Мұңлы қария
Мұңлы қария
9 жыл бұрын 4757
Талас Қабиұлы

Ертеде таулы-қырқалы, сулы-нулы, орман-тоғайлы өңірде бір тайпа қауым мекен етіпті. Ел болған соң бай мен кедейі, жақсы мен жаманы, білімді мен наданы араласып өмір сүріпті.

Осы елдің ішінде үйленгеніне көп жыл болмаған жас отбасы тұрады екен. Олардың қолында әбден қартайған, асырауға мұқтаж  әкесі бартұғын. Жасында бағып-қағып, асырап-баққанына қарамай жас жігіт қарт әкесіне жөнді көңіл бөлмейді. Бір күні о дүниеге аттанатын өлмелі шал ретінде қарайды. Қарияның қарны бірде аш, бірде тоқ, бала мен келіннің бергенін ішіп, бермесе сабыр сақтап, бір Құдайға ғана жалбаранып жата береді.

Қарияның жатқан жері мұндай жайсыз болар ма? Балалары ол кісіні  кепкен талдан тоқып жасаған төсек-сәкіге жұқа төсеніш тастап, соған жатқызып қояды. Қарияның қарсыласуға шамасы жоқ, ағаш төсекте жамбасы тесіліп, көзі боталап жылап жатады. Енді-енді есі кіріп келе жатқан төрт жасар немересі атасына келіп, маңдайынан сипап, сақалын тарап қасынан шықпайды екен.

Атасының ағаш батып жауыр болған арқасын сипайды, жарасына май жағып көмектеседі. Атама бұлай жасамаңдар деп, өзінің әке-шешесіне айтып көреді. Олар әдетегідей елең етпейді. Содан әбден амалы таусылған немере шағын ауланың ішіне жас шыбықтарды жинайды. Оларды нан жабатын пештің үстіне қойып шала кептіреді. Содан кейін асықпай бірдеме тоқуды бастайды. Төрт жасар баланың қолынан әрине, бірдеме келмесі анық. Бірақ жұмысын тоқтатпайды. Қашан көрсеңіз аулада шыбық тоқып отырғаны.

Содан бір күні баланың ата-анасы: «Сен осы не істеп жүрсің, мына жас шыбықтарды қайтесің?» деп сұрайды. Сонда бала: «Жас шыбықтардан сәкі-төсек тоқып жатырмын» дейді. «Оны қайтесің?» «Сен екеуің қартайғанда сонда жатқызам». Сол сәттен бастап әкесі қария шалды, жұмсақ төсекке жатқызып, күтіп бағыпты.

2 пікір