Дәрет алуға жарамды сулар мен жарамсыз сулар (фиқһ ғибадат)
Дәрет алуға жарамды сулар мен жарамсыз сулар (фиқһ ғибадат)
3 сағат бұрын 101
Әнуар Имаммұсаұлы

Бисмилләһир рахманир рахим

Дәретті сумен алу парыз. Су табылмаған жағдайда ғана оның орнын «құрғақ дәрет» басады, оны шариғатта «таяммум» дейді.

Дәретке қолданар суға қатысты - таза болуы, өзіндік қасиетін жоғалтпауы, сылдырлығын, аққыштығын жоғалтпауы, су атауын жоғалтпауы яғни басқа затқа айналмауы, нәжіс түспеу сияқты т.б. талаптар қарастырылады. Соған орай, дәретке жарамды және дәретке жарамсыз сулар түрі деп бөлінген. Ол жайында ескілікті Ханафи фиқһ кітаптарында жазылған үкімдерді бере кетелік.

Дәретке жарамсыз сулар келесідегідей:

  1. Қарбыз суы, қияр суы, қауын суы.
  2. Роза гүлінің суы.
  3. Сусындар (сок т.б. сусындар).
  4. Сірке суы (уксус).
  5. Тұз суы (тұз араласқан су).
  6. Жеміс-жидектерден сығылып алынған сулар (сусындар).
  7. Сабын суы (бірақ егер судың сылдырлығы жоғалып, су қоюланса жарамсыз, ал сабын араласқан су өзінің сылдырлығын жолғалтпаса дәретке жарамды).
  8. Жүзімнің сабағынан аққан су.
  9. Асбұрышы пісірілген су (бұршақ тұқымдастар пісірілген су, күріш т.б. піскен сорпа жарамсыз.).
  10. Сүт, сірке, кепкен жүзімнің тұнбасы т.б. сол сияқты таза сұйықтықтар суға араласып, судың «су» атауын жоғалтса, онымен дәрет алуға болмайды (мысалы, суға көп мөлшерде сүт араласса, ол су емес, ол ендігі сүтке айналады).
  11. Дәретке немесе ғұсылға қолданылған су.
  12. Тамақ ішер алдында және тамақтан кейін қолды жуған су (қолданылған су үкімінде, сондықтан жарамсыз).
  13. Мәйітті шомылдырған су.
  14. Ит ішкен су
  15. Доңыз ішкен су,
  16. Жыртқыш аң ішкен су (нәжіс дәретке жарамсыз).
  17. Дала кезіп жүретін, нәжістер жейтін тауық, қаз сияқты үй құстарының ішкен суы (мәкруһ).
  18. Көп арақ ішкен мас адамның ішкен суы.
  19. Нәжіс түскен су. (Бірақ, ағын суға немесе үлкен көлемдегі тұрған суға нәжіс түссе ол су жарамды).
  20. Иісі, түсі және дәмі бар таза сұйықтық зат суға араласып, суда оның екі сипаты байқалса, ол сумен дәрет алынбайды. Мысалы, сүттің үш сипаты бары: иісі, түсі және дәмі, сондықтан, суға араласып суда сүттің түсі мен дәмі сезілсе, ол су жарамсыз.
  21. Есектін ішкен суы (күмәнді, мәкруһ).
  22. Бүркіт, қаршыға сынды жыртқыш құстардың ішкен суы (мәкруһ).
  23. Бұл сулар дәретке қолданылмайды1. 

Дәретке жарамды сулар

    1. Ағын су (өзен, канал суы, арық суы)
    2. Үлкен көлемдегі тұрақты су (хауыз, көл, теңіз, мұхит суы т.б.).
    3. Құдық сулары.
    4. Аспан сулары (жаңбыр, қар су, бұршақ суы, мұздың суы).
    5. Жер сулар (бұлақ, өзен, теңіз, құдық сулары)
    6. Көп тұрып бұзыла бастаған сулар (егер су көп тұрып қалуымен өзінің сылдырлығын жоғалтпаса, дәретке жарамды).
    7. Таза нәрсе араласқан су (мысалы, топырақ түсіп, су лайланса немесе сабын араласқан су, бұлармен дәрет ала беруге болады, бірақ араласқан зат судың болмысын өзгертіп, сылдырлығын жоғалтса немесе «су» атауын жолғатса ол жарамайды, мысалы, әк араласқан су т.б.)
    8. Ені бес метр, ұзындығы бес метр, ал тереңдігі шамамен 30-50 сантиметр болатын тұрғын суға нәжіс түссе, ол су таза саналады, дәретке жарамды, бірақ түскен нәжіс ол тұрғын судың дәмін немесе иісін не түсін өзгертсе, ол су жарамсыз.
    9. Аспанда ұшып жүретін құстың қағы түскен су.
    10. Су хайуаны өлген су (балық, рак т.б.)
    11. Бойында қаны жоқ жәндік өлген су (шыбын, маса, таракандар өлсе т.б.).
    12. Төрт түлік малдың ішкен суы.
    13. Еті желінетін хайуанның ішкен су (мысалы қоянның ішкен суы).
    14. Мысық ішкен су, тышқан ішкен су (жеңіл мәкруһ)2

islamkz


1  «әл-Фәтәуә әл-Һиндия».
2  ән-Нуқоя Мұхтәсаруль уиқоя.

0 пікір