Сириядағы соғыстың кесірінен қаншама халық босып кетті. Түркияның Ыстамбұл, Анкара, Измир секілді ірі қалаларының көшелерінде талғажау етерлік нәрсе таба алмай қайыр сұрап кеткен «сириялықтардан» көзіңіз шалынысады. Бір елдің, онда да өз бауырың болған мұсылмандардың әп-сәтте осындай күйге түсіп кетуі адамның жүрегін ауыртады. Көпірдің астын, ықтасын болатын қуыс-қуысты паналап кеткен бұлардың жағдайы қыс таяғанда тіпті мүшкіл.
Бұл Түркияның Шанлыұрфа қаласының, Акчакале ауданындағы түрмені пана еткен «сириялықтардан» көріністер. 1972 жылы салынып, 6 жыл бұрын тұтқындардан босаған түрмені бүгінде 90 кісілік 17 «сириялық» отбасы баспана қылып отыр. Бұндағы отбасылардың көбі Сирияның Акчакелеге шекаралас жатқан аудандарынан және ИСИМ-нен тепкі көріп, бүгінде «халифат орталығы» болып отырған Раккадан ауып келгендер.
Міне, кеше ғана қылмыскерлерге жаза үйі болған бұл түрме бүгінде «сириялықтарға» пана үйі болып отыр.