|
СҚО-да ішімдіктен бас тартқан ауылдар саны 35-ке жетті
|
KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысындағы Қаратал ауылы спирттік ішімдіктен бас тартқан ауылдар қатарына қосылды.
Қаратал — Есіл ауданындағы төртінші «ішімдіксіз ауыл». Ауыл тұрғындары арақ-шараптан саналы түрді бас тартып, осы шешімге орай челлендж ұйымдастырды. Іс-шараны өткізуге жергілікті атқарушы органдар, полиция және прокуратура қызметкерлері қолдау көрсетті. Ауыл тұрғындары көшеде скандинавиялық жүріспен өтіп, саламатты өмір салтын насихаттады және челленджді Мамлют ауданына жолдады.
Қаратал ауылы Николаев ауылдық округінің құрамына кіреді. Қазір елді мекенде 19 үй қалған, елуден астам тұрғыны бар.
Есіл ауданы полиция бөлімінің бастығы Руслан Мұхамбетжановтың айтуынша, бұл елді мекенде соңғы қылмыс 2023 жылы тіркелген. Мал ұрлығымен айналысқан топ ауылдан қойды қолды еткен. Қылмыскерлер сол жылдың қыркүйегінде ұсталды.
— Соңғы бес жылда Қараталда алкогольге байланысты бірде-бір құқық бұзушылық тіркелмеген. Ауылдың учаскелік полиция инспекторы елді мекенге тек профилактикалық жұмыспен ғана барады, — дейді полиция подполковнигі Руслан Мұхамбетжанов.
Бұған дейін Қостанай облысында бір ауылдың тұрғындары ішімдіктен бас тартқанын жазған едік.
Ақерке Дәуренбекқызы