға сот өз пайымынша «таъзир» жазасын тағайындайды. Егер, одан кейін де қайталаса, өлім жазасына кесіледі. (Кей деректерде тәубе еткенше қамауда ұсталатыны айтылған). Бұл – Имам Ағзам Әбу Ханифаның тұжырымы.

4. Лиуатаға жаза берілу үшін, Имам Мәлик, Имам Шәфиғи және Имам Ахмед бойынша, төрт куәгердің куәлігі керек. Имам Ағзам Әбу Ханифа бойынша, екі куәгердің куә болуы жеткілікті[11].  

5. Аталмыш жазалардың қай-қайсысы болса да қазының немесе соттың шешімінен кейін, белгілі заңды органдар тарапынан жүзеге асырылады. «Самосудқа» рұқсат жоқ.

Осы орайда, Алла Тағала тәубе еткен құлын кешірері сөзсіз. Сол себепті, ондай әдетке әуестенген адам, ең алдымен тәубеге келіп, одан емделетін жолдарын қарастыруы ләзім. Дұрыстыққа бет бұрған пендесіне Алланың өзі жол көрсетері сөзсіз.

Алла тауфиқ бергей! Әлһәмдулилләһи Раббил ъаләмин!


[1]  Құран Кәрім: «Ағраф» сүресі, 7/80‒84 аяттар; «Һүд»‒11/78‒83; «Әнбия» ‒21/74; «Шуғара»‒26/161‒175; «Нәмл»‒27/54; Анқабут‒29/28‒35.
[2] Тирмизи: «Сүнән» – «Радаъ», 12.
[3] Имам Ахмед. Мүснәд. 1, 317.
[4] Ибн Мәжә: «Сүнән» – «Худуд», 12; Тирмизи: «Сүнән» – «Худуд», 24.
[5] Ибн Мәжә: «Сүнән» – «Никах». 29; Әбу Дәуід: «Никах», 45; Тирмизи: «Сүнән» – «Тахарат», 102.
[6] Имам Шәукәни: «Нәйлуль Аутар».
[7] Имам Тирмизи: «Сүнән».
[8] Ибн Мәжә: «Сүнән» – №2562.
[9] Islam ensiklopediyasi: Livata. (Түрік тілінде).
[10] Ибн Мәжә: «Худуд», 24; Әбу Дәуід, «Худуд», 29; Тирмизи, «Худуд», 24.
[11] Абдуррахман әл‒Жәзири: әл‒Фиқһул Исләми аләль мәзәхибиль арбаъа. «Хаддуль Лиуат». (Араб тілінде).

0 пікір