Қарапайым халықтың салық өсімпұлы қай жағдайда кешіріледі?
Қарапайым халықтың салық өсімпұлы қай жағдайда кешіріледі?
5 жыл бұрын 2195 jasqazaq.kz ernur.kz

Қазақстанда 1,4 млн адамның мойнында 20,9 млрд теңге салық берешегі бар.

Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаевтың ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

«Салық берешегінің ең көп сомасы немесе 70 пайызы (14,4 млрд. теңге) көлік құралдарына салынатын салыққа тиесілі. Жер салығына жалпы берешектің 12 пайызы (2,5 млрд.теңге), мүлік салығына 6,7 пайызы (1,4 млрд. теңге) тиесілі. Салық борышы бар жеке тұлғалардың басым бөлігі Шымкент қаласында тіркелген. Мұнда шамамен 148 мың адам қарыз. Түркістан облысында 139 мың, Жамбыл облысында 116 мың және Нұр-Сұлтан қаласында 114 мың адам салықты толық төлемеген», — дейді комитет өкілі.

Берешек сомасы бойынша Алматы қаласы бірінші орында. Қала тұрғындары мемлекеттік кіріс органдарына 5,5 млрд. теңге қарыз. Нұр-Сұлтан және Маңғыстау облысында 2 млрд. теңгеден, Шымкент қаласында 1,6 млрд. теңге берешек қалыптасқан.

Жайдар Іңкәрбаев салық берешегі бойынша қордаланған өсімпұлды шегерту үшін негізгі қарыз сомасын ғана өтеу керек екенін атады.

«Өсімпұлды шегеру үшін негізгі салық қарызын төлесе болды. Ол үшін ешқайда барып, ешқандай өтініш жазудың қажеті жоқ. Негізгі берешек төленгеннен кейін 3 күн ішінде өсімпұл автоматты түрде шегеріледі. Біздің мамандар әрбір салық төлеушінің дерегін күн сайын тексеріп отыр. Берешек өсімпұлының шегерілгеніне көз жеткізу үшін салық төлеушінің жеке кабинетіне өтіп білуге болады. Ал бүгінге дейін салық берешегімен қоса өсімпұлды да төлеп қойған адамдарға өсімпұл сомасы қайтарылып беріледі. Ол үшін салық төлеуші мемлекеттік кірістер органына барып, өтініш жазуы керек. Соның негізінде артық төленген сома өтініш берушінің атындағы есепшотқа аударылады», — деді ол.

Дегенмен, әзірге ешбір борышкердің өсімпұлы шегерілмеген.

«Әзірге өсімпұл шегеру ережесі нақтыланып жатыр. Барлық өңірлерге тиісті ақпараттар беріліп, тапсырмалар жүктелді. Ережемен барлық өңірлер танысып болғаннан кейін өсімпұлдар шегеріле бастайды», — деді ведомство өкілі.

40 мыңнан астам қазақстандық салық амнистиясын қолданды

Амнистияға іліккен салық төлеушілерден мемлекет қазынасына 7,7 млрд теңге түсті.

Жыл басынан бері 40 мыңнан астам қазақстандық салық амнистиясына ілікті. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер департаментінің Аудит департаментінің директоры Жандос Дүйсенбаев мәлім етті, деп жазады Елорда Инфо.

«2019 жылдың ақпан айынан бастап еліміздегі шағын және орта кәсіпке салық амнистиясы жүргізілуде. Алдын ала болжам бойынша Қазақстанда 90 мың салық төлеуші амнистияға ілініп, ол 210 млрд теңгені құрады. Бүгінгі күнгі нәтиже бойынша 40 212 салық төлеуші амнистияны қолданды, бұл салық төлеушілердің 44,6% құрап отыр», - деді Ж.Дүйсенбаев ОКҚ-де өткен баспасөз қызметінде.

Оның мәлімдеуінше, аталған 40 мыңнан астам амнистияға іліккен салық төлеушіден мемлекет қазынасына 7,7 млрд теңге түсті.

0 пікір
Мұрағат