Теміртау қаласында Аза атты неміс овчаркасы екі кісі өліміне кінәліні тауып берді
Теміртау қаласында Аза атты неміс овчаркасы екі кісі өліміне кінәліні тауып берді
10 жыл бұрын 5842

Теміртау қаласында Аза атты неміс овчаркасы екі кісінің қанын мойнына жүктеген қандықол қылмыскерді тауып берді. Бұл жайында BNews.kz ақпарат көзі хабар таратты. Бұл иісшіл итті Теміртау қаласындағы № 5516 әскери бөлігінде отан алдындағы борышын өтеп жүрген Бекзат Мәжитов үйреткен. «Бізді полиция наурыздың 14-і күні жедел іздестіру тобымен әйел мен ер адамның кісі қолынан қаза тапқан қылмыс болған жерге шақырды. Ит ізге түсіп, күдікті жасырынған пәтерге алып келді», - деді кинолог (итті үйретуші) үнінен мақтаныш лебі есіп. Аталмыш әскери бөлімшенің кинология қызметінің маман нұсқаушысы Әсет Байсүгіровтың айтуынша, әр иттің өзінше машық-дағдысы болады. Олардың «тілін» тек үйретіп жүрген кинологтары ғана түсіне алады. Біреулері үрсе, енді біреулері жер тырналайды, тағы біреулері шоқиып отыра қалады немесе құйрығын бұлғаңдатады, т.б. осындай әрекеттері арқылы оның не айтқысы келгенін түсінуге болады. Олар тек кісі өлімін ғана ашып қоймай, есірткі табуға да үйретіледі. Полиция дерегіне қарағанда, бір ғана Қарағанды облысының өзінде иттердің көмегімен бір жылда 1000 түрлі қылмыс ашылған.

0 пікір
Мұрағат