Жұмыссыз жастардың дені гуманитарлық мамандықты меңгерген
|
Жұмыссыз жастардың басым бөлігі гуманитарлық мамандық бойынша білім алған. Сондықтан, біз жастардан техникалық білім алуды сұраймыз. Себебі, еңбек нарығында кәсіби-техникалық білімі бар азаматтарға сұраныс жоғары. Бұл туралы баспасөз мәслихатында қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ербол Рыспаев мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz.
«Осы жылдың басында жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 5,6%-ды құрады. Бұл – қала бойынша көрсеткіш. Елордада 220 мың жас тұрады, оның шамамен 10-15 мыңы екі қолға бір күрек таба алмай жүр. Бірақ, бұл көрсеткіш үнемі өзгереді. Себебі, біз тіркелген азаматтар жайлы айтып отырмыз. Жұмыссыз жастардың басым бөлігі гуманитарлық мамандық бойынша білім алған. Нақты айтсақ, олар экономистер мен заңгерлер», – деді маман.
Ербол Рыспаев бұл мәселенің қалай шешіліп жатқандығына тоқталды.
«Еңбек нарығының талабына сай жұмыс таба алмай жүрген колледж бен университет студенттері үшін «Жастар практикасын» ұйымдастырдық. Бұл жас маманға өз мүмкіндігін көрсетуге жол ашады. Бүгінгі таңда 95 қыз-жігітті жұмысқа орналастырдық. Жалпы, техникалық бағытқа басымдық беріп жатырмыз. Себебі, нарықта инженер, лифтер, сантехник, медбике, тігінші, кәсіби официант және электромонтаждаушы, краншы сынды мамандықтарға сұраныс жоғары. Олардың еңбекақысы да қомақты», – деп жалғастырды ол.
Сонымен қатар, Ербол Рыспаев «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне еріктілер дайындау қалай жүргізіліп жатқандығын айтты.
«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясымен бірігіп еріктілер бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бүгінгі таңда бізде 1 326 ерікті тіркелген. Олардың 50%-дан астамы ағылшын тілін меңгерген. Осы бағыттағы жұмысқа «Астана жастары» мемлекеттік мекемесі жауапты. Оларда арнайы бөлім де бар. Бір ескеретін жайт, еріктілерді дайындау бойынша «ЭКСПО» компаниясы да атсалысады. Яғни, компания еріктілерді оқытып, оларға бірыңғай форма дайындап жатыр. Алдағы уақытта жұмыстарымыз қайталанбас үшін өз міндеттерімізді нақтылайтын боламыз», – деп түйіндеді сөзін ол.