"Түсімде көрген жеті қозысын ерткен ананы тауып беріңіз". Алматылық азамат өз үйін көпбалалы анаға берген
"Түсімде көрген жеті қозысын ерткен ананы тауып беріңіз". Алматылық азамат өз үйін көпбалалы анаға берген
5 жыл бұрын 4202

Алматы облысы Нарынқол ауданының тумасы өзінің үйін көпбалалы отбасына сыйлап кеткен. Азамат Гүлжахан есімді жесір қалған әйелге екі бөлмелі пәтерін сыйлаған. Қазір 33 жастағы жігіт Алматыда өзі пәтер жалдап тұрып жатыр екен. Бұл туралы "Евразия Бірінші арнасындағы" күнделікті "Бір сұрақ" ток-шоуының барысында белгілі болды. Бағдарламаның кезекті шығарылымы құрылысшы, қайырымдылық жұмыстарымен танымал Эльмира Ешниязоваға арналған еді. 

17 жасында тұрмысқа шыққан шымкенттік аруға жұбайымен бір жастықта қартаюды жараатқан бұйыртпапты. Күйеуі жол апатынан көз жұмғанда Гүлжахан аяғы ауыр болып қалған. Қиналған әйел баланы алдырып тастауға шешім қабылдағанымен, жеме-жемге келгенде баласын өмірден айыруға қолы бармапты. "Бір қозы туса, бір түп жусан артық" шығады демекші, нәресте дүниеге келгеніне 4 күн болғанда баспаналы болады. 

"Көрер жарығы бар екен, өмірге олжасымен келді" деп көзіне жас алады келіншек.

31 жасында жесір қалған әйел Эльмира Ешниязованы қайтіп кездестірдіңіз деген сауалға: 

"Рамазан айында Шымкентте босандым. Рамазан айы, 18 мамырда, енді перзентханадан шығуға не жөргек жоқ, не киім жоқ, 20-сы күні бір студент хабарласады, Арайлым деген, жеті баласы бар әйелді іздеп жатыр, баспана беруге деп. Арайлым, менен басқа ойнайтын адамың қалмады ма деп сенбедім. Сол берген номер бойынша звандасам өшірулі тұр. Сөйтіп көп ұзамастан маған әлгі номерден қайта хабарласып, кешке барамын деді. Бір үміт, бір қуаныш",

- деп жауап берді.

Гүлжахан жалғыз өзі алты баласын қайтып асыраймын деп жүріп, талай мәрте өмірімен қош айтысуға да бел буғанын жасырмайды. 

"Басқа жаққа жұмысқа бара жатырмын, Бағдәулет, сен бас-көз бол бауырларыңа деп хат та жазып кететінмін. Бірақ тастай алмайды екенсің. Кейін есімді жидым, неге тастауым керек бұларды. Ішпесем де, жемесем де осыларды жеткізем деген ой болды",

- деп бөліседі әйел күйеуі өмірден озғаннан кейінгі мезеттерімен. 

Гүлжахан үйдің үлкені Бағдәулет жасына қарамастан төрт жыл бойы ораза ұстап, Алладан көмек тілегенін айтады. Қайырымды жандардың арқасында қолы жеткен баспананы да Алланың несібесі деп біледі. 

Бағдәулет: "Мен сәресінде тіпті жеуге тамақ таппағаннан кейін, көзіме жас алып Алладан бізге қайырымды жанды жолықтыруын жалбарынып сұрайтынмын", - дейді. 

Мен түсімде көрген жеті қозысын ерткен ананы тауып беріңізші

Бағдарлама кейіпкері Эльмира Ешниязова бұл оқиға туралы: "Еркебұлан деген Нарынқолдың нарқасқа жігіті менің Инстаграм парақшама хабарласып, менің Бәйтерек ауылында екібөлмелі временякам бар еді. Мен оны жыл әйеліммен тұрдым, балалы бола алмадым. Әйелім кетіп қалды балалы бола алмағаннан кейін, енді мен осы екібөлмелі үйімді осы ораза айында бір мұқтаж отбасына берейін. Бірақ бір талабым бар деді. Жеті баласы бар келіншек болса деді. Мен түсімде көрген жеті қозысын ерткен ананы деді. Тауып беріңізші сондай отбасыны деп бұйымтайын айтты. Сөйтіп Гүлжахан хабарласа қойды, кешке Шымкентте кездестік. Келесі күні билет алып, жолға шықтық бәріміз", - дейді бағдарламаның бас кейіпкері Эльмира Ешниязова. 

Аяқ астынан қайырымды жандарға кезігіп, баспаналы болған әйел әлгі азаматтың әлі де қарайласып тұратынын тілге тиек етті. Ай сайын жалақысының жартысын осы отбасының қажеттіліктеріне жұмсайтын азамат балаларды ер жеткенше жетілдіруге серт беріпті. 

 stan.kz

0 пікір