Тибеттіктердің бала тәрбиесіндегі ерекшеліктері
Тибеттіктердің бала тәрбиесіндегі ерекшеліктері
7 жыл бұрын 4011
Аударған Шынар ӘБІЛДӘ

 Ешбір кемсітуге жол бермеу және тәніне зақым келтірмеу. Баланы ұрғызатын жалғыз себеп, бала қарымын қайтара алмайтындығында жатыр. Мұндай өрескелдік «тым нәзік әрі ерекше» жандардың күнәсі.  

 Алғашқы аралық 5 жасқа дейін

Баланы хан көріп, төбесіне көтереді. Ештеңеге тыйым салмайды. Тек назарын бұрып отыру керек. Егер бала қауіпті нәрсе жасаса, түрі бұзылып, қорқып шыңғырады. Бала мұндай тілді жақсы түсінеді. Бес жасқа дейін белсенділік, айналаны тану, өміргі қызығушылық дамиды. Бала ұзақ логикалық ой жүйесін қалыптастырмайды. Мәселен, ол өте қымбат гүлсалғышты шағып алды делік. Ол мұндай нәзік затты сатып алу үшін маңдай тер төгіп, көп уақыт күту керектігін түсінбейді. Жазалауды ол күштінің алдында қысым көру деп қана түсінеді. Сіз оған гүлсалғыш сындыруды емес, өзінен күштіге бағынуды ғана үйретесіз. Бұл сізге керек пе?      

Екінші аралық 5 жастан 10 жасқа дейін

Бұл кезеңде баланы құлша жұмсау мақсат етіледі. Оған түрлі тапсырма беріп, соның орындалуын қадағалау міндет. Жасай алмағаны үшін тәнге зақым келтірмей жазалауға да болады. Осы шамада оның санасы белсенді түрде жетіледі. Бала өзінің қылығына өзгелер қалай қарайтынын болжауды үйренеді. Өзіне жағымды қарым-қатынасты қалай орнату керектігін ұғынады. Теріс пиғыл тудырудан сақтанады. Оны түрлі білім үйренуге жегуге қорықпаңыз.    

Үшінші аралық 10 жастан 15 жасқа дейін

Бұл мезгілде баланы қалай тәрбиелеу керек? Онымен қандай қарым-қатынас орнату маңызды? Теңдей көріңіз. Бірдей емес, теңдей. Өйткені, сіз бәрібір оған қарағанда тәжірибелі, өмір көрген адамсыз. Маңызды нәрсенің барлығында кеңесіп отырыңыз. Ақылын сұраңыз. Мақтап отырыңыз. Өзі біліп істегенін құптаңыз. Өз ойыңызды пікірлесу кезінде байқатпай, кеңес беру, ақыл айту арқылы ғана білдіріңіз. Егер бірдеңе ұнамаса, дереу тікелей тыйым салмау керек. Тек сол мәселенің кері жағына, ұтылатын тұстарына басымдық түсіріңіз. Бұл кезеңде баланың дербестігі қалыптасып, еркін ойлау жүйесі дамиды.    

Соңғы аралық 15 жастан жоғары қарай

Оған құрметпен қараңыз. Енді бала тәрбиелеу тым кеш. Тек не еккеніңізді орудың ғана мүмкіндігі бар.

 

Бұл қағидаларды орындамаса, қандай жағдай орын алады?

- Егер баланы 5 жасқа дейін, ұрып-соғып, басып тастаса, оның өмірге деген қызығушылығы жойылып, өмірлік белсенділігі бәсеңсиді, санасы, ақылы, иммунитеті дұрыс дамымайды. Бала ойсыз күйі өзінен күштіге бағынуды ғана үйренеді. Түрлі оңбағандардың оңай олжасы болатын құрбандық жасап шығарасыз.  

- 5 жастан соң да еркелете берсеңіз, бала инфантильді, яғни дұрыс жетілмей қалады. Еңбек пен оқуға қабілеті аз болады. Рухани өсуге бейімсіз келеді.

- Егер баланы 10 жастан кейін де кішкентай көріп, қамқорлық таныта берсеңіз, ол бала сенімсіз болып өседі. Өзінен гөрі еркіндеу достарына тәуелді болып тұрады. Бірақ олар әрдайым дұрыс әсер етеді деу мүмкін бе?

- Егер баланы 15 жастан соң сыйлай алмасаңыз, ол оны сізге кешірмейді. Ең алғашқы мүмкіндік туғанда сізден іргесін аулақ салады. Қайтып оралмауға тырысады.

0 пікір