Балаңыздың достары қандай?
Балаңыздың достары қандай?
10 жыл бұрын 5396
Бақ БЕР

Баланың достарымен араласуы – көп жанұяда орнын таба алмай келе жатқан мәселелердің бірі. Негізі, дос бола білу, сол достықты алып жүре білу үшін де балада сана-сезім болу керек. Біреудің рухани кемелдігін жолдастық құруына қарап-ақ, байқауға болады. Достары бар бала- дамып жетілуі қалыпты деңгейдегі бала. Ал, достары жоқ өзі құралпы балаларға араласа алмаған бала- ішкі жан-дүниесінде бір ақау, бір кемістігі бар бала.

Кейбір ата-аналар балаларының өз жасындағы, өзі құралпы балалармен ойнауына тиым салып жатады. Балаларына өздері әрі әке-шеше әрі дос бола аламыз деп ойлайды. Балаларымен бірге тамақтанып, бірге ойнап, бірге қыдырады. Көп ойыншықтар алып, балаларын көбіне үйде ұстағылары келеді. Ал, бала болса, өзімен жасты балалардың ойнағандарына терезеден ғана қарайды. Кейіннен мектеп кезінде де сол балалармен достасып, сіңісіп кетуі қиын соққандықтан көбіне үйден шықпағанды жөн санайтын болады.

Егер баланың, шынымен-ақ, бірде-бір досы болмаса, онда бұл жайттың ойлантарлық мәселе екендігі рас. Егер балаңыз доссыздықтан көңіл-күйі болмай жүрсе, мәселені сіз реттеуге тиіссіз.

Үйде үйрету неғұрлым қиынға соғатын көпшілікпен бірге жұмыс істеу, оларды басқарып алып-жүру, басшылық қабілетке ие болу секілді қасиеттер осы көпшілік арасында достарымен бірге жүрген кезінде ашылады. Бала басқалармен араласа жүріп, өзіне де зер салып қарай бастайды. Нені ұнатып, нені ұнатпайтындығын ажырата алатын болады. Адамдардағы кейбір теріс іс-әрекеттерді өзіне дұрыс қабылдай алатын болады. Өзіндегі қасиеттердің өзгелерден айырмашылығын сезінеді. Достарымен қарым-қатынасының жалғасуы өзімшілдіктің бірте-бірте жойылуына әкеледі. Бір нәрсені алысып-берісу де біршама түсіністікті қажет етеді.

Баланың досы туралы М. Жұмабаев былай деп пікір білдіруде:

«Бала біраз есейіп, басқа балалармен ойнай бастаған кезде, онда достық сезімі оянады. Бірге ойнайтын балалардың ішінен бала өзіне дос тауып алады. Достық сезімінің балаға көп пайдасы бар. Досының көңілін тауып үйреніп, бала өзімшілдік мінездерден аулақ болады. Өзінің дос баласының сөзін бала үлкен адамның сөзінен артық тыңдағыш келеді. Сондықтан тәрбиеші баланың достарының дұрыс балалар болуына қам қылуға міндетті».

Баланың мектептен я болмаса көшеден достасқан достарын да сыйлау білу керек. Егер бұлай істемеген жағдайда, біз қаламаған адамдармен, біз қаламаған жерлерде жасырын кездесіп, достасатын болады. Балаңыз өз сыныбындағы басқа бір баламен достасқысы келсе, сіз оған қарсы болмаңыз. Әйтпесе, сіз ойламаған, еш күтпеген жағдайларға да тап болуыңыз мүмкін. Егер балаңыздың досы сізге ұнамаса, ақырындап айтып, өзіне түсіндіріңіз. Басқамен достасқанның неғұрлым жақсырақ екендігін білдіруге тиіссіз. Егер, бала жаман достарына ілесіп, солардың істегенін істеп кетер болса, онда кемшілік пен бар кінәні баладан емес, оған тәрбие берген жанұясынан іздеген дұрыс. Өйткені, жанұяда тәрбиенің негізі мықты қаланбаған бала ғана

осалдық танытып, басқаларға еліктегіш келеді. Егер, сіз балаңыздың басқа біреумен достасуын оған қисынды ғып айтып жеткізбесеңіз, жай ғана тиымға көнуі қиын. Әрі адамдар тиым салған нәрсені біле тұра істеуге құмар келеді. Сондықтан, балаңыздың алдыңғы досынан бас тартуы үшін кейінгі сіз тапқан досыңыз одан да жақсы болуы керек.

Баланың бар досын әке-шешесі бір-бірлеп талдап жинап беруі керек деген де дұрыс емес. Ойын секілді дос болуы да баланың өзіне ғана тән еркіндігі екендігі шындық.

Балалардың достарына қатты көңіл бөлетіндігін естен шығармаған жөн. Достарының бір-бірін іздеп келіп-кетуі үшін үлкен қуаныш. Жүргізілген арнайы зерттеу жұмыстарының нәтижесіне қарайтын болсақ, достарына ең көп ұнайтын бала ең көп сабақ оқитын бала емес, ең көп ойынқұмар, өте көңілді, өзін өте еркін ұстайтын, өте белсенді бала. Бұлар өте алғыр балалардың қатарына жатпағанмен, орташа алғанда жақсы деген бағаға лайықтылар. Ал, мақтаншақ, даңғой, тәкаппар балалардың басқа балалар арасында да сүйкімі шамалы екендігін айтып жатудың өзі артық шығар?!

0 пікір