ӘМИЯН
ӘМИЯН
2 сағат бұрын 104

Баяғыда бір бай ішінде екі жүз алтын теңгесі бар әмиянын жоғалтып алыпты. Содан жан-жағына: «Кімде-кім әмиянымды тауып әкелсе, ішіндегі алтынның қақ жартысын соған беремін!» — деп жар салыпты.

Күндердің күнінде сол байдың бір қызметшісі әмиянын тауып алып, иесіне аман-есен табыстайды. Алайда, дүние десе шыбын жаны шығатын сараң бай берген сертін ұмытып, жүз алтынды қимай іші ашиды. Содан қызметшісін құр қол қайтару үшін қулыққа басып:

— Әй, бұл әмиянда алтыннан бөлек, құны қымбат гауһар тас та болуы керек еді. Сол тасты қайтарсаң ғана тиісіті сыйыңды аласың! — деп жала жауып, жалт береді.

Ақысына қиянат жасалған қызметші қазыға барып, болған жайды түгелімен баян етеді. Сөздің ақ-қарасын ажырату үшін қазы екеуін де алдына шақыртады. Сонда әділ қазы байға қарап тұрып:

— Сен «әмиянымда екі жүз алтын мен бағалы тас болды» дейсің. Ал мына табылған әмиянда тас жоқ. Демек, бұл сенің мүлкің емес. Сондықтан бұл әмияндағы алтындар иесі табылғанша қызметшіде қалсын. Ал сен болсаң, «екі жүз алтыны мен гауһар тасы бар әмияным жоғалды» деп жар салып, іздеуіңді жалғастыра бер. Мүмкін, әмияның әлі де табылып қалар...

Қазының әділ үкімінен сескенген бай іштей тынып, ләм-мим деместен қызметшісіне тиесілі жүз алтынын береді. Оған қоса, өтірік айтып, жала жапқаны үшін тағы он алтын айыппұл төлеуге мәжбүр болыпты.

islam.kz

 

0 пікір