Енді үйді апаттан сақтандыру міндетті болмақ
Енді үйді апаттан сақтандыру міндетті болмақ
1 сағат бұрын 35 naryk.kz

Қазақстанда тұрғын үйді табиғи апаттардан міндетті сақтандыру енгізілмек. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі осындай заң жобасын әзірлеуде. Жаңа сақтандыру төлемі қазақстандықтар үшін жылына 2 мың мен 20 мың теңге аралығында болуы мүмкін.

Агенттік мәліметінше, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үкіметпен, Азия даму банкімен және Дүниежүзілік банкпен бірлесіп тұрғын үйді табиғи апаттардан сақтандыру моделі әзірленген. Жаңа заң тәуекелі жоғары 16 өңірде тіркелген үйлерді міндетті сақтандыруды енгізеді.

Міндетті сақтандыру жарнасы мүлік салығына шамалас болады — 2-20 мың теңге арасы. Ал табиғи апаттан зардап шеккендерге төленетін өтемақы жарнадан 500 есе көп, яғни 1–10 млн теңге аралығында болуы мүмкін.

Сақтандыру компаниялары жер сілкінісі, су тасқыны, сел және орман өрттері сияқты тәуекелдерді жабады. Сондай-ақ жарналарды жинау және төлем жасау үшін мемлекет қатысатын бірыңғай оператор құру жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, ерікті жылжымайтын мүлік сақтандыру шарттарына да апаттық тәуекелдер енгізіледі. Сонымен қатар Қазақстанда бірыңғай қайта сақтандыру пулы құрылып, жеке компаниялар әр келісімшарттан белгілі бір бөлігін сол қорға аударады.

Пилоттық жоба алғашында Жамбыл облысында, Алматы және Шымкент қалаларында іске қосылып, кейін тәуекелі жоғары 16 өңірге таратылады. Міндетті жарналарды төлеу мен төлемдерді бастау үшін 3 жылдық өтпелі кезең қарастырылған.

Агенттік заң жобасын 2026 жылдың маусымында Үкіметке, тамызда Парламентке енгізуді жоспарлап отыр. Құжат 6 кодекс пен 18 заңға өзгеріс енгізуді көздейді.

Жобаны әзірлеу барысында Азия даму банкінің техникалық қолдауын тарту қарастырылуда. Сондай-ақ сақтандыру, актуарлық есеп және тәуекелдерді модельдеу саласындағы халықаралық және отандық сарапшыларды тарту жоспарланған.

Бұл бастама сақтандыру жүйесінің қаржылық тұрақтылығын арттырып, заң жобасын сапалы дайындауға мүмкіндік береді.

0 пікір
Мұрағат