Бала-шағаның ішіп-жеуі мен киім-кешегіне, оқуы мен тәрбиесіне қаражат жұмсау ата-ананың міндеті ғана емес, Алланың құзырында мол сауапқа кенелудің бір себебі. Сондай-ақ бала үшін жұмсалған мал-мүліктің тәрбиежөнінен де маңызы зор. Әсіресе, перзенттеріміздің қамы үшін мал-мүлік шариғат шеңберінен шықпаса, шектен тыс ысырапшылдыққа жол берілмесе, сараңдық танытылып балалардың қажеттілігін өтей алмайтындай тым аз да жұмсалмаса, мұның өзі өсіп келе жатқан баланың тәрбиесіне мол әсер етеді. Құран кәрімде Алла тағала былай деп бұйырған:
«Мүмкіндігі барлар соған қарай көбірек берсін, ал жағдайы жоқтар шамалары келгенше жұмсасын» («Талақ» сүресі, 7-аят).
Бұл аятқа қарасақ, отбасына қаражат жұмсаудың өзі кісінің материалдық жағдайына қарай өзгеріп отырады. Алайда бұдан еркектер әйелдері мен ұл-қыздарын шектен тыс еркелетіп, шолжаңдатып жіберсін деген қорытынды шықпайды.
Ата-ана перзентіне не берсе, соның сұрауын да алып отыруы керек. Мысалы, ұлыңызға немесе қызыңызға көлік сатып әперсеңіз, ол көлікпен қайда барып жүргенінен де хабардар болуымыз керек. Күнделікті қаражат беретін болсақ, оның қайда жұмсалып жатқанын
байқауға міндеттіміз. Өйткені кейде өз баламызды өзіміз құрдымға батырып жүрген болуымыз да ықтимал. Күн демей, түн демей еңбек етіп, аузымыздан жырып берген ақшаға балалар темекі тартып, сыра ішіп, құмар ойнап, білгенін істеп жүрсе қандай өкінішті.
Осылай қараусыз өскен бала күні ертең жөні түзу отбасын құра ала ма? Ондай бала дұрыс әке бола ала ма? Жақсы мен жаманның, адал мен арамның парқына өзі жете алмай жүрген бала артына ізгі ұрпақ қалдыра ала ма? Әрине, жоқ. «Судың да сұрауы бар» деген сол.
Ендеше, мал-дүниені де қайдан тауып, қайда жұмсағанымыз туралы да есеп бермейміз деп ойламаңыз. «Атаның жүгі атанның жүгі» дегенді де дана қазақ бұл дүниеге ғана емес, арғы есеп әлеміне де қатыстырып айтса керек. Бұл айтылғандардан шығатын тұжырым – перзенттер үшін мал жұмсау керек. Бірақ шектен тыс ысырапшылдыққа жол беруге болмайды. Сонда Ислам діні бала-шаға үшін қаражат жұмсауға қарсы ма деген сұрақ туындауы мүмкін. Жоқ, қарсы емес. Керісінше, соған шақырады, үндейді.
Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерінің бірінде былай дейді: «Адамның асырап отырғандарына дұрыс қарамауы – оған күнә ретінде жетеді».
Тағы бір хадисінде былай деген: «Бір динар бар Алла жолында жұмсалған, бір динар бар қызметшілерге берілген, сонымен қатар жарлы-жақыбай, міскінге садақа етілген динар бар. Одан соң отбасың, әулетің үшін жұмсаған динар бар. Осылардың ішінде ең сауаптысы – отбасың мен әулетіңе жұмсағаның».
Көрдіңіз бе, өз шаңырағымызға қаражат жұмсаудың сауабы бәрінен де артық бағаланып отыр. Мұның бір себебі, әркім өз отбасына дұрыс қараса, жұртқа жалтақтатпай, көңілдерін тоқ етіп өсірсе, бүкіл қоғам дұрыс болады. Әрине, бұл жерде мәселе тек перзенттеріміздің тамағын тойдыру ғана емес. Олардың рухани жетілуі үшін жұмсалған мал-мүлік те маңызды. Абай атамыз: «Баламды медресеге біл деп бердім» дейді. Неге медресеге береді. Себебі, баланың рухани қоймасы, ең алдымен имандылықпен толуы керек. Басқасы кейінгі орындарда тұрады.
Жинақтай келе айтарымыз, отбасымызға қаражат жұмсай білу де – сын. Дұрыс жұмсасақ, ұтамыз. Бұрыс жұмсасақ, ұтыламыз. Алла тағала баршамызға ата-аналық борышымызды дұрыс атқаруды жазсын.
Автордың "Жанұя жарасымы" атты кітабынан алынды.