Көшеде көже сатқан әженің көжесін ұрттап, пісірілген жүгерісін жеп, қуырылған бәлішін (пирожки) бұрап тұрып жейтін біздер, қазіргі кезде фастфудқа көшіп кеттік. Пайдасы жағынан әжеміздікіне жетпейді-ау, бірақ дәмі жағынан алар болсақ кез келген жан айналсоқтап кете алмайды. Бір дәмін татқаннан кейін қайта-қайта қарын шұрылдағанда фастфуд естен кетпей қоятынын қайтерсің. Аяғың өзінен-өзі сонда басқысы келіп тұрады. Иә, фастфудқа дәнігіп алған жандардың күйі расымен де солай. Бірақ, сәл аялдаңыз. Оның пайдасы не, зияны қандай? Тексеріп, сұрастырып көрдіңіз бе? Олай болса құлақ салыңыз.
Ресей диетологтары фастфудты адамның нөмірі бірінші жауы деп есептейді. Олардың зиян екендігі айтылып жатса да, біліп жүрсе де гамбургермен, пиццамен т.б. тамақтанатын адамдардың саны күн санап артып келеді.
«Ауру – астан» десек те, оған өзіміз мән бере бермейміз. Қазақстандықтар соңғы жылдары фаст-фудтың «тұтқынына» айналды. Жеңіл асқа жерік көп. «Бұл тағам түрі - ағзаға аса қауіпті», дейді елдегі гастроэнтерологтар. Асығыс жүріп, талғамай ас ішу қазір қоғамдық сипатқа айналды. Ал, фаст-фудтан асқазанда жара пайда болады. Елде ішек дертіне шалдыққандар да көбейген.
Фастфудтың құрбаны болған Айнагүл есімді қызға құлақ түріп, ойын білген едік. Ол былай деді: «Көбіне асығып жүріп, фастфуд, қуырылған пирожки т.б. жеп жүре бердім. Енді ауырып жүрмін. Мән бермедік. Қазір асты талғап жеуге мәжбүрмін».
Еліміздегі адамдардың 80 пайызы дұрыс тамақтанбайтын болып шықты. Соның салдарынан ел арасында ас қорыту жүйесінің бұзылуы, яғни ішек қабаттарының қабынуы, асқазан ісігі сынды дертке шалдығушылар саны көбейген. Өкініштісі сол, соңғы кезде асқазаны ауыратындардың дені жастар. Асқазан ісігіне жетпесе де, ішек қабаттарының қабынуы, ойық жараның асқынуы секілді дерттер.
Ермек Рысқұлбеков, гастроэнтеролог-дәрігер: "Асқазан жарасы дұрыс тамақтанбағаннан пайда болады. Мезгілімен тамақ ішпеу, тез дайындалатын тағамдар: фастфуд, газдалған сусындар ішу асқазан ауруына алып келеді".
Бұл мәселенің алдын алу үшін фастфудтың түрлі ақпарат құралдарынан берілетін жарнамасын азайтуымыз керек. Ал, біздің елімізде ше? Фастфуд желілері көбейген сайын, олардың жарнамасы да көбейері анық. Көбейіп те келеді. Теледидардан көрсететін, көшелерде ілінетін жарнамалардың саны артуда. Қазір АҚШ-тың кейбір телеарналарында дәрігерлер ұйымының сұранысымен антимакдональдік жарнамалық роликтер көрсетіліп жүр. Себебі ел тұрғындарының 61 пайызы артық салмақтан емес, семіздіктен жапа шегеді. Канадалық ғалымдар фаст фудтың адам психикасына да үлкен әсері бар екенін анықтаған. Psychological Science журналының мәліметіне қарағанда тез әзірленетін тағамдармен тамақтанатын адамдар уақыт өте шыдамсыз болып келеді. Себебі, олардың психикасында тез тамақтану – басты мақсат. Осындай шыдамсыз әрекеттер адам өмірінің барлық тұсынан көрініс табады. Тұрып жүріп, тез жүріп тамақ жеу бір жағынан әдепсіз әрекеттердің бірі.
Фастфуд (ағылш. fast «тез» және food «тағам») – тез дайындалатын тағам. Жұрттар бір жағынан тез дайындалатындықтан да қызығып барады. Бірақ та, балбырап пісіп, бойына қуат алмаған тағам сіздің де бойыңызға қуат бермейді. Онысын қойыңызшы, зияны қандай зияны? Сонысы маңызды.
Не жеп жүрміз немесе фастфуд несімен асқазанға қауіпті?
Фаст немесе фуд? Мәселе осында. Қазіргі адамдарға тағамның тез дайындалатындығы маңызды, сапасы емес. Осыдан 20 жыл бұрын америкалық фастфудтарға кешенді түскі асы бар асханалар төтеп беретін. Фастфудтың зияны оның еті мен ұнында емес. Қалай қуыратынына байланысты. Оны трансгенді майларда қуырады. Яғни, молекулалары өзгеріске ұшыраған майларда. Өзгеріске ұшыраған майлар біздің ағзамызда кәдімгі органикалық майлар секілді орын алғанымен, соңы иммунитеттің нашарлауына алып келеді. Майсыз денсаулық жоқ. Май жинау да аурудың бір түрі. Бұған заманауи адамның құлақ аса қоюы екіталай. Себебі, оларға тағамның ыңғайлы әрі қолжетімділігі маңызды.
Фастфуд – үлкен табыс көзі. Көп ақша жүретін жерде адамдардың денсаулығына кім алаңдайды?
Фастфудқа бір жақындаған адам құмар болып алады. «Мен оған кез келген уақытта жоқ дей аламын» деу бекершілік. Себебін айтайық. Фастфуд физиологиялық әрі психологиялық тәуелділікті қамтамасыз етеді. Фастфудта болатын ащы әрі қышқыл дәм тілге тигенде бірнеше рецепторды қозғайды. Адам тағамның негізгі дәмін сезбейді де. Қант тек қант рецепторына барып орналасады. Тұзды жерін ол қабылдамайды. Ал фастфуд болса, тілге барлық дәмді сездіреді. Бұл оның құрамындағы кетчуптың арқасында. Американдықтар кетчупты «tastekiller» - дәмді өлтіруші» деп атауы да бекер емес. Себебі, бір мезгілде ащы әрі қышқыл бола алады. Бұндай соус қосылған тағамдар, мейлі ол тұзсыз, дәмсіз тағам болсын, сүйіп жейтін тағамыңызға айналып шыға келеді. Баланың бәрін қабылдағыш келетін ағзасы соус пен дәмдеуіштерге тез үйренеді. Жай тұздалған әрі ащы емес тағамдарға олардың тәбеті болмайды. Фастфудтың әсерін наркотикалық заттардың әсерімен салыстыруға келеді. Бала кезде әуес болғандардың одан арылуы қиынға соғады.
Кез келген фастфудқа қосымша дәмдеуіштер қосылады. Соның бірі - натрий глутанаты. Ол аллергиялық әсерлер береді. Жүйке жүйесінің жұмысына кедергі келтіріп, тыныс алуды қиындатады. Ал, сонда дәмдеуіш қоспай-ақ фастфуд жеуге бола ма? деген сұрақ туындайды. Соус қосылғаны да, қосылмағаны да зиян. Мысалға, бір пиццаның бір бөлігі мен гамбургерді алатын болсақ, олардың калориялығы бір қуатты тамақтың калориясымен тең. Гамбургер немесе хотдогта 400 ден 600-ге дейін ккал, құрамына қосылатын дәмдеуіштердің көлеміне байланысты 19-дан 30 г-ға дейін май болады. Сонда 3 гамбургерде 1800 ккал, 80-90 г май болады. Сонда ккал бойынша адамға қажетті күндік норма орындалса, майдың мөлшері үш есеге көбейіп кетеді.
Республикалық диагностикалық орталықтың бөлім меңгерушісі Жетен Дүйсенбековтың айтуынша, күніне қаралуға 60-70 адам келеді екен. Жас мөлшерлері 5 жастан жоғары қарай. Барлығы да жоғарыда айтылған асқазан дертінің себебінен бас сұғады. Оның себебі: дұрыс тамақтанбау, фастфуд тектес тағамдар. Оған көшедегі саңырауқұлақтай қаптаған бургер, сендвич, донер, кәуәп сынды жылдам асты әзірлейтін дүнгіршіктегі ұзын кезектің өзі дәлел. Сондықтан Тамақтану акедемиясы бастаған отандық гастроэнтерологтар шала піскен тамақпен күресті күшейтуге мәжбүр. Тіпті дұрыс тамақтанудың пирамидасын да ұсынып отыр.
Пайдасы сол, қарныңызға ел қондырып, көңіліңізді тойдырады демесеңіз, фастфуд тағамдарының зияны көбірек. Ол көптеген аурулардың бастауы. Антисанитарлы жағдайда дайындалған, оған қосылатын заттардың қайда және қанша уақыт тұрғаны белгісіз фастфуд тағамдары холестерин деңгейін арттырып, ас-ішек пен жүрек-қантамырларында түрлі аурулар туғызады.
Фастфудты сүйіп жейтіндер үшін жазғы маусым өте қауіпті болып келеді. Неге десеңіз, тағамдар ыстықта тез бұзылады. Әрі қауіпті бактериялардың көбеюіне жол ашады. Жазда көп адам осы фастфудтан уланып жатады. Көп жағдайда фастфудтар санитарлық талапқа сай дайындала бермейді. Қолдану мерзімі өтіп кеткен тағамдардың бетін майонез, дәмдеуіш-тұздықтармен сәндеп, өткізуге тырысады. Фастфудты дайындайтындардың да санитарлық кітапшалары да болмайды.
Сонымен, фастфудтың мынадай 7 түрлі зиянын бөліп қарастыруға болады:
1. Фастфудта трансмайлар қолданылады
Фастфудты дайындау кезінде трансмайларды қолданады. Ол майдың құрамында транс-изомерлі қышқыл болады. Олардың табиғи түрлері де бар. Бірақ, жасанды транс-изомер қышқылдарды сұйық майларды гидрогенизациялау әдісі арқылы алады. Олардың зияны сол жүрек-қантамырлары ауруларын асқындырады. Сондай-ақ, жүрек ауруы, миокард инфаркты, қатерлі ісік, диабет, Альцгеймер, бүйрек циррозы т.б. аурулар тудырады. Бұндай қоспалардың мөлшері 1 пайыздан аспау керек. Ал, бір ғана фри картопта 30-дан 40 пайызға дейін транс-майлар болады.
2. Фастфудқа зиянды қоспалар қосылады
Кез келген фаст фуд тағамы құрамында ондаған ароматизатор, бояғыштар, дәмін күшейткіштер болады. Тез тамақтану ресторандарында дайындалатын тағамның барлық компоненттері қоймаға құрғақ күйінде келеді. Еті де, көкөнісі де өзінің сулы күйін жоғалтады. Осылайша олар айлап сақталады. Кәдімгі қияр 90 пайыз судан тұрады. Енді оның құрғақ күйін елестетіп көріңіз. Мұндай күйінде оны аш адамның өзі жей алмайды. Сондықтан, тағам дайындаудан алдын оны арнайы сұйықтыққа батырады. Ол оған қалпына келуге, дәмінің, иісінің орнына келуіне көмектеседі. Сондай-ақ, бояғыштар мен ароматизаторлар қосады. Яғни, гамбургердің арасындағы қиярды қияр деп айтудың өзі қиын.
Натрий глутаматы немесе басқа да қоспаларсыз бірде-бір фастфуд тағамы дайындалмайды. Бұл қоспалар адамның фастфудқа деген құмарлығын арттырады. Осы натрий глутаматының арқасында чипсы, сухариктер, дәмдеуіштер, жартылайфабрикаттар, майонез және кетчуп және т.б. заттар үлкен сұранысқа ие болып тұр.
3. Тез тамақтанатын ресторандарда супер-ет қолданады
Супер-ет дегеніміз не? Мысалға, ойдағыдай ет алу үшін бұзауларды шөппен қоректендірмейді. Анаболикалық қоспалары бар дәнді-дақылдар береді. Сонда сиырлар тез өсіп, тез салмақ жинайды. Сойылуына бірнеше ай қалғанда, өсуі жолдарын жасанды түрде тежейтін арнайы қораларға қамайды. Аз уақыттың ішінде осылай алынатын етті супер демегенде не дейміз? Зиянын ескеріңіз!
4. Фастфуд желілері картопты қалай дайындайды?
Майды көп жұмсамас үшін фри картоптарын мақта, күнбағыс майларында емес, пальма майларында қуырады. Кокос, пальма майларында ірі көлемде транс-майлар, эруко қышқылы болады. Кәдімгі майдың дәмін келтіру үшін оған табиғи ароматизатор қосады. Фри картоптары құрамындағы үлкен көлемді тұздың болуы адамға кері әсерін тигізеді. Негізінде, 100 г тағамға 1-1,5 г натрий хлоридін қосу керек. Тұз адам ағзасынан бөлінетін сұйықты тежейді, бүйректің жұмысын бұзады, гипертония мен жүрек жұмысының бұзылуын қамтамасыз етуі мүмкін.
5. Фастфудтың калориялығы жоғары
Фастфудты жиі тұтыну семіздікке душар қылады. Себебі, тез тамақтану ресторанында жай ғана тамақтану – 1000 ккалды құрайды. Ал, толық түскі ас ішетін болсаңыз, онда ккал мөлшері 2500-ден 3500-ге дейін жетеді. Негізінде адамға тәулігіне 2000-2500 ккал жеткілікті. Сонда қарап тұрсаңыз, бір ғана түскі астың өзінде адамға қажетті килокалорияның тәуліктік мөлшерін орындап тастайды екенсіз. Осыдан кейін артық салмақ, зәр шығару жүйесі, гипертония және т.б. қиындықтар туындайды.
6. Газдалған тәтті сусындар қауіпті
Барлық тез тамақтану ресторандарында жейтін бір нәрсе алғанда тәтті газдалған сусын да алынады. Тамақпен бірге ондай сусын ішпеу керектігін кез келген диэтолог айтады. Газдалған сусындарда өте көп мөлшерде қант болады. Жарты литр колада 40-50 г қант бар. Мұндай мөлшердегі қантты біз ішетін шайымызға да салмаймыз. Тәтті тағамдарда да ондай мөлшерде болмайды. Газдалған сусындар тістің эмалын кетіреді, асқазанға зиянды, гастриттің пайда болуына әкеліп соқтыруы мүмкін.
7. Фастфуд қауіпті
Фастфуд мынадай ауруларды тудырады: семіздік, гипертония, жүрек ауруы, инсульт, инфаркт, тіс жиегі, гастрит, асқазан жарасы, қант диабеті т.б. Сондықтан ойланыңыз, сізге денсаулық маңызды ма, әлде бірнеше минуттық тамақтан алатын ләззат па?
Фастфуд – расында да қымбат емес, тез, дәмді, тойымды. Тез болатын себебі, тамақты бір ай бұрын дайындап қойған. Тек қуырып, ұсынса болды. Тойымды болу себебі де, әлгінде айтқан көпкалориялығынан. Тәбетіңді ашып, тіл үйіретін дәмінің болуы дәмдеуіштердің арқасында жүзеге асуда. Бірақ, айналып келгенде бәрі зиян.
Фастфудтан бас тартудың тағы бір дәлелі
Енді мынаған назар аударыңыз. Кез келген табиғи тағам өзінің табиғи күйін өзгерткен кезде бірнеше күннен кейін бүліне бастайды. Ашиды, көгереді, иістеніп қалады т.б. Ал, фастфуд тағамдарын қанша уақыт сақтасаңыз да, еш бүлінбейді. Оған осы уақытқа дейін жасалған көптеген тәжірибелер дәлел бола алады.
Соның бірі, Исландия тұрғыны Хертур Смарасон McDonald’s желісінен 2009 жылы сатып алған бургерін сақтап келген. Бастапқы күйінен 6 жыл бойы ауытқымаған бургерді Хертур мұражайға тапсырған (wellnews.ru).
АҚШ-тың Юта штатының тұрғыны Дэвид Уиппл 1999 жылы Макдональдстан гамбургер сатып алады. Ол оны жемей сақтап, бір айдан кейін достарына көрсетуді ұйғарады. Бірақ, уақыт өте келе ол оны ұмытып та кетеді. Екі жылдан кейін сол күйінде сырт киімнің қалтасынан табылады. Қараса өңін бермеген. Сатып алынған күйінде тұр. Дэвид оны алмай, тәжірибені ары қарай жалғастыра береді. Дэвидтің өзі айтады: «Бұл кездейсоқ болды. Мен жай ғана ферменттердің қалай жұмыс жасайтынын достарыма көрсеткім келді. Сол үшін гамбургерді таңдадым. Оны бір айдан кейін алам деп бір жерге қойғам. Яғни, сыртқы киімімнің қалтасына салып қойғам. Ол жүк көлігімнің ішінде болатын».
Уақыт өте келе Дэвидтің сыртқы киімін әйелі тауып алып, жууға апарады. Жумастан бұрын қалтасын тексеріп қараса, өңін бермеген гамбургер бар екен. «Оның тұрғанына екі жыл болғанын білген әйелімнің таңданысын көрсеңіздер ғой», - деп еске алады Дэвид.
Бір қызығы, гамбургер көгермеген, иістенбеген. Міне, содан бері 14 жыл өтті. Әлі де сол күйінде. Гамбургерді сатып алған түбіртек те сақталыпты. Енді Уиппл бұл нәрсені немерелеріме көрсетіп, тез дайындалатын тағамның зиянын екендігін айтатын боламын дейді (The New York Daily News, Daily Mail, hi-news.ru). Бұл 2013 жылы гамбургерге 14 жыл толғанда ақпарат көздерінің жарыса жазған жаңалығы болатын. Егер әлі де сақтаулы тұрса, гамбургер биыл 17 жасқа толмақ.
Австралиялық Кейси Дин мен Эдвард Ниц 1995 жылы Макдональдстан сатып алған гамбургерлерін 20 жыл бойы сақтап келген. Сатып алған кездегі күйін еш өзгертпеген гамбургер көп жасаған гамбургерлердің қатарынан ойып тұрып орын алады. Бұл жайында Mirror хабарлайды (The Daily Mail).
Тауық сойса да қасапшы сойсын...
Әрнәрсені өз маманынан сұраған дұрыс. Тауықтың өзін қасапшы сойсын дейді қазақ. Сондықтан фастфуд туралы диэтолог, гастроэнторолог мамандар не дейді? Соған құлақ түрелік.
Мынадай бір тәжірибе жүргізілген. Жүз диэтолог маманға қоңырау шалынды. Оларға: Фастфуд жеуге бола ма? деген сауал қойылды. Солардың екеуі аптасына екі рет жеуге болады деді. 28-і аптасына немесе айына, тіпті екі айда бір рет жеуге болады десе, 45-і мүлдем жеуге болмайды деп жауап берді. Олардың 98 пайызы семіздіктің негізі осы фастфудтан болатынын айтты.
Кез келген фастфуд ресторанының мәзірінде қосымша компоненттер болады. Онда ет, еттің үстіне құрамында казомарфині бар сыр қойылады. Оны құрамында қанты көп газдалған сусынмен ішкенде 12 жастағы бала мұны көтере алмайды. Оның ағзасы бұған әлі дайын емес, дейді америкалық дәрігерлер.
Диэтолог, гастроэнтерологтардың, яғни осы саланың мамандарының айтуы бойынша фастфудты өте сирек немесе мүлдем жемеу керек екенбіз. Тіпті, кейбіреуі фастфудты тек елсіз, жерсіз жерге тап болғанда, жейтін ештеңе табылмағанда (бірдеме жемесеңіз өлетіндей жағдай болса) ғана жеуге болады дегендері де болды. Бұл дегеніміз, фастфудтың айтарлықтай зиян екендігін білдіреді. Бұған құлақ асар жан бар ма? Құлақ асар ау, тек болары болып, бояуы сіңгенде. Әсіресе, жастарға бір нәрсенің зиян жағын түсіндіріп айтып тұрғанның өзінде, өзінің көңілі қалағанын жасайды. Жастық – есуастықтың бір белгісі деген осы шығар.
Фастфуд желілері
KFC. Тауық қанаттарын сатумен аты әлемге әйгілі KFC сауда белгісіне Қазақстанда халал стандарты берілді. Тағамдарына жасалған сараптама нәтижесінде Діни басқарманың халал сертификатын алды. Тыңғылықты зерттеулер нәтижесінде лаборатория қорытындысына сүйене отырып, оң баға берілді. Фастфудты жақсы көретін халыққа бұл да жақсы болды. Дегенмен әуес болмаған жөн. Тауық еті табиғилығы жағынан басқа қарағанда зиянсыз деп айтуға болады.
Макдональдс. Бұның тарихын айтып жатудың өзі артық. Барлық жұрт біледі. Әйтпегенде еліміздегі алғашқы ашылуына соншама адам кезекке тұрмас еді. Қазақстанда енді ашылып жатқан Макдональдс, европада қайта жабылып жатыр. Швейцария 2012 жылдан бастап барлық филиалын жаптырып тастады. Көпжылдық тарихы бар, әлемге аты әйгілі болғанымен, даулы мәселелер жағынан да жұртқа жақсы таныс. Мысалға айтар болсақ, тағамдарының ішінен адамның тісінің, пластмасса, кофе шынысының ішінен өлі тышқанның табылуы (Associated Press, ТАСС) т.б. Тіпті, 2014 жылы тағамдарының құрамында адамның еті бар деген сыбыс тарап, Макдональдстың басы тағы да дау ортасында қалған болатын. Кейіннен тағамдарға қосылатын еттердің қалай дайындалатыны жайында роликтер әзірлеп, шуды басқан еді. Анау-мынау даулы мәселелерін айтпағанда, фастфуд сатып келтірер зиянының өзі бір төбе.
Еліміздің бас қаласында 2016 жылы Макдональдс фастфуд желісі ашылды. Алғаш ашылуына келген жұртта есеп болмады. Ұзыннан кезекке тұрды. Сонымен, қазақстандықтар неге макдональдсты асыға күтті?
Біріншіден, ол әлемдік бренд. Ең көп таралған фастфуд желісі. Көрген жұрттар анау айтқан ерекше дәмі жоқ дейді тағамдарының. Бірақ тағамдарының дәмін көрмегендер бір рет дәмін татып көруге асық.
Екіншіден, Елбасының ашылардан бұрын ат басын бұра кеткені де себеп болған сияқты.
Үшіншіден, көзсіз еліктеу. Жұрттың бәрі барып жатыр ғой, біз де барайық деген түсінік. Мысалға, әлемге танымал әртіс келе қалса, тек атын ғана естіген, әлемге танымал екендігін білген, бірақ өнерін бұрын тамашалап көрмегендер де бара береді. Неге? Себебі, бәрі айтып жатыр, бәрі барып жатыр.
Макдональдс келді дегенше, семіздік дерті келді десейші. Елімізде артық салмақ жинағандар бар. Бірақ семіздікпен ауыратындарды өте өте сирек кездестіреміз. Енді семіз адамдарды үштің біреуінен кездестіретін күн де алыс емес. Неге? Себебі, елімізде фастфуд желілері қаптап келеді.