Бисмилләһир рахманир рахим
Қасиетті де, қастерлі ай – Рамазан айының алғашқы он күндігін де артта тастадық. Алла Тағаланың мейірімі төгілетін он күнді артқа қалдырып, енді Алланың кешіріміне бөленер екінші он күндікке аяқ бастық. Пайғамбарымыз Мұхаммед (ғалейһиссәләм) өзінің асыл сөзінің бірінде былай дейді:
شهر رمضان أوَّله رحمة، وأوسَطه مغفرة، وآخِره عتق من النار
«Рамазан айының әуелі – мейрім. Ортасы – кешірім. Соңы – тозақ отынан құтылу».
Неге Алла елшісі Рамазан айын осылай үшке бөлген?
Себебі, Аллаһу аъләм, әуелі Алланың мейіріміне қол жеткізу керек. Мейірім болмай, кешірім болмайды. Кешірім – рахымы түскен жанға болмақ. Кім болса да, егер Алланың мейіріміне қол жеткізер болса, Алла Тағала оның күнәсін сөзсіз кешіреді. Оған бір мысал: Сахих Бұхариде келтірілген бір хадисте жеңіл жүрісті әйел жөнінде айтылады. Ол әйел құдық басында шөлдеп өлуге шақ қалып жатқан бір итті көріп, дереу етігін шешіп, оны орамалына байлап, құдықтан етігімен су алып, итке ішкізген екен. Осының нәтижесінде, Алла Тағала ол зинашы әйелдің бүкіл күнәсін кешіріп, пейішке кіргізеді.
Қараңызшы, әлгі әйел қанша күнәһар болса да, Алланың бір мақұлығына көрсеткен рахымдылығы себепті, Алла оны Өзінің мейіріміне бөлеп, кешіріміне қол жеткізді...
Ендеше, оразаның алғашқы он күндігінде ауыз бекітіп, түрлі әбес қылықтардан сақтанып, жүріс-тұрысын реттеп ынта білдірген мұсылманға Алланың мейірімі төгіліп, Құдай Тағала оны Өз рахымына бөлейді.
Екінші он күндігінде Құдай ризалығы үшін табандылық танытып, күннің ыстығына, жұмыстың ауырлығына қарамастан ораза ұстауын жалғастырғаны үшін Хақ Тағала оны кешіріміне бөлейді. Осылайша барлық күнәсі кешіріледі. Негізі, Рамазан айы - түгел кешірім айы. Бірақ, осы екінші он күндігінде Алланың кешірімі ерекше болмақ.
Үшінші он күндігінде, тура солай табандылықпен Алла ризалығы үшін сауабын үміт ете отырып, оразасын үзбей тұтқан пенденің, осындай ынта-жігері мен ықыласына қарап, сабыры мен ықыласының нәтижесі ретінде, Жаратушы Иеміз, оны тозақ отынан құтқармақ. Міне, ораза айының пенде үшін осындай баға жетпес пайдалары бар.
Қысқаша айтқанда: Отыз күн Оразаның алғашқы он күндігінде ораза ұстаушы жан - Алланың мейіріміне бөленеді. Екінші он күндігінде күнәлары кешіріледі. Үшінші он күндігінде – тозақ отынан құтылғандар қатарынан орын алады. Аз ба? Бұл айтқандарымыз, әр істеген ізгі амалдары мен жасаған құлшылықтарына еселеніп берілер сауаптарды айтпағанда. Берілер сауаптар өз алдына бөлек.
Сондықтан да, ораза тұтқан мұсылман, Рамазанның алғашқы күндеріндегі қарқынын жоғалтпай, қайта, кешірімге бөлену үшін, көбірек ықылас танытып, көбірек құлшылық-тағатқа ден қойғаны жөн.
Мейрімі шексіз, Алла Тәбәрәкә уә Тағала баршамыздың тұтқан оразаларымызды кем-кетігімен қабыл етіп, біліп не білмей істеген күнәларымызды Өзінің ғафур сипатына сай кешіріп, жүрегімізге нұрын төксін және түп-түгел «ар-Райян» есігінен пейішке кіруімізді жазсын! Уәлхамдулилләһи Раббиль аләмин!