Намазды оқымайтындардың тағы бір айтатын уәжі «әлі жаспын» деу. Адам деген қайта ерік-жігері мол, жалындаған жастық шағында ғибадат пен құлшылыққа ғашық болмас па еді? Тонның сыртын теріс айналдырғандай базбіреулер оны керісінше намазға кедергі көреді. Аллаһтың берген жел ғұмырының өлшемін кім біліпті? Бүгін бармыз, ертең жоқпыз. Ғұмыр дария өз ағысымен тоқтамай аға береді. Қартайғанға дейін осы өмірде сайран салып жүре беретінімізге кім кепіл?
Кім жаналғыш Әзірейілмен келісімшартқа отырыпты? Ол заманда, бұ заман зымырай ұшқан хақ өлімнің жебесі жас-кәрі деп талғап жатпайды. «Құрғақ қасық ауыз жыртады» демекші, құрғақ сөзді созғыламай, әрі-беріден соң айтарымыз, жарайды, қартайдық, иманымыз артып жайнамазға тұрдық делік. Алайда жастық ғұмырда желікпен өткен жылдардың есебін қалай береміз? Аллаһ намаз оқуды қарттарға емес, балиғат жасына жеткен пендеге бірдей парыз етті емес пе?
Аллаһ елшісі (с.а.с.) бір хадисінде ақыретте төрт ауыр сұрақтың сұралатынын білдіріп «Жастық шағыңды немен өткіздің?» деп бірінші сұрақты қояды. Олай болса бұл сұраққа жауап берудің бірден бір жолы «намазымды орындадым, оразамды тұттым» деп жауап беру болмақ.
Сондай-ақ Әбу Хұрайра (р.а.) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Аллаһ тағаланың көлеңкесінен басқа сағаларға ештеңе табылмайтын қиямет күні жеті түрлі адамды Аллаһ тағала өз көлеңкесіне паналатады. Олар әділ басшы, жас шағын бір Аллаһқа құлшылық етумен өткізген жас, жүрегі «мешіт» деп соққан мүмін, Аллаһ разылығы үшін бір-бірін жақсы көріп, Аллаһ үшін бас қосып және Аллаһ үшін айрылысқан екі дос, сұлу әйел шақырғанда «Жоқ, мен Аллаһтан қорқамын» деп нәпсісін тізгіндей білген ер жігіт, оң қолының не бергенін сол қолы сезбей қалатындай дәрежеде садақасын жасырып беретін мәрт адам және жалғыз қалғанда Аллаһты есіне алып көз жасын көл қылған тақуа» деген екен. Олай болса жастық шақты құлшылықпен өткізіп, ақыретте Аллаһтың қамқорында болғанға не жетсін?!
Өкінішке орай, қазақтың көбі «намазды оқу бітіргеннен кейін оқимын», «жақсы жұмысқа орналасып алайын, намазды сосын көрермін», жұмысқа тұрғаннан кейін «балаларымды жетілдірейін, намазды кейін оқимын», одан кейін «зейнеткерлікке шығайын, намаз ешқайда қашпас» деп жүріп өмірлерінің қалай өтіп кеткенін аңдамай қалып жатқаны жасырын емес. Беймезгіл келген ажалдың құрығына ілініп бақилық болғанды да, намазға тұруға әл-ауқаты жетпей қартайып қайғы ойлаған шақта өткен іске өкініп, өкініштен көкірегі қарс айырылып жатқанды да көз көріп, құлақ естіп жүр. «Ажал айтып келмейді» деген тәмсіл де тегін айтылмаса керек. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде:
«Аллаһ тағала алпыс жыл ғұмыр берген құлының ешбір сылтауына құлақ аспайды» – дейді.
Яғни пайғамбар жасына келгенше құлшылық жасамай қайтыс болған адамның «тағы да біраз өмір сүрсем, құлшылық жасар едім» деген сылтауы қабылданбайды. Өйткені оған мүмкіншілік берілді. Сол секілді біреуге алпыс, біреуге қырық, біреуге одан да аз ғұмыр нәсіп болып жатады. Бірақ Құран Кәрімде «Егер оларға ажал келсе, оны бір сағат алға да, артқа да жылжыта алмайды» деп өлімнің уақыты Аллаһ алдында белгілі екені және ол келгенде ешкім де оны тоқтата алмайтыны айтылған.
Иә, жалындаған жастық шақ бізді намазға ғашық етуі тиіс. Жас күнімізде күш пен қайраттың көп болатынан ескерсек, намаз оқуға да оңай келмей ме? Ерте ме, кеш пе тізе қақсап, балтыр сыздап, отырсақ тұра алмайтын, тұрсақ отыра алмайтын қарттық келіп жағадан жармасқанда, ажардан нұр, базардан құның кетіп қаусаған қария болған шағыңда намаз оқымақ түгілі отырып-тұруың мұң болар. Сол кезде «Әттең, намазымды жас кезімде, денсаулығым бар кезде бастауым керек еді» деп сан соққаннан келіп-кетер пайда болмас. Сондықтан осындай күш-қуатқа толы жастық шағымызды тағылымға толы, мәнді де сәнді етіп, құлшылықпен өткізген жөн.
Нұрлан Сайлауұлы, Еркебұлан Ыбырайымұлы:
"НАМАЗ – ДІННІҢ ДІҢГЕГІ".