Ата-ананың өздеріне тән жеке өмірлері бар. Сондықтан олардың қасына рұқсатсыз баса көктеп кір әрі тәрбиелік тұрғыдан, әрі діни тұрғыдан әдепсіздік болып саналады. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сүннеті бойынша бір жерге кіру үшін есікті үш рет қағу, егер ешқандай жауап келмесе кірмеу керектігі айтылған. Сол сияқты әке-шешеміздің бөлмесіне кірер кезде де осы қағиданы сақтау керек. Өйткені рұқсатыз олардың қасына кіру жайсыздыққа жол ашып, олардың ренішін тудыруы мүмкін.
Абдуллаһ ибн Мәсғұдтан (р.а.) бір кісі келіп анасының қасына кіру үшін рұқсат алу керек пе, жоқ па деп сұрайды. Сонда ол: «Кез келген сәтте анаңды көру үшін оның қасына рұқсат алмастан кіруге болмайды», – деп жауап берген.1
Сахаба Хұзәйфадан (р.а.) бір кісі анасының қасына рұқсатсыз кіруге болып-болмайтынын сұраған кезде ол да осы мәндес жауап берген болатын2.
Ұйықтап жатқанда мазаларын алмау
Ата-ананың мазасын алатын нәрселерден де сақтанған жөн. Әсіресе қартайған кезде адамдар тым сезімтал келеді. Кез-келген әрекеттен мазасы қашуы мүмкін. Сондықтан үйде олар ұйықтап жатқанда айқайлап сөйлеп немесе тарсыл-гүрсіл дыбыстар шығарып олардың мазасын алмаған жөн. Алдыңғы бөлімде үңгірді паналап, үңгірдің аузы жабылып қалған үш кісі жайлы айтылған болатын. Олардың араларындағы біреуі ата-анасын құрметтегені соншалық, алып келген сүтін оларға беру үшін таң атқанға дейін оянғанын күткені және осы амалды Аллаһтың ризашылығына бөлену үшін жасағандығын айтып Жаратқанға дұға еткен кезде үңгірдің аузының кішкене ашылғандығы айтылған болатын. Яғни Аллаһ тағала оның осы амалына ризашылығын білдірген-ді.
Тақуалығымен танымал Аллаһтың әулие құлдарының бірі Бәйәзид әл-Бистамидың басынан өткен мына бір оқиға да ғибрат аларлық: Суық қыс күндерінің бірі болатын. Түннің бір уақытында анасы баласынан су әкеліп беруін сұрайды. Бәйәзид әл-Бистами орнынан атып тұрып, су құятын ыдысты қолына алады. Қараса ыдыста су қалмаған екен.
Сыртқа шығып ыдысқа су толтырып әкеледі. Суды ұсынайын десе анасы қайта ұйықтап кетіпті. Оятуға қимайды. Бәлкім оянып қалар деп басында ұзақ уақыт күтіп тұрады. Бір кезде анасы көзін ашып: «су» дейді. Түнгі ызғарлы суықтан ыдыстың сыртына мұз қатып, Бәйәзид әл-Бистамидың қолы ыдысқа жабысып қалған екен. Мұны көрген анасы «Балам, ыдысты неге жерге қоймай қолыңда ұстап тұрсың?» деп аңтарыла сұраған кезде баласы: «Анашым, оянған кезіңізде бірден суды ұсына қояйын деп күтіп тұрған едім», – дейді. Сол кезде анасы риза болып, көңілі босап: «Уа, Жаратқан ием, мен ұлыма ризамын, Сен де риза бола гөр!» – деп ыстық ықыласпен дұға еткен екен. Кім білсін, бәлкім анасының осы дұғасы үшін Аллаһ тағала оған осындай жоғары мәртебеге қол жеткізуді нәсіп еткен болар.
"Жұмақтың кілті қасыңда".
1Бухари. Әдәбул-муфрад. I, 364-бет.
2 Бухари. Әдәбул-муфрад. I, 364-бет.