Әліппемізде "Аллаһ" сөзі неге жоқ?
Әліппемізде "Аллаһ" сөзі неге жоқ?
8 жыл бұрын 4684 www.Ihsan.kz
Салтан САЙРАНҰЛЫ

Қазақ тілінде «Һ» деген әріп бар. Әліппеден «АЙДАҺАР», «ҚАҺАРМАН», «ЖИҺАЗ» сөздерінен оқып танысқан едік. Бірақ, көбіміз бұл әріпті «х» деп оқып жүрміз. Негізі екеуінің арасында көк пен жердей айырмашылық бар. Бұл екеуінің арасындағы айырмашылықты тәжуид, яғни арабша Құран оқып үйреніп жүргендер жақсы біледі. Бұл «һ» әрпі кеңірдектің, тамақтың ешқандай кедергісіне ұшырамай, тура іштен деммен шығатын әріп. Біз бұл әріпті «ҮҺ» деп күрсінгенде, «ТҮҺ» деп кейігенде, не болмаса «ТҮҺ, ШІРКІН!» деп таңырқағанда дұрыс шығарамыз. Бұл дыбысты дұрыс шығаруды енді осы сөздер арқылы жаттығып көріңіздер. 
Енді «БҰЛ ӘРІП БІЗДІҢ ӘЛІППЕДЕ НЕ ІСТЕП ЖҮР?» деген сұраққа келсек. Бұл әріп бізге «АЛЛАҺ» сөзін дұрыс айту үшін қажет. «Алла» сөзін «һ» әрпімен жазсақ, бірінші сыныпта әліппені дұрыс оқытпағандардың оқушылары, өкінішке қарай, бұл сөзді «АЛЛАХ» деп тамағын қысып, не қырнап шығарады. Ал бұл араб тілінде өрескел қателік. Сол себепті, біздің ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫ халықты ӨРЕСКЕЛ ҚАТЕЛІКТЕН САҚТАУ ҮШІН «Алла» деп жазайық деген шешімге келді. Мәжбүр болды десек те болады. Себебі, «Аллаһ» сөзін «х» әрпімен қате оқығаннан гөрі, «Алла» деп оқығаны дұрысқа жақын болады деп, «Алла» деп жазуды бұйырды. 

Жалпы, араб тілінде біз «х» деп білетін әріптің өзі үш түрлі. БІРІНШІСІ жоғарыда түсіндіріп келген «һ» (ه) әрпі. Бұл әріп тамақтың кедергісіне ұшырамай, деммен шығады. ЕКІНШІСІ «х» (خ) әрпі. Бұл әріп тамақ пен таңдайдың ортасынан, тамақты қырнап шығады. Бұл дыбысты көбіне ҚАҚЫРҒАНДА жақсы шығарамыз немесе «хабар» сөзін айтқанда. ҮШІНШІСІ «ҳ» (ح) әрпі. Бұл тамақтың түбінен қысылып шығатын дыбыс. Бұл әріп дауысты қырнап та шықпайды, деммен де шықпайды. Екеуінің ортасынан, тамақ түбінің қысылуы нәтижесінде шығады. Араб тілінде бұл үш әріпті дұрыс шығармасаңыз, сөздің мағыналары өзгеріп кетеді. Мәселен, «халақа» (خلق) сөзі «жаратты» деген мағынаға келсе, «ҳалақа» сөзі (حلق) «шаш, сақал алды» деген мағынаға саяды. Енді ойлай беріңіз, «Алла жаратты» деген сөздің «х» әрпін дұрыс шығармасаңыз, қандай өрескел қателік жібергеніңізді. 
Сондықтан да, «Аллаһ» сөзіндегі «һ» әрпін дұрыс шығарып үйрену аса маңызды дүние. Біз халықтың басым көпшілігі «Аллах» деп оқып қоя ма деп, «Аллаһ» деп жазуға тартынып отырамыз. Ал соңғы «һ» әрпін жазбағанда «Алла» сөзінің соңында деммен шыққан әріп болмаса, «Алла» деп жазуымыз да дұрыс емес. Демек, Ахмет Байтұрсынұлының бұл әріпті әліппемізде қалдыруының себебі «Аллаһ» сөзінің және араб-парсы тілдерінен енген кейбір сөздердің дұрыс айтылуын мақсат етсе керек. 1913-18 жылдары жарық көрген «Қазақ» газетінде де «Аллаһ» сөзі арабшадағыдай «الله» болып жазылған. 

Суретте 1913-1918 жылдары жарық көрген "Қазақ" газеті. Мақалалардағы "Аллаһ" сөзін көрсету үшін қойып отырмын.


Сосын әліппемізге «һ» әрпін танытқанда мысалдардың арасына «АЛЛАҺ» сөзін де ЕНГІЗСЕК ДЕГЕН ҰСЫНЫСЫМ БАР. Сол кезде бала «АЛЛАҺ» сөзін ДҰРЫС АЙТЫП ҮЙРЕНЕДІ. Әрі БАЛАЛАРЫМЫЗДЫ күллі ғаламның жаратушысы АЛЛАҺ ТАҒАЛАМЕН ТАНЫСТЫРА БАСТАЙМЫЗ. 
Тағы бір айтар дүние, әсіресе, діни еңбектер жазып жүрген ағаларымызға! Тілімізде «һ» әрпі қолданылатын араб тілінен енген діни сөздер мен есімдер бар. Соларды да «х» мен емес «һ» әрпімен жазғанымыз жөн шығар. Мәселен, «һижрет», «һижри күнтізбесі», «жиһад», «ижтиһад», «муһажир», «Әбу Һурайра» т.б. Қалай ойлайсыздар?

1 пікір
  • Бұл мәселеге қатысты мүфтияттың пәтуасы шыққалы біраз жыл болды. Мақала авторы соны еске салып отыр. Дей тұрғанмен жазу мәдениетімізде әлі күнге бірізділік болмай тұр. Өз басым мүфтият нұсқағандай "Алла" деп жазуды жөн деп санаймын. "Алланың өзі де рас, Сөзі де рас" деп жүрміз (Абай Құнанбайұлы). Ғасырлар бойы қалыптасқан түркі тілдерінің ішінде қазақ тілінің фонетикалық-грамматикалық заңына сәйкес "Алла" сөзіне тіліміздегі қосымшалардың дауысты дыбыстан кейін келетін варианттары жалғанады. Мәселен, Алла+ның, Алла+ға, Алла+дан, т.с.с. Егер "Алла" сөзіне "Һ" немесе "х" дыбыстарын өте ұқсас етіп қосып айтсақ, тіліміздің морфологиялық (грамматикалық) заңына қайшы болады.

    Пы-сы.
    Бүгінде көбіне "Аллах" деп айтатын жастардың сөздері құлаққа тосын естіледі. Үлкендеріміздің "Алла қаласа", "Алла нәсіп етсе", "Алла біледі", "Алланың жазғаны", "Алла сақтады" деген сөздері үйреншікті, құлаққа жағымды, жайлы естіледі.
    8 жыл бұрын