Кедейліктен құтылудың жолы
Кедейліктен құтылудың жолы
10 жыл бұрын 15359
Салтан САЙРАНҰЛЫ

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы бұрынғылардың сөзін келтіре отырып, былай дейді: «Кедейлік  үш  ағайынды  болады: үлкені  –  кежірлік,  ортаншысы  – еріншектік, кенжесі – ұйқы». Қазақтың таным-түсінігінде адамды кедейлікке ұрындыратын, берекесін қашыратын осы үш кесел екен. Жалпы, бұл үшеуі дініміз Исламда да қош көрілмейтін дүниелер. Қасиетті Құран да, өсиетті хадис те бұлардан ұзақ тұруға шақырады.

 

Кежірлік не?

Әуелі бұл кеселдерге қысқаша сипаттама беріп кетейік. Бабамыз Мөңке би ақырзаман белгілерін баяндай келе: «Ішегіне шынашақ айналмайтын, Ежірей деген ұлың болады. Ақыл айтсаң ауырып қалатын, Кежірей деген қызың болады», – дейді. Мұндағы «Кежірей деген қызың болады» дегені «ақылыңа көнбейтін, айдағанға жүрмейтін қырсық, қыңыр қызың болады» дегені. Демек, кежірлік – қыңырлық, тоңмойындық, қисықтық, қырсықтық деген сөз. Ислам ғұламалары қыңырлық пен тоңмойындылық тәкәппарлық пен менменшілдіктен туындайтынын айтады. Қазақ «қыңыр» деп өзінің ойын ғана жөн санап, өзгенікін мойындамай, қатып қалған пікірінде табандап тұрып алатын, тіл алмайтын, тілазар адамдарды айтады. Қасиетті Құранда да ақиқатты мойындағысы келмейтін, Аллаға бойұсынбайтын, Құдайға құлшылықта асылық қылатын, қаншама дәлел әкеліп, ақиқатқа шақырсаң да өз дегенінен қайтпайтын, менменшіл, тәкәппарларға «қыңыр-қисық», «тоңмойын» дейді. Алла Тағала ондай қауымдардың талайын жер бетінен жойып жіберген. Оған тарих – куә, Құран – дәлел.

Қасиетті Құранның «Һұд» сүресінде: «Міне, сол Ад әулеттері де Тәңірінің тағылымдарын жоққа шығарды, оның пайғамбарларын мойындамады, шектен шыққан қыңыр-қисық, рақымсыздардың айтқандарына ілесті. Оларға бұл дүниеде дәулет берілсе, о дүниеде лағынет айтылады. Естеріңде болсын, Ад қауымы Тәңірді мүлде танымады. Иә, иә, Һұд қауымы – адтықтар жойылсын!» («Һұд» сүресі, 59-60 аяттар), – дейді.

Сондай-ақ, Ибраһим сүресінің 15-16-шы аяттарында да Алла Тағала: «Пайғамбарлар Алладан медет тіледі, шектен асқан тоңмойын, рақымсыздардың бәрі жойылды. Олардың алдында тозақ күтіп тұр. Онда ішкендері – ірің, жегендері – желім болады», – дейді.

Кежірлік надандықтың ағайындысы. Кежірлікке бой алдырып қойғанға дауа жоқ. Себебі, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы екі түрлі ауруға дауа жоқ дейді: «Соның бірі: «Өзің білме, білгеннің тілін алма!»  —  деген  қарғысқа  ұшыраған  ақымақтардың  ақымақтығына  дауа  жоқ». Міне, бұл дауасыздық осы кежірліктен басталады. 

 

Еріншектік не?

Ал екіншісі «жалқаулардың  жалқаулығына,  еріншектің  ездігіне  дауа  жоқ (Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы). Бұл кедейліктің ортаншысы. Сол себепті де Пайғамбарымыз: «Уа Аллаһым, дәрменсіздіктен, жалқаулықтан, қорқақтықтан, қаусаған қарттықтан, сараңдықтан саған сыйынамын!», – деп дұға қылған. Үмбетіне де бұл дұғаны үйреткен. Себебі, бұлар адамды қор қылатын, жер қылатын дүниелер. Абай Құнанбайұлы  да: «Адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшіншісі – залымдық», – дейді.

Жалпы, жалқаулық деген не? Жалқаулық – бойында күш-қуаты бола тұра амалға аяқ баспау, іс-әрекет етпеу, жұмыс істеуді сүймеу, жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүргенді ұнату. Ислам діні бұған түбегейлі қарсы. Себебі, еріншектік, жалқаулық қайыршылыққа жол ашса, қайыршылық кедейліктің нағыз өзі. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы да:

«Қайрат қыл, жалқаулықтың жібін үзіп,

Көрген жан түңілмесін күдер үзіп.

Бойыңа жалқаулықты үйір қылсаң,

Жүресің көрінгенге көзің сүзіп», – дейді. Сондықтан да, Пайғамбарымыз: «Өз еңбегімен тауып жеген наныңнан қайырлы ас жоқ», – дейді. Тағы бір хадисінде: «Араңыздан кім маған адамдарға жүк болмауға, олардан тіленіп бірдеңе сұрамауға сөз берсе, мен де оған Жәннатқа кіретініне кепілдік беремін», – дейді.

Бұл екі хадис жалқаулықтың дінімізде қаншалықты сұрықсыз қасиет екенін көрсетеді. Қасиетті Құранда да: «Бір істі бітірсең, екінші іске көш» («Шарх» сүресі, 7-аят), – деп Алла Тағала адамды бос жүрмеуге, іс қылуға, жалқаулықтан арылуға шақырады. Себебі, адамдарды құлшылықтан тосатын да, ықылассыздыққа, енжарлыққа соқтыртатын да  – жалқаулық. Сондықтан да, Ғаламның рахым нұры болған сүйікті Расуліміз әр дұғасында Алладан жалқаулықтан сақтауын сұрап отырған.

 

Ұйқы не?

Ал енді ұйқыға келсек... Қазақ «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» дейді. Ырысы артық жан кедейлікке әсте ұрынбас. Үш арсыздың бірі де осы ұйқы. Сүйікті Пайғамбарымыз: «Үмбетім үшін мына нәрселерден қатты алаңдаймын: шертитіп қарын шығарудан, көп ұйықтаудан, жалқаулықтан және иманның әлсіздігінен», – деген.

Ел арасындағы мына әпсана да ұйқының ырзық-несібеге қаншалықты қас екеніне дәлел: Дүниеде ит көп пе, қой көп пе? Бұл сұрақты кімге қойсаңыз да қойдың көп екенін бірауыздан мойындайды. Мәселен, ауылыңыздағы барлық иттердің қоссаңыз да саны сол ауылыңыздағы бір үйдің де қойына жетпейді. Жылына қаншама миллиардтаған қой құрбандыққа шалынады. Қазақтың өзі бір жазда «сенде жазық жоқ, бізде азық жоқ» деп қаншама қой жеп қояды. Бірақ, сонда да қойдың саны иттен көп. Ит қойша желінбейді, қойша сойылмайды. Бірақ, бәрібір қойдың санына жете алмайды. Бір қызығы қой жылда бір рет бір ғана қозыдан тапса (қойда егіз табу сирек), ит бір күшіктегенде кемі 5-6-күшік туады. Кейбір иттер кейде жылына екі рет күшіктейді. Алайда, саны бәрібір қойдан аз. Неге? Сөйтсе, ит қойды түні бойы күзетеді екен де, тура күн шығар уақытта ұйықтап қалады екен. Ал қой болса, Алланың ырзық-несібесі үлестірілетін күн шығар уақытта оянып, өріске кетеді. Сол себепті де таңды көзімен атырған қой қанша сойылып, желініп жатса да, ырзығы кем иттен көп.

Қазақтағы бәріміз білетін жылға таласу ертегісі де осындай бір мысал. Бойына сеніп, күн шығарда ұйықтап қалған түйе де жылдан өз үлесін ала алмай қалады емес пе? Ал күн шығарда еңбектеніп, тырмаңдап түйенің басына шығып, күнді бірінші болып көрген тышқанның нәсібі түйеден артық болып, жылдың басы болады. Бұл екі мысал да көп ұйқының ырзыққа тосқауыл болатынына дәлел. Екеуі де Пайғамбарымыздың хадисінен негіз алады. Пайғамбарымыз: «Таң намазынан күн шыққанға дейін ұйықтамаңдар!», – дейді. Себебі, Алла Елшісінің айтуынша, таңғы ұйқы ырзық-несібенің жетуіне кедергі болады. Пайғамбарымыздың қызы Хазіреті Фатима анамыз былай дейді: «Таң намазынан кейін бірден төсекке жатып қалып едім, әкем оятып: «Қызым, тұр, ғапылдарға ұқсама! Алла ырзықты таң намазының уақытында береді», – деді. Пайғамбарымыз ырзықтардың таң намазынан кейін үлестірілетінін айтады. Сол себепті де үмбетін күн шыққанша ұйықтамауға шақырады. Сахаба Ибн Аббас та таңертең ұлын оятып: «Ұлым, тұр! Ырзықтардың үлестірілетін уақытында ұйықтай ме екен? Бұл уақытта ұйықтау жалқаулықтың белгісі, ұмытшақтыққа себеп болады», – дегенін білеміз. Ендеше ұйқы да кедейлікке әкеп соқтыратын үлкен бір себеп екенін түсіндік.

 

Кежірлік, еріншектік, ұйқыдан құтылудың жолдары

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы былай дейді: «Кежірліктің тамыры желкеде болады. Кежір кісінің желкесінен тартып, қаңтарып қойған қырық  қаңтаруы  болады. Бірі жіберсе де, бірі жібермей, ішетұғын астан, алатұғын олжадан  құр  қалдырады. Жалқаулықтың  тамыры  жерге  отырарлық  дүнбенің  алақан аясындай  айналасында  болады. Орнынан қозғалып тұрғысы  келмейді,  шайқалып  отыра береді. Ұйқының  тамыры  шынтақта  болады. Ұйқышы болатұғын қу шынтағын жерге тіреп жата береді. Тілалғыш, елгезек болып үйрен, кежірліктен құтыласың. Тіпті дәнеме қылмасаң да, жаяу аяңдап, олай-былай жүріп үйрен, жалқаулықтан құтыласың! Дүние-ақыреттің бірі  болмаса, бірінің уайымын ойлап: «Қалай қыламын, қайтіп  есебін табамын?!» – деген ойға түс, ұйқышылықтан құтыласың. Бұл үшеуінен құтылсаң, әр нәрсеге жетеді. Бұл үшеуі: бірі желкеңнен тартып, біреуі дүнбе құйрығының жерге қарай жабыстырып, бірі шынтағыңнан қисайта құлатып жібермей, табандап жатқан соң, қолың қайда жетсін?! Өзіңнен-өзің к...тіңнен кейін қарай кетіп, қор боласың».

Ендеше, Алла кежірліктен, жалқаулықтан, көп ұйқыдан сақтасын дейік, ағайын!

13 пікір