Жолы болған «Валентин»
Жолы болған «Валентин»
10 жыл бұрын 3776
Алтынай Арманқызы

Бүгін мектепке кештеу келдім. Достарымның қолында бір-бір жүрек ашықхат. Қыстың ортасында не мейрам, әлде біреудің туған күні ме? Жо-жоқ, сыныптағы 8 жыл тай құлындай тебісіп өскен 15 оқушының туылған күнін жатқа білем... Ойымды сан-сарапқа бөлгенім сол, менен бұрын мән-жайға қанық болған құрбым Жұмагүл де қасыма келді:

- Мыналарды қара, «Валентин күніне» бір-біріне құттықтау үлестіріп жүр, қазақша Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу ғой, - деп қояды білгішсініп. Бұнымен бітпейді, кешке би кешін ұйымдастырады, келесің бе? 

- Апай ше?

- Мұғалімдер рұқсатын берді, жылына бір рет келетін мейрам ғой...

Імм...Енді есіме түсті. Ойланамын дедім құрбыма.

Сынып іші у-шу. Қыз болды, жігіт болды деген осы мекен? Әркім бір-біріне дайындығын айтып әлек. Үйге келіп тамаққа отырғанда әңгіме бастадым, бір жағынан атамнан би кешіне сұранып:

- Валентин күні біздің мейрам болса, неге аты басқаша?

- Атам қазақтан Валентин түгілі махаббат деген мейрам атымен қалмаған, ол не пәле? - деп ыршып түсті  шайын сораптап отырған атам. Өзіме де сол керек, сыныптағы осы күнге ұйымдастырылған кеш жайлы да айтып бердім, баруға құмартып тұрмасам да, бірінші рет сынып болып жиналғалы тұр ғой. Жаңадан бері үнсіз қалған атам да менің сөзімді күткендей:

- Қызым-ау, сенің ақылың көп қой. Осы «Валентинді» тойлап жүрген қазақтан тарихын сұрасаң, ешкім өзінің не үшін тойлап жүргенін білмейді. Еуропадан келген бұл мейрамның аңызы жайлы неше түрлі болжам бар. Біз мұсылманбыз, мұндай мереке бізге жат қылық, есіңде болсын! 

Үстел басынан ешкім тұрған жоқ, қыбыр еткен дыбыс та жоқ, себебі атам осыны айтты да ойланып қалды және қабағы түюлі. Бір мезгілде қайта басталды:

- Сендер әлі баласыңдар, мектеп жасындағы оқушыларға махаббат күні деп би кешін ұйымдастыруға рұқсат берген қай ұстаз? Қазірден баламның қатесін түземесем «Қазақтың Валентин күні» болып кететін түрі бар. Жолы болғанын көрдің бе, қазаққа сіңіп! Мектебіңе барып айтайын, үлкендер аз емес тойлап кеткен, ең болмаса немерем жастыларға шамам келер, қазірден әуес қылмайын! - деп орнынан ұшып тұрды. Енді қайттім, атам шу шығарса, ертең сыныптастарым естіп ренжитін, мазақтайтын болды...

- Ата, мен биге бармаймын, ешқайда бармаңызшы, сыныптағыларға да ата-анасы сіз сияқты ұрсып жатқан шығар, - деп шыр-пыр болып атамды әрең дегенде орнына қайта отырғыздық. Атамда біраз тынышталды, бірақ мен білсем ол кісі айтқанын орындамай тынышталмайтын жан...

Шынымен ойласам, көрші Марат аға да жаңа араққа сылқия тойып алып: "Мейрамға бір бөтелке қойсаңшы", - деп үйдің мазасын алып кеткен. Енді қарасам бөтелкесін де, қасына серік болар «достарын»да тапқан сияқты...

Бұл «Валентиннің» әлегі әлі бітер емес... Кеш түсер түспестен біздің көше бөрідей шулап жатыр. Марат ағаның әйелі 4 баласымен жалаң аяқ үйге қашып кірді. Сөйтсек, бәрі түсінікті болды. Көрші ағамыз Валентин күнінің құрметіне мас болып, шөлмегі таусылған соң, тағы ақша бер деп, әйелі мен балаларының берекесін алыпты. Олар үнсіз шаруасын жасай берген соң, алдына салып, таяқтап қуа жөнелген ғой. Енді оның отбасы біздің үйде. Әрине бүгінше осында түнейді. Ал, ертең төртеуі бірдей сабаққа қалай барады екен?!Атам үйге бір кіріп, бір шығып тыным табар емес.

- Әлгі үйіне жетпей құлапты, қардың үстінде айқайлап жатыр. Ойпырмай бұл не керемт өзі, басқа мейрам аздай, өздері жиі «мерекелететіндерге»тіпті құп болды-ау мына «Валентин», араққа тойдырып. Біз түгілі өз елдерінде дауға айналған күнді төбесіне шығарады. Намысы бар қазақ болса, сонау жылдан бері тойланатын дәстүрге айналмайтын күн еді! Апталдай бір отбасының азаматтары мынандай, балаға не айтам, күнәға әбден батты-ау, бұлар еңбегін әйелімен балаларының аузынан жырып, - деп күйініп жүр.

- Міржақып атамыз «Оян,Қазақ!» деп үндеп өзі мәңгілік ұйқыға кетсе де, қалғанымыз әлі маужырап жүргеніміз сол.. - деді де атам отыра кетті. Күйінбеген де ше, ол бес уақыт намазын қаза етпеген, мереке тойлап көрмеген жан. Мен бір бұрышта үнсіз қалдым. Атамның шырылдауы дұрыс. Шетел түгілі орыстың өзі Ұлыстың ұлы күнін мейрам деп тойлап жатқанын көрмедім... Ертең достарыма осы атамнан білгенімнің бәрін түсіндіремін...

Төмендегі әлеуметтік желілері немесе сайтымызға <кіру> арқылы дауыс бере аласыз
Баға
2.2
47 дауыс
0 пікір