"Аллаға құл емес, құлшылық иесі керек": Имам Шағрауи (рахимаһуллаһ)
"Аллаға құл емес, құлшылық иесі керек": Имам Шағрауи (рахимаһуллаһ)
1 жыл бұрын 4876
Имам Шағрауи (1911-1998 ж.)

*Құл - таңдау еркіндігі жоқ, құлдыққа мәжбүр етілген жарлы адам.
*Құлшылық иесі - таңдау еркіндігі бар, өз еркімен құдайға бет бұрып, мінәжат ететін пенде.


Имам Шағрауидің шығармашылық жинағында, ғалымға бір кісі былай деп сұрақ қояды:

- «Бір адам намазға мәжбүрлі түрде жығылса, ол үшін сауап ала ма? Және де біреу әлдебір күнә істі оған мәжбүрлі түрде істетсе, соған ол жауап бере ме?»

Имам Шағрауи (рахимаһуллаһ):

- «Қолыңызға қалын таяқ алып, жүрегі намаз оқуды қаламайтын әлдебіреуді мәжбүрлі түрде намазға жықсаңыз, оның оқыған намазы жоққа есеп. Тура сол секілді, әлдебіреуді бір күнә іс істеуге еркінен тыс мәжбүрлесеңіз, бірақ, оның жүрегі ол күнәні қабылдамай тұрса, ол үшін оған күнә жазылмайды, күнә - мәжбүрлеген адамға болады. Алла Тағала оны еркінен тыс жасағандықтан, жауапкершіліктен босатады. Сондықтан да, Алла Тағала Құран Кәрімде былай деген:

«(Уа, Мұхаммед) Олар иманға келмеді деп, өзіңді ойрандай жаздайсың. Егер біз қаласақ, оларға көктен бір керемет (белгі) түсірер едік те, олар оған бас иер еді». («Шұғара» сүресі, 3,4). 

Яғни, Алла Тағала өзінің сүйікті пайғамбарына: «Мен мойындардың маған мәжбүрлі түрде иілгенін қаламаймын. Олай ету маған қиын емес. Алайда мен, мәжбүрлегім келмейді. Мен адамдардың менің бұйрықтарымды мәжбүрлі түрде істейтін құл емес, бұйрықты өз еріктерімен және махаббатпен орындайтын пенде болғандарын қалаймын» - деп тұр.

Және де басқа бір аятта:

«Мен жын мен адамды тек өзіме құлшылық қылсын деп жараттым» - деп еске салады. («Зәрият» сүресі, 56 аят).

Ендеше, Алла Тағалаға маңыздысы, пенденің - еріксіз құл болуы емес. Ол үшін маңыздысы, пенденің - Құдайға өз ықтиярымен бас иіп, оған өз еркімен мінәжат қылатын құлшылық иесі пенде болуы екен. Өйткені, ерікті адам құлшылық жасағанда сүйіспеншілікпен, ықыласпен жасайды. Ерікті түрде Құдайды таныған пенде әлдебір іске төрелік жасағанда, Алланың ризалығын көздеп, махаббатпен төрелік жасайды. Бір нәрсені сатып алғанда болсын, немесе бір нәрсені сатқанда болсын, бәрін - Алланы разы ету түсінігінің шеңберінде атқарады. Ондай пенденің күнделікті тіршілігінің бәрінде Құдай ризалығы мен Аллаға деген сүйіспеншілік сезімі жатады1. Ал, барлық ісінде Құдай ризалығы мен Аллаға деген сүйіспеншілік сезімі жатқан пенде - кемел адам деңгейіне жетеді. Нағыз әулие сол.

Қазақшалаған А. Қасым


1Мұхаммед Мүтәуәлли әш-Шағрауи, «Қозояль Ъаср»., 1/63 бет.  Араб тілінде.

 

0 пікір