Зайырлы мемлекет тақырыбында семинар өтті
|
Бүгін бейбітшілік және келісім сарайында «Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы жанындағы БАҚ-та діни тақырыпты жариялау бойынша Әдістемелік кеңес және Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі: «Зайырлы мемлекет және оның құндылықтарының БАҚ-та жариялануы» тақырыбында семинар өткізді.
Аталған семинар жұмысына ҚР Дін істері агенттігі, Астана қаласының Дін істері жөніндегі басқармасы өкілдері, сондай-ақ БАҚ-та діни тақырыпты жариялау бойынша Әдістемелік кеңестің мүшелері, діни бірлестіктер, сарапшы қауым және үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.
Семинарда көпконфессиялы қазақстандық қоғамдағы толеранттылық пен рухани факторлардың маңыздылығы, зайырлы мемлекетті дамытудағы діндер мен діни көшбасшылардың міндеттері, зайырлы мемлекет құндылықтарын БАҚ-қа жариялаудағы отандық зайырлы және діни БАҚ рөлі секілді мәселелер талқыланды.
Семинар жұмысын Бұқаралық ақпарат құралдарында діни тақырыпты жариялау бойынша әдістемелік кеңестің төрағасы Aйдар Әбуов жүргізіп отырды. Басқосуда Дін істері агенттігі төрағасының орынбасары Ғалым Шойкин сөз сөйлеп, Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы Заң жолдарына кеңінен түсініктеме берді. «Заңға сәйкес, діни ұйымдардың ешқайсысы мемлекеттік органның қызметіне араласып, олардың жұмысымен айналысуға құқығы жоқ. Сондай-ақ, белгілі бір саяси партиялардың ісіне араласуға және оларға қаржылық қолдау көрсетуге қатаң тыйым салынған.
Семинарда сөз алған «Әзірет Сұлтан» мешітінің найб имамы Руслан Қамбаров өз сөзінде былай деді: «Ислам діні зайырлы мемлекет деген ұғым қарсы емес. Қайта қолдайды. Атазаңға, басшыға бағынуды қатаң ұстанады. Әрбір мұсылман қоғамда жақсы жағынан көрінсе, оның жасап жүрген құлшылығы да жақсы болғаны».