Жомарттық деп нені түсінеміз?
Жомарттық деп нені түсінеміз?
7 жыл бұрын 21486
Алау ӘДІЛБАЕВ

 Жомарт Аллаға, жәннатқа және халыққа жақын, жаһаннамнан алыс. Сараң Алладан, жәннаттан және ел-жұрттан алыс, жаһаннамға жақын»

(Хадис)

Қолдың ашықтығы, қайырымдылық және жақсылық атаулы – жомарттықа тән қасиет. Жомарттық – мұқтаж жандарға қолындағы мүмкіндігіне қарай, рұқсат етілген шеңберде тек Алланың разылығын ғана ойлап, ешқандай алғыс немесе мақтау күтпестен риясыз жәрдем беруді білдіретін жоғары адамдық қасиет. Бұл қасиет – дарқан көңілдердің иелері әнбия, әулие және салих құлдарға тән Алланың құдіреті мен мейіріміне деген адал сенімнің белгісі. Күдіксіз, Алла тағалаға деген кәміл иман нышандарының бірі – өзіндегі несібе-нығметтерді басқалардың бақыты үшін де жұмсай білу.

Мүмін Алланың көркем есімдерінің бірі – Раззақ (Ризық беруші) екенін біліп, Алла тағаланың осы есімі арқылы бүкіл жаратылысқа құт-береке, өмірге қажетті барлық ризық-несібесі беріліп тұр деп сенеді. Құранда айтылғандай «Жер бетіндегі жәндіктердің бәрінің ризығы Аллаға тән...» деп сенген адам қолындағы барын беруден қорықпайды, қайта қуанып, өзін бақытты сезінеді. Нығметтерді жіберген Жаратушысына шүкіршілік етеді. Қарымын ақыреттен күтіп, мал-мүлкін молынан береді.

Көркем мінездің ажырамас бөлігі – жомарттық. Құдіретті Жаратушымыз көптеген аяттарда мұсылмандарды жомарттыққа, Алла жолында жақсылық жасауға шақырады. «Мұхаммед» сүресінің 38-аятында Аллаһ тағала: «Негізі, сендер Алла жолында мал жұмсауға шақырылудасыңдар. Алайда, араларыңда сараңдар бар. Кімде-кім сараңдық жасаса, өзіне сараңдық жасағаны. Өйткені, Алла - бай, сендер - кедейсіңдер. Егер Алладан теріс айналсаңдар сендердің орындарыңа басқа қауым әкеледі. Олар сендер секілді болмайды», – дейді. Негізінде Алла ешкімнің бергеніне мұқтаж емес, бермеген адам өзіне сараңдық еткен болады. Алла дүние-мүлкін жақсылық жолында жұмсамайтын қауымның орнына басқа қауым жіберетінін айтып, ескерту жасайды. Олар иман мен тақуалыққа ие болып, Аллаһтың уәде еткен сауаптары мен жетістігіне жетеді. Тағы бір аятта: «Алланың кеңшілігінен өздеріне берілген нәрселерінде сараңдық еткендер, бұны өздері үшін қайырлы деп ойламасын. Жоқ, бұл оларға жамандық әкеледі. Сараңдық еткен нәрселері қиямет күні олардың мойнына оралады. Көктер мен жердің мұрасы Алланікі. Алла тағала сендердің істегендеріңнен толық хабардар», – делінген.

Сараңдыққа байланысты Әбу Зәрр былай дейді: Пайғамбарымыз Қағбаның көлеңкесінде отырған уақытта қасына бардым. Мені көрген кезде кейіп:

– Қағбаның Раббысына ант етейін! Олар зиян шегеді, – деді. Мен зиянға ұшыраушылардың кім екенін білмек болып:

– Уа, Алланың елшісі, сенің жолыңда әке-шешем садаға кетсін! Олар кімдер? – деп сұрадым. Пайғамбарымыз:

– Олар көп байлығын оңына да, солына да, алды-артына да осылай молынан беретін жомарттардың санатына жатпайтындар, – деп, артынша былай деді: – Әттең, ондай дарқан мінезді адамдар қаншалықты аз. Мынаны біліп қойыңдар, түйесі, сиыры, қойлары бар бола тұра зекетін бермеген әр адамның ақиретте сол малдары мастана алдарынан шығып, алма-кезек сүзгілеп, тұяқтарымен таптайды. Соңғысы бітер-бітпес алғашқы мал әлгі сойқан азапты және бастай жөнеледі. Сөйткен бұл қорлық адамдар арасында үкім беру мерзімі біткенге дейін жалғаса береді.

Құранда жомарттық жиһадпен тең саналған. Құл өз ризығынан басқа құлдарға да үлес беру керектігі (Бақара, 254) ескертіледі. Жомарттықтың қиямет күнінде адамды түрлі қиындық, азап пен өкінуден құтқаруға себепкер болатыны (Бақара, 222) айтылады. Кейбір аяттарда жомарттық сауда-саттыққа ұқсатылып, жасаған жақсылықтар Аллаға берілген қарыз есебінде көрсетіледі (Бақара, 244; Мәида, 13; Хадид, 11). Алла үшін жұмсалған дүние-мүлік ақыретте сан есе артық болып қайтарылады. Міне, Аллаһ адамдарды осындай мол табысқа жеткізетін абзал амалға шақырып, жомарттыққа ынталандырады.

Жүректер жомарттық арқылы тазарып, саф халіне түседі (Ләйл,18). Өйткені, күпірлік пен екіжүзділіктен кейін, жүректі дүние-мүлік пен байлыққа деген құмарлық кірлетеді. Құранда адам баласының осы әлсіз жағын нұсқап: «Байлық, дүние-мүлікті тым жақсы көресіңдер», – дейді. Дүниеқоңыздық адамның ниетін бұзады, «мен мынаны елге таратып берсем, өзіме ешнәрсе қалмайды», – деп, шығайбайшыл ойға беріледі. Өзі екі ойлы адамды шайтан да одан ары азғыра түседі. Құранда: «Шайтан кедейшілік, жоқшылықпен қорқытып, сендерді арсыздыққа итермелейді», – деп ескертеді. Алайда, «Берілген байлық пен дүние – адам үшін бір сынақ». Осы сынақтан сүрінбей аман-есен өтудің бірден-бір жолы – кеңпейілді, жомарт болу (Тағабун, 15-17).

Ислам ғұламалары жомарттықты бірнеше сатыларға бөледі:

Сахауат. Мал-мүлкіңіздің бір бөлшегін беру арқылы жасалған жомарттық. Бұл жомарттықтың ең төменгі дәрежесі ретінде қабылданған. Бұған зекет беру кіреді.

Жуд. Дүние-мүлкінің көбісін беріп, азын өзіне алып қалу арқылы жасалған жомарттық. Көбінесе хазірет Әбу Бәкірдің ислам жолында жиһад үшін жасаған жомарттығына келеді. Әділдіктің символы – Омар (р.а.) оның бұл жомарттығын былайша баяндайды: «Исламның кең таралуы үшін Расулаллаһ бірде жәрдемдесуімізді бұйырды. Бұл менің байлығымның ең көп кезі еді. Ішімнен: «Ей, осы бүгін Әбу Бәкірден озбасам ба», – дедім. Мал-мүлкімнің жартысын Алла елшісіне әкеліп табыс еттім. Алла елшісі: «Ей, Омар! Отбасыңа не қалдырдың?» – деді. «Дүние-мүлкімнің жартысын қалдырдым»,– дедім. Біраздан кейін Әбу Бәкір келді. Ол мал-мүлкін тегіс алып келген екен. Расулаллаһ (с.а.у.) одан: «Ей, Әбу Бәкір, сен отбасыңа не қалдырдың?», – дегенде оның жауабы мынау болды: «Оларға Алла мен расулының сүйіспеншілігін қалдырдым». Мұны естіген мен: «Бұдан кейін жақсылық жасау жолындағы жарыста мен одан ешқашан да оза алмаспын», – деп түйдім.

Исар. Өзіне қажет бола тұра, өзгелер үшін беру арқылы жасалған жомарттық. Бұл – өзгелерге өмір сыйлағанмен барабар. Бұған мысал ретінде алтын ғасырдағы мәдиналық мұсылмандардың (ансар) меккелік мухажирлерді қалаларына шақырып, барлық мүлкін теңдей бөліп, Алланың разылығын иеленгендігін келтіруге болады. Құранда: «Олардың көңілдерінде мүміндерге бергендерінде кірбің болмайды. Сондай-ақ, өздері таршылық пен мұқтаждықта бола тұра, оларды өздерінен артық көреді», – делінеді. Міне, жомарттықтың ең биік шыңы – осы.

Жомарттық жайлы сөз қозғағанда, Пайғамбарымыздың жомарттығын айтпай кету мүмкін емес. Алланың сүйікті елшісі (с.а.у.) жоғарғы адамгершілік қасиеттер мен жомарттықтың да ең шыңында. Мәрттік – Оның о бастағы тума қасиеті еді. Жаһилдік кезеңінде де жомарттар болған. Бірақ, олардың жомарттықтары өз беделдері мен даңқын көтеру үшін жасалатын. Қонақ келе қалса: «біз пәленбай, қой, сиыр, түйе сойып күттік», – деп мақтанып, екілене кеуделерін соғатын. Алланың елшісі нағыз жомарттықтың өлшемін нақтылап көрсетіп берді. Қолыңдағы дүние-мүлікті оңды-солды шашу емес, қажетінше орнымен жұмсай білу ғана жомарттыққа жататындығын ұқтырды. Жаһилдік дәуіріндегі жомарттық көбіне-көп дарақылық пен ысырапшылықтан аса алмайтын. Абдуллаһ ибн Аббас Пайғамбарымыздың жомарттығы жайлы: «Алланың елшісі адамдардың ішіндегі ең жомарты еді. Ораза айында Жебірейілмен бірге болған кезде қолындағы барын тегіс беретін. Жебірейіл әр түні келіп, Оған Құран үйрететін. Жебірейіл: «Алланың елшісі берекет әкелуші желден де жомарт», – дейтін. Бір хадисте айтылғандай: «Жомарт – Аллаға, жәннатқа және халыққа жақын, жаһаннамнан алыс. Сараң – Алладан, жәннаттан және ел-жұрттан алыс, жаһаннамға жақын».

Алла елшісі (с.а.у.) өнегелі өмірінде жомарттықтың керемет үлгісін көрсетті. Ол ақиқатты жаюда да жомарттықты асыл құрал ете білді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) үшін бір адамның мұсылман болуынан асқан бақыт жоқ еді. Тіршіліктегі соңғы дәм-тұзы таусылғанға дейін Оның жүрегінде дүниеге деген зәредей де құмарлық болмады. Пайғамбарымыз жасағандарын тек қана Алла үшін жасап, ниетін таза ұстады. Біреуге үйіп-төгіп дүние-мүлік берсе де, ол туралы жан адамға тіс жарып айтпады. Осы жомарттығымен көптеген адамдарды исламға тартты. Солардың бірі – кезінде Пайғамбарымыздың дұшпаны болған Сафуан. Хунәйн шайқасына шығарда Пайғамбарымыз одан қарыз алды. Шайқас біткеннен кейін мұсылмандарға көп олжа түсті. Сол олжаларды көріп қызыққан Сафуанға қалағанынша мал-мүлік берді. Алла елшісінің ерекше жомарттығын көрген ол қауымына барып: «Уа, халқым, тегіс исламға кіріңдер! Өйткені, Мұхаммед теңдессіз жомарттық көрсетті. Мұны тек қана кедейліктен қорықпайтын және Аллаға толық сенген адам ғана бере алады!», – деген-ді.

Исламды ең бірінші болып қабылдаған Хадиша анамыз Меккенің аса бай адамдарының бірі болатын. Пайғамбарымыздың адал серігі, мұсылмандардың сүйікті анасы бар дәулетін Алла мен елшісі үшін жұмсап түгесті. Ислам жолында барын жұмсағандығы сонша, дүниеден озар кезінде, тіпті, өзін орайтын кебін сатып алатындай да ақшасы қалмады.

Құранда: «Кім бойындағы сараңдықтан сақтанса, міне, солар нағыз құтылушылар», – деген аят бар. Қанағатсыздық пен тойымсыздықты тізгіндеу үшін жомарттық қажет. Бай-кедей болсын, дүние-мүлкі мейлі аз, мейлі көп болсын. Негізі, кедей күнінде біреуге бір нәрсе бере білмеген адам байығанда да уысынан ештеңе шығара алмайды. Бір күні Пайғамбарымыздан:

– Ей, Алланың елшісі, садақаның қайсысы жақсы? – деп сұрағанда:

– Пақырдың жомарттығы, – деген екен. Сондықтан садақа беру, жақсылық жасау қандай да бір мөлшерге емес, көңілге байланысты. «Шынайы байлық – жүрек байлығы». Алайда, адам өзі зәру кезінде қолындағысын бере білу ерік-жігерді қажет етеді. Бұл тікелей ниеттен туындайды.

Жомарттық – рух байлығы. Ол адамды мұқтаж жандарға беруге, жақсылық жасауға жетелейді. Мұндай рухқа ие болған кісі ешкімнің мәжбүрлеуінсіз жақсылық жасауды көңілі үнемі қалап, жеке және қоғамдық салада қажет нәрселерге тегіс қолұшын береді. Ондай жандар «Ризық беруші – Алла» түсінігі бойынша амал еткендіктен жүректері пәк әрі көңілдері бай болады. Қалай болғанда да басқалар үшін пайдалы болуға тырысып бағады. Тіпті, өзіне тапшы, зәру нәрсесін басқа адамға беруді қалайды. Бұл – кез келгеннің қолынан келе бермейтін – сақы жомарттық. Адамды «Тірнектеп жиғанымды неге басқасына шашуым керек?», «Басқаға беріп, өзім зәру кезде қиналып қалармын» деген пасық ой жомарттықтан алшақтатады. Ислам бұл түсінікті толығымен жоққа шығарады. ислам бойынша барлық нәрсенің шынайы иесі – Аллаһ. Құранда жиырмаға жуық аятта бұл жайында баяндалған. Дүние-мүлік Алланікі болса, онда оның Иесінің жолында жұмсалғаны иманды адам үшін ең дұрыс шешім болып табылады. Мұсылманның жомарттық сезімі осы түсініктен туындайды. Пайғамбарымыз (с.а.у): «Алла үшін надан да болса өзі жомарт пенде құлшылық етуші сараң құлдан жақсы», «Дүниеде өзгелер қызыға қарайтындар – жомарттар», – дейді. Басқа бір хадисте Пайғамбарымыз адамның қол-аяғы бүтін, дін аман, сау-саламат кезінде жомарт болуға шақырып, бұл істі өлгеннен соң кейінге қалдырмауға кеңес беріп: «Садақаның абзалы – өзің берген садақа. Садақа тірі, қолыңда бар кезде қалаған адамыңа қалауыңша бергенің. Әйтпесе, жан алқымға тірелген кезде кеш қаласың. Сендерден кейінгілер өз қалауынша жасайды», – дейді. Сондықтан адам баласы өкінбеу үшін, Алла айтқандай «Сендерден біреулеріңе өлім таяп:

– Уа, Раббым, мені жақын бір заманға дейін кешіктірсең, садақа беріп ізгілерден болсам» деуден бұрын, өздеріңе берген несібемізден (Алла жолында) жұмсаңдар» деу арқылы Алланың берген несібесін тірі кезінде Оның разылығы үшін жұмсауды нұсқайды.

 Жомарттыққа қарама-қарсы ұғым – сараңдық. Ол – қоғамдағы тепе-теңдікті, адамдардың арасындағы әділетсіздік пен өшпенділікті қоздыратын, Аллаһ тағала қаламайтын қасиет. Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Бір мүміннің бойында бірге бола алмайтын екі мінез бар. Олар: сараңдық пен жаман құлық», – дейді.

Сараңдық – Алланың нығметтерін ұмытып, тәкаппарлыққа салыну. Бұл қасиеттің зияндығына байланысты Құранда Қарунның қиссасы баяндалады. Қарунның мал-дәулеті шалқыған бай болғаны соншалық, көптеген адам қазыналарының кілтін көтеріп жүретін. Өзіне «Елірме, есірме, Алла тәкаппарларды жақсы көрмейді» деп қанша ескерту жасалса да құлақ аспады. Оған «Алланың берген дәулетін ақыретіңді жемісті ету үшін жұмсап, бұ дүниедегі нәсібіңді де ұмытпа. Алла саған жақсылық еткендей, сен де елге жақсылық жаса. Жер бетінде бүлік шығаруға бүйрек бұрушы болма. Алла бүлік жасаушыларды жақсы көрмейді» дегенде, Қарун: «Бұл байлық өзімнің білгірлігімнің арқасында берілді» деп қасарысты. Ол Алланың өзінен бұрын одан сан есе күшті және байлығы көп болғандарды жоқ еткенін білмей ме?» Әу баста Қарун кәпір емес-ті. Алайда, ас та төк байлық оны тасқаяқтай қағыстырып, тура жолынан адастырып жібереді. Тәкаппарлықтан жүрегі қатайып, мейірімнен жұрдай бола бастайды. Қарунның байлығына қызыққан дүниеқұмар жандар, пенделікке бой алдырып: «Біздің де Қарундікіндей байлығымыз болса ғой. Ол не деген жолы болғыш бақытты жан» деп тамсанды. Ақыреттен хабары барлар «Сендердің жағдайларың қандай жаман. Алайда, иман келтіріп, ізгі іс істегендер Алланың сауабына кенеледі. Оған тек сабырлылар жетеді» деді. Ақыры оны да, көркем сарайын да жердің түбіне батырдық. Енді кеше ғана оның орнында болуды көксегендер: «Сірә, Алла құлдарынан кімді қаласа, соның несібесін кеңейтіп, кейбіреулерін тарылтады екен. Егер Алланың бізге деген қамқорлығы болмаса, бізді де жердің түбіне батырар еді. Расында да, кәпірлер құтылмайды екен» деді. Бұл аяттар тәкаппарланып, дандайсудың екі дүниеде де тығырыққа тірейтінін ұқтырады. Алла тағала Қарун сияқты шектен шығушыны осы дүниеде жазалау арқылы адамдарға сабақ беріп, дүниеге беріліп кетудің зияны мен байлықтың ажал келгенде пайда бермейтінін көрсетті. Қарунның ақыры қайғымен біткеніне куә адамдар сабасына түсті.

Пайғамбарымыздың «Сатуда, алуда, қарыз төлеуде жомарттық танытқан әрі жеңілдікті қалаған адамға Алла рақымдылығын кең қылсын» деген хадисінің жүзеге асырылған үлгісін Имам Әбу Ханифаның өмірінен көруге болады. Бір күні жолда қарсы алдында келе жатқан бір кісі оны көре салып бетін бұрып, бағытын өзгертпек болды. Бұны байқап қалған парасатты имам «Неге мені көрген бір мұсылман бағытын өзгерту керек?» деп ойлап бұл әрекетінен жайсызданды. Іле-шала Әбу Ханифа дереу оны қасына шақыртып:

– Неге мені көре салып жолыңды өзгертпек болдың? – дегенде, әлгі кісі қысылып:

– Мен сізден кезінде 10 000 ақша (сол кездің құны бойынша) қарыз алған едім. Қарыздың белгіленген күні өтіп кетті. Оны әлі сізге қайтара алмадым. Соны ойлап ұялғандықтан көзіңізге түспей-ақ қояйын деп едім, – дейді. Әбу Ханифа:

– Субханаллаһ! Ол ақша саған менің сыйым болсын. Қайта саған бағытыңды өзгертерлік жайсыздық жасағаным үшін кешірім сұраймын, – деп, жомарттық пен жоғары адамгершіліктің ерекше үлгісін көрсеткен еді.

Жомарттық – кісіні адамдықтың ең биік шыңына шығаратын бірден-бір асыл қасиет. ...Бір күні бала-шағасына нан алатын ақшасы қалмаған бір әке қасындағы бай көршісіне барып:

– Өте қиын жағдайда қалдым. Маған жәрдем етіңіз, – деп мұңын шағады. Бұны естіген байдың өңі құбылып сала береді. Шекесін тыжырайтып, жақтырмаған қалпы:

– Бауырым, соңғы кездері жұмыс оңға баспай қойды. Қарық қылып тауып жатқан табыс жоқ. Айыпқа бұйырма, менен көмек күтпе, – деп шығарып салады. Бала-шағасы аштықтан бұратылған әке, амал жоқ, шығып кетеді. Терең ойға батып келе жатқанда, жолай өзі сияқты жағдайы жоқ досының үйіне соғады. Ол досына:

– Бауырым, сенің жағдайыңның қандай екенін білемін. Алайда, мәжбүр болғандықтан саған келдім. Күні бойы бала-шағам екі көздері төрт болып аштан-аш мені күтіп отыр. Оларға нан аларлық ақша таба алар емеспін, – дейді. Өзінің де жағдайы мәз емес досы түпкі бөлмедегі тартпаны ашып, бар ақшасын алып досының уысына салып жатып:

–Қадірлі бауырым, Алла тағала ешкімді таршылыққа ұшыратпасын. Бала-шағаның ашыққанын мен жақсы түсінемін. Біз, үлкендер үйіндінің ішінен болса да бір нәрсе тауып жерміз. Бірақ, кішкентай бүлдіршіндер оны түсіне ме?! Сен мына ақшаға жолдағы дүкеннен азын-аулақ нәрселер алып, балаларыңа жеткізерсің, – дейді. Әбден жоқшылықтың тауқыметін тартқан әке қолына азын-аулақ ақша түскенде өзін шексіз бақытты сезініп, дереу дүкенге жүгіреді. Тамақ боларлық қажетті азықтарды алып үйіне келді. Төрт көз болып, күткен балалар әкесін қуана қарсы алды. Бойларына ас барған бүлдіршіндер бір-біріне тығылыса лезде ұйықтап та кетті. Балаларының тойынғанын көрген әке ауыр жүктен құтылғандай еркін тыныс алды. Сол күні әлгі тасжүрек бай қызық түс көреді. Түсінде аспанда жұрттың таң-тамаша болып қарасып жүрген екі сарайды көреді. Жұлдыздармен безендірілген сарайлардың біреуінен екіншісіне ұшып жүрген періштелер сарай иелерін қанаттарына отырғызып, апарып-әкеліп жүр екен. Бай адам:

– Бұл сарайды сатып алғым келеді. Иесі кім екен? – деп сұрағанда: – Бұл сарайдың екеуі де ана бір жердегі кедейдікі. Қиналған бір әке оған барып, бала-шағасының қарнын тойдырарлық ақша сұраған екен. Ол тартпадағы ең соңғы ақшасын беріп, балаларына азық апаруына себепкер болған. Оның бұл қылығы Алла тағалаға ұнап, бұл екі жәннат сарайын оған сыйлады, – деген жауапты естиді. Толқып оянған бай тағатсыздана таңның атқанын күтеді. Әлгіндегі адамды тауып алып, оған былай дейді:

– Кеше саған келген мұқтажға не берсең, саған екі есесін берейін. Осылайша жәрдемді мен жасаған болсам қалай болады? – дейді. Ол кісі байдың басынан аяғына дейін сүзе қарап былай деп жауап береді:

– Жоқ, болмайды. Сенің көрген түсіңді Аллаһ маған да көрсетті. Әрі сенің берген бұл ақшаны алсам да ол сарайды сен ала алмайсың. – Сен алғанда мен неге ала алмаймын? – Мен жәрдем еткен кезде тек қана Аллаһтың разылығы үшін жасадым. Сен болсаң бұл ақшаны маған Алла үшін емес, түсіңде көрген сарайды алу үшін бересің. Айырмашылықты түсіндің бе?

– Әттең, сараң бай болғанша, сен сияқты мейірімді діндар, қанағатшыл болып, ол сарайларға мен иелік еткенде болар еді, – деп өкінеді бай бармағын тістеп.

Жомарттық – еш міндетсінбестен өзі жақсы көрген нәрсесінен зәру кісілерге беру. Осыған орай Молла Жамидің әңгімесі бізге жақсы өнеге. Жомарт бір адамнан:

– Кедей-кепшік пен мұқтаждарға берген нәрсе-леріңнен көңіліңде тәкаппарлық, оларды өзіңе қарыздар көру сезімі бола ма? – деп сұраған екен. Жаңағы жомарт:

– Әсте олай емес. Мен өзімді аспаздың қолындағы шөміш сияқты көремін. Берілген нәрсе шөміш арқылы келгенмен негізгі беруші аспаз емес пе?! Шөміште «ризық беруші менмін» деген сезімнің болуы мүмкін бе?! – деген екен.

Расында да, адамдар жасаған жақсылықтары мен берген нәрселерін осындай терең түсінікпен беріп, нығметтерді жіберушінің Алла екенін ұмытпау керек. Пайғамбарымыз: «Алла тағаланың сондай құлдары бар, өзгелерге де пайдасы тисін деп оларға мол нығмет беріледі. Кім бұл нығметтерге сараңдық танытса, Алла оны алып басқаға береді» деп, қолда барда астамшылыққа салынбай, бұл нығметтерде басқаларының да үлесі бар болғандықтан оларға жақсылық жасау керектігін, егер бұның қадірін білмесе, бір күні сол дәулеттен айрылып қалатындығы ескертілген.

Жомарттық – жақсылықтың шын ризашылықпен, ерікті түрде жүзеге асуы, (Хашр, 5; Хадид, 11-18), істеген жақсылығы үшін мақтау, мадақ күтпеу, (Инсан, 8-10), жәрдем еткен кісісіне міндетсіп, ренжітпеу, намысына тимеу (Бақар, 263-264). Жомарттықтың ең қабыл болмағы – өзі мұқтаж бола тұра өзгеге беру. Қолындағы барын беру байлықтың берекетін арттырып, бұл дүниенің берекетімен қоса ақыретте де ерекше сыйға бөленуге себепкер болады. Жомарттық – көркем мінезділік. Бай адамның берген зекеті кедей мен байдың арасын жақындатады. Құл мен Жаратушының арасындағы берік қатынасты қамтамасыз етеді. Жомарттық – жаннатқа апаратын берік жол-дардың бірі. Жомарт жандар фәни нәрселерді Жаратушыларына беру арқылы бақилыққа қол жеткізеді. Өзі ішіп-жеп кеткен нәрселер осы дүниеде қалып жатса, ішкізіп-жегізгендері, мұқтаждарға бергендері жаннатта сый ретінде есесімен өзіне қайта беріледі. 

0 пікір