Пайғамбарымыздың (с.а.у.) дәуірінде ағайынды екі кісі өмір сүрген еді. Біреуі (білім үйрену үшін) Пайғамбарымызға (с.а.у.) келетін. Ал екіншісі күн-көріске қажетті заттарды алу үшін жұмыс істейтін. Жұмыс істейтіні біркүні АллаһЕлшісіне (с.а.у.) келіп, бауырын (жұмыс істемейді деп) шағымданды. Аллаһ Елшісі (с.а.у.) оған: «Бәлки сен оның саясында жұмыс істеп, ризығыңды тауып жүрген шығарсың», - деді. (Тирмизи, Зүһд 33/2345)
***
Ардақты сахабалар Құран Кәрім оқуды өзгеге үйретуді мүлтіксіз орындаушы еді. Абдулла ибн Масғұд біреуге бір аят үйретіп: «Бұл аят күннің сәулесі үстіне түскен немесе дүние жүзіндегі барша нәрседен хайырлы», - дейтұғын. Бұл сөзін Құранның әрбір аяты үшін қайталайтын. (Хайсами VI, 166).
«Білім жоқ болып кетпей тұрғанда оны үйреніңдер. Оның жоқ болып кетуінің себебі, ғалымдардың жоқ болып кетуінен туындайды. Білім үйреніңдер, өйткені кез келген жан оған қашан мұқтаж болатындығын білмейді», - деп те айтатұғын.
***
Әбу Һұрайра (р.а.) сіз көп хадис-шәріп нақыл етесіз дегендерге былай деп жауап берген еді.
«Мұһажир бауырларым сауда-саттықпен, Ансар бауырларым егіншілікпен, құрма бауларымен шұғылданып жатқанда, мен жартылай аш, жартылай тоқ Пайғамбарымыздың (с.а.у.) қасынан шықпайтынмын. Олар келе алмаған шақта мен Аллаһ Елшісінің (с.а.у.) маңынан табылатынмын. Олар көрмеген көптеген нәрсеге мен куә болдым. Олардың жаттай алмағанын, мен жаттап алатынмын». (Бұхари, Білім 42).
Имам Абдулла әл-Фариси былай деп әңгімелейді:
«Мен Әбу Ханифаның жанында отырған едім. Кенет күтпеген жерден үйдің шатырынан бір кірпіш құлап, басымды жарды. Мұны көрген Имам Ағзам маған қарап: «Құнын сұрайсың ба? Әлде үш жүз хадис-шәріп саған нақыл етейін бе (үйретейін бе)?» - деп сұрады. Мен: «Хадис-шәріптерді нақыл етуіңді қалаймын», - деп жауап бердім. Ол уәдесінде тұрып, хадис-шәріптерді маған нақыл етті».
***
Ибн Сирин (р.а.) былай дейді:
«Бір күні мешітке келдім. Қарасам Самир ибн Абдуррахман қысса айтып отыр екен. Ал Хумейд білім үйретіп жатыр екен. Бұлардың қайсысының мәжілісіне отырайын деп ойландым. Сөйтіп отырып көзім ілініп кетіпті. Түсімде біреу маған келіп: «Қайсысының мәжілісіне отырайын деп ойланып тұрсың ғой. Қаласаң саған Хумейдтің жанында отырған Жәбірейілдің (а.с.) орнын көрсетейін», - деді». (Дарими, Муқаддима32).
Хазірет ибн Сирин Аллаһтың қалауымен Жебірейілдің (а.с.) мәжілісін таңдады. Осылайша қиямет-қайымға дейін есімі өшпейтін әйгілі ғалымға айналды.
***
Отыз жыл бойы білім іздеп жер жаһанды шарлаған Яқуб ибн Суфиян өзінің басынан өткен уақиғасын былай деп жеткізеді:
«Сапар шегіп келе жатқан едім. Азығым таусылуға айналды. Түні бойы жазып, күндіз білім оқитынмын. Бір күні түнде шамның жарығымен жазып жатқан болатынмын. Қыс мезгілі еді. Кенеттен көздерім жасқа толып, ешнәрсе көре алмайтын болып қалдым. Ел-жұртымнан алыстап, білімге деген өмірімнің біткендігін ойлап, мұңға баттым. Көздеріме кенеттен бір ауыртпалық түсіп, ұйықтап қалдым. Түсімде Аллаһ Елшісін (с.а.у.) көрдім. Маған: «Яқуб! Неге жылайсың?» - деп сұрады.
– Ей, Алланың Елшісі! Көзім көрмей қалды. Бұдан былай білім үйрене алмайтын болдым-ау деп мұңайып жүрмін, - деп жауап бердім.
– Қасыма кел, - деді. Кейін оқып тұрған тәрізді болып, қолдарын көздерімнің үстінен жүргізіп өтті. Оянғанымда көздерім қайта көріп кетті. Парақтарды қолыма алып, жазуды жалғастырдым». ( Ибн Хажар, Тәһзибут-тәһзиб, Бейрут, 1991, VI, 243-244.).
***
Константинопольды (қазіргі Стамбул) жаулап алған Османлы патшаларының бірі Фатих сұлтан Мехмет хан уәзірлерімен бірге бюджет мәселелерін қарастырып жатты. Сұлтанның медреселерге бөлген қаражаты өте үлкен еді. Қаржы уәзірі бұл соманы көргенде, аң-таң болып үндемей қалды. Уәзірінің кейпін байқап қалған парасатты сұлтан:
- Паша! Бюджет мәселесінде ең көп пікірін білдіретін қаржы уәзірі емес пе? Неге үндемей қалдыңыз?» - деп сұрады. Уәзір ойын білдіргісі келмей:
- «Тыңдап отырмын, сұлтаным», - деп жауап берді. Сұлтан Фатих:
- «Шамасы медреселер үшін бөлген қаржы сомамды көп деп ойлап отырсыз-ау деймін», - деп оның ойын сезгендігін білдірді.Уәзір:
- «Иә, сұлтаным. Мемлекеттің мыңдаған мәселесі бола тұра, бұлардың тек бірі болып табылатын білімге мол қаржы бөлдіңіз», - деп пікірін айтып салды.
Мұны естіген сұлтан һәм уәзірін ренжіткісі келмей һәм мәселені шешуді ойлап оны: «Паша! Кез келген саланың қадірі кетеді. Әсіресе білімнің қадірі көбінесе түсіп отырады. Өйткені Хазірет Пайғамбар (с.а.у.): «Ғалымдар, пайғамбарлардың мирасқорлары», - деп айтқан. Ал Пайғамбардың уәкілі бола білу, оңай шаруа емес..., - (деді де сөзін әрі қарай жалғастырып):
- «Паша! Қолдағы барша мүмкіндікті қолданып, қамтамасыз етіп отырған жүз шәкіртіміздің қаншасы жақсы бітіріп шығады? Араларынан үш-төрт адам шыға ма?» - деп сұрады. Қаржы уәзірі:
- «Иә, сұлтаным! Үш-төртеу шығады. Алайда олардан не шығады дейсіз?І» - деп жауап берді. Сұлтан жымиып:
- «Паша! Қараңғы халықты тәрбиелеп шығаратын сол үш-төрт кісі емес пе?!» - деді. Уәзір басын төмен салып:
- «Иә, сұлтаным, сіздікі дұрыс», - деп ақиқатты мойындады.
Мәселені ақылдылығы және парасаттылығы арқылы оңай шешкен сұлтанның көңілі тыншыды. Уәзіріне қарап:
- «Паша! Медреселеріміздің әрбір жүз шәкіртінен үш-төрт кісі шығып, халықты тәрбиелеп жатыр екен. Олай болса, солардың құрметі үшін өзге шәкірттерді бағып-қағуға разы болуымыз қажет», - деді.
***
Османлы сұлтандарының тағы бірі Явуз Сұлтан Сәлім әскерімен бірге Адананың (Түркия) тұсына жеткенде қалың нөсерге тап болды. Жер ми-батпаққа айналды. Сұлтан Сәлім сол дәуірдің ең әйгілі ғалымы Камал Пашазадамен бірге ат үстінде қатарласып, сөйлесіп келе жатыр еді. Кенет күтпеген жерден Камал Пашазаданың аты сүрініп кетті. Аттың аяғынан шашыраған балшық сұлтанның үстіндегі бешпентке тиді. Камал Пашазада қатты мұңайып, реңі өзгеріп кетті. Явуз оған бұрылып күлімсіреп: «Ғұламалардың атының аяғынан шашыраған балшық, біз үшін үлкен құрмет, абырой. Бұл балшық тиген бешпентті, мен көз жұмғанда қабірімнің үстіне қойыңдар», - деді. Ғалымдарға көрсетілген осындай құрмет, ілтипат Осман империясында білімнің артуына, өркендеуіне қосқан үлкен үлес, қолдау, демеу болды.
«Өркениет Шыңындағы Жауһарлар» атты кітаптан.