Асық ойынының 4 түрі
Асық ойынының 4 түрі
7 жыл бұрын 18225
Айып НҮСІПОҚАСҰЛЫ

Ерте замандардан бері, қазақ балалары өмірде кездесетін түрлі заттардан өздеріне лайық ойыншықтар жасап, ойын түрлерін молайтып отырған. Əсіресе, қой, ешкі, таутеке, тауешкі, арқар, құл жа сияқты жануарлардың асығы мен тайынша-торпақтың томпайларын пайдаланып көңіл көтеріп, зейін-зердені ашатын сан алуан ойын түрлерін шығарған.

Хан ойыны

«Хан» ойыны – асық арқылы ойналатын ойын. Ол екі түрге бөлінеді. Оның бірі – «терме», енді бірі «аламан хан» деп аталады. Сол себепті, бұл ойынды ойнар алдында ойыншылар: «хан терме» ойнаймыз ба, əлде, «аламан хан» ойнаймыз ба деп келісіп алады. «Хан» ойынын ойыншылар негізінен бір жолда екі адамнан кезектесіп ойнайды. Екі-екіден, үш-үштен ойнауға да болады. Мұнда, əр ойнаушы бір реткі ойынға жеті асықтан жоғары асық қосып, одан сырт, үлкен, əдемі боялған асықтан біреуін хан сайлап, оны екі жақтың асы ғы мен қосып араластырып, кілем, киіз үстіне шашып жібереді де, шашылып жатқан асықтың жағдайына қарай отырып, үйіліп немесе бір-бірін басып түскен, қағып алуға қолайсыз асықтың бірін
алып, оны жоғары лақтырып жіберіп, сол аралықта жерге шашылған асықтың бірін іліп алып, өзі лақтырған асықты жерге түсірмей қайта қағып алып, осы қағида бойынша асықты бір-бірлеп тере бастайды.

Ең соңында жалғыз қалған ханды қолына түсірсе, яғни, ханды да қағып алса, ол жеңімпаз болады да, жеңген жағының басынан кертоқай алады немесе суға салған жүзікті аузымен ілдіріп жəне əн айтқызып, күй тартқызады. Ал егер, ойыншы жердегі асықты теру барысында өзі қосқан асық санына жеткізіп үлгірмеген аралықта теретін асығы теру барысында басқа асықты қозғап кетсе немесе қолы жердегі басқа бір асыққа тиіп кетсе жəне лақтырған асығы жерге түсіп кетсе, онда асық ханталауға түсіп, екінші ойыншы жердегі асықты бір-ақ сыпырып алып, ойыншының қолындағы асығымен қосып араластырып-араластырып, жерге қайта шашып ойнайды.

Егер ойыншылар теріп алған асық санын өздері қосқан асық санына жеткізіп алған соң, жоғарыдағыдай ойын шартына қиғаш келсе, онда оның қолындағы асығы ханталауға түспей, өз қолында қала береді де, ойынды серігі жалғастырады əрі ол да ойын ережесіне қиғаш келгенге дейін асық теріп əрі терген асығына ие болып қала береді. Ойын кезегін серігі алады. Осылайша ойын жерге шашылған асық таусылып, ең соңында ханды алғанға дейін жалғасады. Соңында, терген асық сандары мен ханның кімнің қолында екендігіне қарай, жеңілген жағынан кертоқай алынады немесе оған басқадай ойын көрсеткізеді.

Аламан хан

Бұл ойында ойыншылар бір жолда екі адамнан алма-кезек (бірі қалса, екінші) ойнайды. Екі-екі, үш-үш, төрт-төрттен ойнауға да болады. Ойын тəртібі мынадай болады, яғни, ойынға қатынасушы əр бір адам əр реткі ойынға жетіден жоғары асық қосып, одан сырт, үлкен əрі əдемі бір асықты хан сайлап, оны ойнаушылардың асығына қосып араластырып, кілем, киіз сияқты таза жерге шашып жібереді де, шашылған асықтың жағдайына қарай отырып, бас бармақ немесе сұқ саусақ пен ханға дəл тиеді-ау деген бір асықпен атып ханды алады да, ханды атқан асықпен оның маңайындағы тағы бір асықты атып алады əрі хан атқан асықпен үшінші рет тағы бір асықты атып, бұл рет атқан асығы мен атылған асығының қалаған біреуін алады да, ендігі жерде шашылған асықтардың кез келген жерінен бір-біріне оңай тиетін асықтарды бір-біріне атып, қалаған бірін асық таусылғанша алып отырады. Егер ойнау барысында ойнаушының қолы немесе атқан асығы басқа асықтарға өзі ойынға қосқан жеті асығының санына жетпеген аралықта тиіп кетсе, қолындағы атып алған асықтарымен қоса барлық асық ханталауға түсіп, ойын кезегін екінші адам өткізіп алады. Ал, алғашқы ойнаушы атып алған асық санын (ханды қосып есеп тей ді) жетіге толтырып алғаннан кейінгі жерде қолы мен атқан асығы басқа асықтарға тисе, онда қолындағы асығы ханталауға түспей, өзін де қала береді де, ханталауға жерде қалған асықтар түсіп, ойынды екінші бір адам жалғастырады əрі ойында осы реттен бастап ойнаушы əр кезекте қанша асық атып алса, соншасына ие болып отырады да, соңында ұтқан асық саны мен ханның кімнің қолында екендігіне қарай қорытынды жасалып, ұтылғандардан кертоқай алынады немесе оларға ойын көрсеткізеді.

Үш табан

«Үш табан» ойынын бір жолда бірнеше бала ойнай береді. Онда, ойыншылар қолдарына бір-бір сақа алып, əр реткі ойынға бірден, тіпті, бірнешеден асық тігіп қояды да, мөлшерлі жерге барып, бір көлденең сызық сызып, сол арада сақаларын сайыстырып, сақаларының алшы тұру ретіне қарай əрқайсысы ойын кезегін алып, сызған сызықты баса тізілген асықтарды атады да, атқан асығын үш табаннан асырса, ала береді. Ал, үш табаннан асыра алмаса, ойын кезегі өзінен ке йін гі серіктеріне беріледі. Ойын тəртібінде: асық атушының атқан асығы үш табаннан асқан-аспағандығын, асық атушы емес, қайта оның серіктері анықтайды.

Бұл ойында балалар бір-біріне пай салмайды жəне бір-бірінен кертұқыл алмайды. Керісінше, əрбір ойыншы үш табаннан асырып атып алған асығы қанша болса, соншасына ие болып қала береді, яғни ұтып алған асықтарының заңды иесіне айналады.

Бүк-шік

« Бүк-шік» – асық ойындары ішіндегі біршама қарапайым түрлерінің бірі. Бұл ойынды бір жолда бірнеше бала ойнай береді. Ойын тəртібі мынадай болады: ойыншылар қолдарына сақаларын алып, əр реткі ойын сайын бірден, тіпті бірнешеден асық тігіп қояды да, мөлшерлі жерге барып: «асықты осы арадан атамыз» деп, бір көлденең сызық сызып қояды. Онан соң, сақаларын сайыстырып (сақаны үйіріп жерге тастап), сақаларының алшы түсу ретіне қарай ойын кезектерін алып, сызған сызықты басып тұрып, тізіп қойған асықтарды дəлдеп атып қалады. Содан сақасы тиіп, бірі бүге, бірі шіге түссе немесе сақасы алшы тұрып, тіккен асық бүге-шіге түссе де (тек тəйке түспесе болғаны), «келді» деп, оны ала береді əрі ойынды да асығы қашан келмей қалғанға немесе сақасы атқан асығына тимей қал ған ға дейін жалғастырады. Сақасы атқан асыққа тимесе немесе атқан асығы келмесе, ойын кезегін өзінен кейінгі ойыншы алады. Ойын осы тəртіппен жалғаса береді.

Бұл ойында да ұтылған ойыншыдан кертоқай алынбайды жəне одан түрлі ойын көрсету талап етілмейді. Тек əр ойыншы қанша асық ұтса, соншасын иелеп қала береді. Ұтылған жақ оны қарсы жағынан қайтарып алу құқығынан айырылады.

Асық ойындары да басқа ойындар сияқты балаларды ептілікке, шеберлікке баулып, зейін-зерделерін ашады. Жасампаздық қабілеттерін арттырып, бəсекелік қуаттарын жоғарылатады. Əсіресе, «хан ойынының» балаларға беретін ғылыми мəн-мағынасы өте жоғары. Ойын барысында балалар əділ, турашыл, адал болып, халықты тəртіпті, тыныш басқару қажеттілігін, ел тəртібі мен халық тыныштығын бүлдірсе, ханталауға түсіп, халықтың жазасына ұшырайтындығын ұғындырады. Сөйтіп, осы ойын арқылы балалар бір жағынан, көңіл көтеріп, зейін-зерделерін ашса, енді бір жағынан, ел басқару, көш бастау ісінен хабардар болады.

1 пікір