Павлодарлық ғалым әрі айтыскер ақынның математика пәніне арналған оқулығы үлкен сұранысқа ие
|
Павлодарлық жас ғалым Серікболсын Дүйсембай Назарбаев Зияткерлік мектептері мен қазақ-түрік лицейлеріне түсушілерге арналған тест тапсырмалары мен логикалық есептер жинағын жарыққа шығарды.
Серікболсын Дүйсембай бүгінде Астана қаласындағы Назарбаев Университетінің электроника және электротехникалық инжерения факультетінің 4-курс студенті. - Бұл кітап 360 беттен тұрады. Мұнда екі мыңға тарта мәтіндік және логикалық есептер бар. Сондай-ақ оқулықта кеңістікте ойлау қабілетін арттыратын есептер де орын алған. Әзірге жүз данасы жарық көрді. Баспаға жұмсалған қаражатты өзім көтердім. Бір данасы 5000 теңгеден сатылады. Елордада оқулыққа деген сұраныс күн санап артуда. Сондықтан алдағы уақытта бұл кітапты бірнеше есеге арттыру ойда бар, - дейді С. Дүйсембай.
Автордың айтуынша, қазақ тілінде ғана жарық көрген оқулық қазіргі таңда орыс тіліне аударылып, көп ұзамай екі тілдегі нұсқасы ұсынылмақ. Серікболсынның төртінші жыл қатарынан математика және ағылшын тілі пәндері бойынша дайындап жүрген шәкірттерінің 90 пайызы қалаған оқу орындарының студенттері атануда.
Айта кетерлігі, Ы. Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатының түлегі Серікболсын Дүйсембай Үндістанда өткен халықаралық жас ғалымдар конференциясының бірінші орын иегері, республикалық олимпиадалардың жеңімпазы, Болгарияда өткен халықаралық студенттер олимпиадасының бір күміс, екі қола жүлдегері.
Сонымен қатар жас болса да айтыс өнерінде де бағын сынап жүрген ақын жігіт ХІ халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінде «Үздік әдеби шығарма» сыйлығына ие болған. Талдықорғанда өткен «Жыр алыбы - Жамбыл» атты республикалық оқушылар айтысының және Шапық Шөкиннің 100 жылдығына арналған аймақтық ақындар айтысының бас жүлдегері. 2010 жылы Серікболсынның «Туған жер, бесік дүние» атты алғашқы өлеңдер жинағы шыққан, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.