Жалаңаяқ әулие
Жалаңаяқ әулие
10 жыл бұрын 6209

Рухани дін алыптарының бірі Бишр Хафи хижри 150 (милади 757) жылы Мерв деген қалада, отырықшы отбасында дүниеге келді. Бағдат қаласында өмір сүріп, хижри 227 (милади 841) жылы өмірден өтті. Өз дәуірінде хадис ғалымдарының бірі болған Бишр Хафи жас кезінде ішімдікке әуестеніп, уақытын бекерге өткізетін.

Бір күні келе жатып, жерде жатқан бір жапырақ қағазды көрді. Оқып көріп еді «Бисмиллахи рахмани рахим» деп жазылған екен. Дереу қағазды тазалап, әтір сеуіп, үйіне апарып таза жерге қойды.

Сол түні шейхтардың бірі түс көреді. Түсінде ғайыптан бір үн: «Бишрға барып айт: – Біздің атымызды хош иіске бөледі, біз де оның атын әйгілейміз, есімімізді ұлықтады, біз де оны абыройлы етеміз, есімімізді тазалап кірден арылтты, біз де оның жүрегін тазаладық».

Шейх алғашында таңырқап: – Бұл түс тегін емес, – деп сеніңкіремеді. Себебі Бишр ол кезде жай жүрген бір жігіт болатын. Осы түс қатарынан үш мәрте қайталанды. Ертеңгісін шейх дереу Бишрді іздеді. Бишрді мас күйінде тапты.

Шейх Бишрға: – Саған бір хабарым бар, – деді.

Бишр: – Кімнен, қандай хабар? – деп сұрады.

«Бұл хабар Алладан келді» дегенді естігенде Бишр: «Мені азаптаймын дей ме?» - деп тұрған бойында жылады.

Шейх оны жұбатып «Ешқандай да олай емес» деді.

Бишр: – Онда күте тұр, жолдастарыммен біржолата қоштасайын, – деді. Барып достарына: – Мені шақырған екен барайын әрі сендерді де Аллаға шақырамын. Ендігәрі мені әсте ішімдік орындарынан таба алмайсыңдар, – деді. Содан кейін бейшара күйде жалаң аяқ, жалаң бас сыртқа шығып, Раббысына ұзақ тәубе етті.

Ақиқат жолын табанды ұстануының арқасында бара-бара әулие кісілердің қатарына қосылды. Осыдан соң Бишр ешқашан аяқ киім кимеді. Өзін «хафи» яғни жалаң аяқ жүруші деп атады. Неге аяқ киім кимейтіні сұралғанда, «Аллаға тәубеге келген күні аяғым жалаң аяқ болатын, енді аяқ киім киюге ұяламын» деген екен.

Фудаил ибн Яздың сұхбаттарына қатысты. Әнәс ибн Мәлик, Абдуллаһ ибн Мүбарак сынды дін ғалымдарынан көптеген хадис үйренді. Ахмед ибн Ханбал сынды дін ғалымдары бар кездің өзінде көптеген хадистерді риуаят етті. Осыдан кейін туысқан ағасы Али ибн Харшам да Бишрден көп хадис тыңдап, дінге мойынсұнып, тақуалыққа бет бұрды.

Өмірінде тақуалықты ұстанып, ізгі істер көп атқарған Бишр кейбір бай-сұлтандардың салдыртқан құдықтарынан су ішпепті. Себебі, күмәнді қаражатқа салынғандықтан болса керек.

Бір күні өңі жүдеу бір әйел Ахмед ибн Ханбалға келіп сұрақ қойды:

– Жазда кешкісін тамның төбесіне шығып жіп иіремін, сол кезде мемлекеттің шамының жарығы еріксіз маған да түседі. Сол жарық маған адал ма?

Тосын сұраққа қайран қалған Ахмед ибн Ханбал әйелдің кім екенін сұрады. Әйел: – Мен Бишрдің қарындасымын, – дегенде, имам Ахмедтің көңілі босап, көзіне жас алды. «Сіздей тақуа жан тек соның шаңырағынан шықса керек» деді әйелге қарап. Ешкімге бұндай пәтуа бермеген Ахмед ибн Ханбал: – Сізге ол жарық адал болмайды, тұнығыңыз еш лайланбасын, кіршіксіз тазалығыңызды сақтай беріңіз. Мен сіздің бөтен шамның жарығын қолданғыңыз келгенде де қолыңыз өзі тартынатындай дәрежеге жетуіңізді тілеймін. Өйткені сіздің бауырыңыз сондай дәрежеге жеткен кісі еді. Алдына күмәнді ас қойылса, қолы өзі-ақ тартынып тұратын, – деді.

Ахмед ибн Ханбал Бишрдың жанына жиі-жиі баратын. Осыны байқаған шәкірттері имамға: – Сіз үлкен ғалымсыз, неге оған жиі бара бересіз? – дегенде имам: – Иә, жинаған ілімім одан артық екенін білемін, бірақ ол Алланы менен гөрі жақынырақ таниды, – деген екен. Сосын Бишрдің жанына барып: «Хаддисни ан Рабби» (Раббым жайлы айтшы) деп өтінді.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) Бишрдің түсіне кіріп былай деген екен:

– Хақ тағала достарыңнын арасынан неге сені таңдағанын білесің бе? Бишр: – Білмеймін, уа, расулаллаһ, – деді.

– Себебі сен сүннетіммен жүрдің әрі шәкірттеріңе өсиет-өнеге қалдырдың. Сахабаларыма өзіңді жақын ұстап, әхлі бәйтімді құрмет тұттың. Сені биік дәрежеге жеткізген осы.

Әулиенің жалаң аяқ жүргенін жануарлар да құрметтеп, тірісінде көшеге тезек тастамаған деседі.

Бишр кейінгіге мынадай өсиет сөздер қалдырған:

«Егер адам өзін басқалардың танығанын, білгенін қаласа, онда ол адам ақыреттің ләззатына қол жеткізе алмайды»;

«Егер халық сені танығанын қаласаң, онда дүниеге құмарта бастағаныңды біл»;

«Сондай бір тақуа адамдар бар, Алла тағаладан басқа ешкім оларды шын танымайды».

(Хилия, Кушайри рисалесі, Кәшфул-махжуб, Нафатахул-унс, Тазкиратул-әулиа)

3 пікір