Дүниеде еш жақсылық жасамаған, адамдарға азар беретін бір кісі қайтыс бопты. Оның жаназасын шығаруға ешкім келмепті. Сонда әйелі ерін өзі кебіндеп, бір арбаға салып, көму үшін ауылға жақын жердегі тауға алып кепті. Тауда қойларын бағып жүрген шопан әйелдің әбіржіген түрін көріп, хәлін сұрайды. Әйел болған оқиғаны айтқанда шопан қабір қазып, жаназасын шығарып, дұға оқып марқұмды жерлейді.
Әйел ауылына қайтады. Сол түні ауыл имамынан бастап бірнеше кісінің түсіне жаңағы қайтыс болған кісінің жәннаттық болғаны аян беріліпті. Ертесіне ауыл тұрғындары бұл аян түстің себебін білуге марқұмның үйіне барыпты.
Оның әйелінен:
- Ерің үнемі бізге зұлымдық жасап келді. Жақсы ісін көрмедік. Бірақ Алла оған неге жәннатты нәсіп етті? — деп сұрайды.
Әйелі ойланып, ойланып ерінің өмірінен бір жасаған жақсылығын есіне түсіре алмапты. Тұрғындар марқұмның әйелінен кеше не болғанын сұрады. Әйел бәрін баяндап берді. Сонда олар бір гәп шопанда екен, демек оның тегін адам болмағаны деп ойлап, тауға бет алыпты. Барып қараса жігіт қарапайым шопан, жүзінен тектілік ізі де байқалмайды.
Одан сұрапты:
- Ей жігіт, Алланың сүйіктілеріненбісің? Сен кеше көмген кісінің жәннаттық болғанын түсімізде көрдік. Кеше не болып еді?
- Мен әулие емеспін. Кеше мен көр қаздым, марқұмды жерледім. Жаназасын шығардым. Соңынан дұға жасадым.
- Иә, не деп дұға қылдың?
- Былай дедім:
- Е, Алла! Мен өмір бойы осы тауларда шопандық етіп келдім. Бұл тауларға Сенің сәлеміңді айтып келген әрбір жолаушыны қонақ етіп, сүт сауып бердім, ет жегіздім. Енді мен де саған бір қонақ жөнелтіп жатырмын. Оны өзің жақсы күтіп алғын, - деп дұға қылдым.
Алла кешірімді және мейірімді.