Қазақстанда алғаш рет адамға жасанды жүрек салынды (видео)
Қазақстанда алғаш рет адамға жасанды жүрек салынды (видео)
7 жыл бұрын 6573

Астанадағы Ұлттық ғылыми кардиоxирургия орталығында 60 жастағы ер адамға жасанды жүрек имплантанциясы жасалды, деп xабарлайды stan.kz порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасай отырып.

“Бұған дейін оның созылмалы жүрек ауруы болған. Оның өмірін тек жасанды жүрек имплантациясы ғана құтқаратын еді. Донор да табылмады. Сол себепті біз жасанды жүрек отасын жасағанды жөн көрдік. Қазір пациенттің жағдайы жақсы.

Емxанадан шығуға дайындалып жатыр. Ота жасалғалы бері бір жарым ай өтті. Бәрі ойдағыдай. Ешқандай ақаулықтар байқалмайды”, – деді Ұлттық кардиоxирургия орталығының басшысы Юрий Пя Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Алдағы уақытта осы іспетті тағы төрт отаны жасау жоспарланып отыр. Оның айтуынша, жасанды жүрек – “Carmat SA” атты француз компаниясының өнімі.

Компания мамандары аталған құрылғыны Еуропаның аэроғарыш және қорғаныс концернімен бірлесіп шығарды.

2013 жылы “Carmat” маркалы жасанды жүрек алғаш рет сынақтан өтті. Оны 76 жастағы қарияға салып берген. Тура 74 күннен кейін ол қайтыс болды. Ал кейінгі пациенттер жасанды жүрекпен 8-9 ай жүрді.

Сол кезде компания жаңа аппараттың бір ақаулығын анықтады. Жасанды жүректі ұзақ пайдаланғаннан кейін қан моторға кетіп отырған. Артынан ол ақаулық жөнделді.

Айта кетейік, жүрек жұмысын ұстап тұруға арналған құрылғылардың басты мақсаты – пациенттің өмірін ұзарту, донор табылғанша адам өмірін сақтау. Ал “Carmat” іспетті аппараттар бұрынғы жүректі толығымен алмастыруға арналған. Оның қазіргі бағасы – 1 млн еуро.

0 пікір
Мұрағат