Ислам – рақым мен мейірім діні. Бұл дін адам баласына тек құлшылықты ғана емес, адамдар арасындағы қарым-қатынаста мейірімді болуды да үйретеді. Әсіресе, жанұя – Исламда аса құрметтелетін құрылым. Отбасының берік болуы әйел мен еркектің өзара құрметі мен жауапкершілігіне байланысты. Сондықтан Пайғамбарымыз Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) әйелге қол көтеруге қатаң тыйым салып: «Әйелдеріңді ұрмаңдар!» – деп өсиет еткен.
Хадиске көз жүгіртсек...
Алла Елшісі (с.а.у.) былай дейді:
«Алланың күңдерін – әйелдерді ұрмаңдар!»
(Әбу Дәуд риуаят еткен, сахих хадис)
Бұған қоса басқа бір хадисте былай делінеді:
«Мұхаммедтің үйінің маңына көптеген әйелдер келіп, күйеулерін шағымдады. Біліңдер, олар (яғни әйелдерін ұратындар) – сендердің жақсыларың емес!»
(Әбу Дәуд)
Бұл сөздерден-ақ әйел затына зорлық көрсетудің Пайғамбарымыздың сүннетіне мүлде қайшы екенін аңғаруға болады. Өйткені ол – тек әйелге емес, бүкіл қоғамға зиян тигізетін әрекет.
Өкінішке орай, қазіргі таңда отбасы зорлық-зомбылық оқиғасы жиі орын алып жатқанын байқауға болады. Өзара түсінісе алмай, ақыры ері әйеліне қол ала жүгіріп жатады. Кей жағдайларда мұндай ұрыстың арты қайғылы жағдайларға да алып келген.
Исламдағы тәрбие – мейірімге негізделген
Ислам ер адамға отбасы басшысы жауапкершілігін жүктеді. Бірақ бұл – үстемдік емес, аманат. Әйел – ердің серігі, оның өмірлік тыныштығы мен рухани тірегі, шаңырақтың ұйытқысы, жылуы. Құранда:
«Олармен (әйелдермен) жақсы қарым-қатынаста болыңдар»
(ән-Ниса, 19) – деп бұйырады.
Жанжал туындаса, Ислам әйелді тәрбиелеудің сатылы жолын көрсетеді. Ұру – ең соңғы, әрі шектеулі амал. Оның өзі ауыртпай, қорламай, жәй ескерту іспетті болуы керек. Бұл – балаға қол сермегендей жеңіл түрде болуы тиіс делінеді.
Пайғамбардың өнегесі
Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) – әйел затына деген мейірім мен көркем мінездің ең үздік үлгісі. Ол өмірінде ешбір әйеліне қол көтермеген. Айша анамыз (р.а.) былай дейді:
«Пайғамбар (с.а.у.) ешқашан әйеліне де, қызметшісіне де қол көтермеген...»
(Муслим риуаяты)
Осылайша, ол бізге сабыр мен сыпайылықтың шын мәніндегі үлгісін көрсетті. Егер бір әйел қателік жасаса, оны сөзбен, ақылмен тәрбиелеу – ең абзал әрі ең бірінші жол. Жұдырық ала жүгіру шешім емес.
Қорытынды
Бүгінде кей отбасыларда әйелге қол көтеру қалыпты жағдай секілді көрінеді. Алайда бұл – Исламның рухына мүлде қайшы тірлік. Пайғамбарымыз: «Жақсыларың – әйелдеріне ең жақсы болғандарың» – деп, нағыз ер азаматтың бейнесін айқындап берген. Ал керісінше әйелдерін ұратындарды: «Жақсыларың емес» деп сынаған.
Сондықтан мұсылман еркек үшін нағыз мықтылық – қол көтеру емес, ашуын жеңу. Әйел – ерге Алланың аманат еткен жан. Оған қаталдық емес, мейіріммен қарау – сүннет жолы. Әрине, әйел баласы да өзінің ерінен бір саты төмен тұруды ұмытпаған жөн. Әйел қаншалықты ерін өзінен биік санаса, соншалықты сыйға кенеледі. Ал әйел өзін күйеуімен бірдей көріп, не оны төмен санаса, күнде жанжал, күнде ұрыс болуы заңды. Себебі, еркек өмірлік серігінің өзі секілді еркек емес, нәзік жанды болмағын қалайды.