Қазақ халқының әйелдерге қатысты әдептері мен тыйымдары
Қазақ халқының әйелдерге қатысты әдептері мен тыйымдары
3 ай бұрын 3295 mazhab.kz/
З.Дәулетова

* Түнде жатқан төсегіңді таңертең өзің жина. Жиналмай қалған көрпе-жастықтың ішіне сайтан кіріп алады да, адамға жамандық тілейді. Жиналмаған төсек-орын жаугершілікті де еске түсіреді. Төсектің жиналмауы - әйелге де сын. «Салпы етек, салақ, бос әйел» деген қаңқу сөз тарайды. Сөзге іліккен әйелдің үйінен құт қашады деп ұйғарылады.

* Қазақта әйел еркектің алдында төсін жарқыратып отырмайды. Бұлай істесе сұқ көз қадалады, тіл тиеді. Соның салдарынан төсі қараяды, омырауы іседі. Тас емшек болып омырауынан сүт қашады. Сүт болмаған соң, құт та болмайды, құшағы суық, бауыры тас болады деп жориды.

* Әйел кісі итке тас лақтырмайды. Бұлай істесе құты қашады. Ит – жеті қазынаның бірі, шамданады. Әйел қолының берекесі қашады, ырысы қашады деп ырымдалады.

* Әйел мал бауыздамайды. Басқа амал болмаған жағдайда тіреуішке мініп бауыздайды. Өйткені әйел мал бауыздағанда сескенеді. Сескеніп бауыздаған малдың еті мәкрук саналады.

* Әйел пышақ қайрамайды, жаниды. Пышақ қайраса еркегінің сағы сынады деп жорылады.

* Жерік болған әйел жерік асын жеуі керек. Жерігі қанбаған әйелдің баласы су ауыз болып туылады, ондай бала суайт болады деп ырымдалады.

* Тойы жасалып, үйінен ұзатылып шығарылған қыз кетіп бара жатқанда артына бұрылып қарамайды. Бұлай істесе – некесі бұзылады, күйеуімен отаспай, үйіне қайтып келеді деп жорылады.

*Әйелге бүйірін таянып тұруға болмайды, өйткені күйеуін жоқтаған әйелдер ғана солай істейді.

* Әйелге түнде суға баруға болмайды, өйткені қорқып, шошыма ауруына ұшырауы мүмкін.

* Екіқабат әйелге түйе етін жеуге болмайды, әйтпесе ол баланы 12 ай көтереді. Егер ол 12 айда да тумайтын болса, бураның мойнына ақ мата салып, содан аттап өтуі керек.

* Жүкті әйел жеңіл босану үшін толғатқан кезде оған тиесілі барлық сандықтар ашылып қойылады.

* Жаңа босанған әйел киіз үйге кірген итті қумайды, егер қуса, тістері түсіп қалады.

*Әйел отынды ошақтың үш бұтының үстінен асырып жинап қойса, күйеуі басқа әйелге үйленеді.

* Қонақ қыз босағаға емес, қарттар отыратын құрметті орынға отырады. Әйтпесе үй иесі бақытсыздыққа ұшырайды.

* Екіқабат әйел керілген арқаннан аттап өтпейді, өйткені босанған кезде баланың кіндігі мойнына оратылып, тұншығуы мүмкін.

* Әйел аттылы ер адамның жолын, үлкендердің алдын кесіп өтсе, бақытсыз жағдайға душар болады.

* Әйелге шашын отқа тастауына болмайды. О дүниеде Құдай әйелдер мен қыздардан «саған берген шашымды қайда тастадың?» деп сұрайды деген ұғым бар. Әйел тарақ жүзіндегі шашты жинап, аяқ баспайтын жерге қоюы керек.

* Кір жуғанда кірдің суын жолға, аяқ астына төгуге болмайды. Кірдің суын басқан адам жаманшылыққа ұшырайды.

* Түн ішінде кір жаймайды. Өйткені әйел қорқып, шошыма ауруына шалдығуы мүмкін.

* Әйелге шашын жайып жүруіне болмайды. Өйткені қаралы әйел ғана шашын жайып жіберетін болған.

* Жұма күні кір жууға болмайды. Жұма күні кір жуылса - әруақтар риза болмайды. Айт мейрамы кезінде кір жууға болмайды. Өйткені айт - қазақ халқының діни мейрамы, қасиетті мерекесі.

* Қызға құйымшақ жегізбейді. Құйымшақ жесе, жеңілтек болады деп санайды.

* Түсік тастамасын деп жас әйелдің етегін бүріп қояды.

* Екіқабат әйелге ара, қайшы ұстатпайды. Ұстаса, мерзімінен бұрын босанады.

* Екіқабат әйел қоян етін жесе, баласы қоянжырық болып туады.

(Мұнда қазақтың түсінігіндегі кейбір ырымдар берілген. Шариғи көзқарасты білдірмейді)

0 пікір