Үшінші дүниежүзілік соғысты Түркия бастауы мүмкін бе (видео)
Үшінші дүниежүзілік соғысты Түркия бастауы мүмкін бе (видео)
6 жыл бұрын 7778 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Кез келген соғыс күтпеген жерден, ойламаған тұстан басталуы мүмкін. Соғысты бастау үшін болмашы іліктің өзі жеткілікті болуы мүмкін. Оның қатері сонда. Соғысты бастау үшін міндетті түрде жаппай қырып-жоятын қаруға ие болу қажет емес. Соғыс өрті саяси, геосаяси жайттар, кез келген елдің билік басында отырғандардың ұстанымы мен тұлғалық қасиеті және өзге де факторлардан (мүдде қақтығысы, су, т.б. ресурстардың тапшылығы, экономикалық тығырық, арандату, т.б.) тұтануы мүмкін. Әдетте сарапшылар бүгінгі таңда үшінші дүниежүзілік соғыс ошағына Корей түбегін, сепаратистердің кесірінен қарулы қақтығыс орын алған Украина аумағын, ширек ғасыр бойы оттың ортасында қалған Таяу Шығыс аймағын жатқызып жүр. Десе де басқа нұсқаларын жоққа шығармайды. Британиялық «Express» мерзімді басылымында Түркия қарулы күштерінің Израилге жаппай шабуылға шығуы мүмкін екені айтылған мақала жарияланды. Нақтырақ айтқанда, аталған дерек көзінде келтірілген мәліметке қарағанда, Түркияда Израилге баса-көктеп кіру үшін 100 әскери ұшақ пен 500 соққы беруге арналған тікұшақ сақадай-сай дайын тұр. Бірден айта кету керек, арандатуға толы бұл мақала Еуропа елдерін кәдімгідей дүрліктірді. Британдық сарапшыларға сенсек, Түркияның қазіргі билігі үшінші дүниежүзілік соғысты бастап жіберуі мүмкін. Кез келген сәтте. Егер түріктер Израилге жаппай жорыққа шықса, бұл соғысқа тек Израил ғана емес, сонымен бірге, сионистердің АҚШ бастаған жақын одақтастары да қарап қалмайды. Бұған қоса, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Ислам ынтымақтастық ұйымына («Organisation of Islamic Cooperation») мүше 57 елден "Ислам армиясын" жасақтауды ұсынып жүргенін де келтіріпті аталған мақалада. Бұдан бөлек, Түркияның Сириядағы күрд лаңкестеріне қарсы жүргізіп жатқан әскери опреациялары да батыс елдеріне ұнамайды. 

 

0 пікір
Мұрағат