Елімізде топырақты қорғау жөніндегі талаптар күшейтіледі
Елімізде топырақты қорғау жөніндегі талаптар күшейтіледі
10 ай бұрын 1194 kaz.inform.kz Руслан Ғаббасов, Айжан Серікжанқызы

KAZINFORM – Парламент Мәжілісінің қарауына «Топырақты қорғау туралы» заң жобасы мен ілеспе құжат енгізілді.

- Заң жобаларын Парламент депутаттары Мемлекет басшысының сегізінші сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында берген тапсырмасын орындау бойынша әзірледі. Негізгі заң жобасының мақсаты – топырақты тиімді сақтаудың құқықтық негіздерін құру, топырақтың құнарлығын арттыру, жердің тозуын болдырмау, - деді Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы, депутат Серік Егізбаев палатаның жалпы отырысында.

Оның айтуынша, ілеспе заң жобасы қолданыстағы заңнаманы негізгі заң жобасының нормаларына сәйкес келтіру мақсатында әзірленді.

- Ол «Жер кодексі» мен «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылды аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Заңға жердің кадастрлық құнын анықтаудың нақты тетіктерін белгілеуге бағытталған өзгерістерді ескеріп отыр. Атап айтқанда, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ функциялары бөлінетін болады. Бұл қоғам тек елді мекендергі жердің құнын анықтайды. Ал ауыл шаруашығына арналған жердің құнын анықтау ГИПРОЗЕМ мемлекеттік кәсіпорнына берілмек. Сондай-ақ жер пайдаланушылардың топырақты қорғау жөніндегі міндеттері нақтыланады. Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитеті аталған заң жобалары бойынша қорытынды әзірлеуге дайын, - деді депутат.

Бұған дейін қазақ ғалымы топырақты тоздырмайтын гель жасап жатқанын жазған едік

Руслан Ғаббасов

Қазақстанда 30 млн гектарға жуық жер тозған – Топырақты қорғау туралы заң әзірленді

KAZINFORM – Мәжілістің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінде «Топырақты қорғау туралы» депутаттық заң жобасы және оған ілеспе түзетулер таныстырылды.

ҚР АШМ Жерге орналастыру жұмыстары жөніндегі мемлекеттік институтының мәліметінше, бүгінде елімізде 29,9 миллион гектар жер тозған. Ықтимал топырақ құнарлылығы 17%-ға төмендеген, ал суармалы жерлердегі сортаңды жерлер 35-37%-ға артқан. Соның салдарынан ауыл шаруашылығы өнімін өндіру азайған.

− Өткен жылы «Жайылымдар туралы» заңға жайылымдардың тозу процестерінің алдын алуға, олардың жағдайын түбегейлі жақсартуға бағытталған, топырақты қорғау мәселелеріне және жасыл экономика негіздеріне тікелей қатысты нормалар енгізілді. Дегенмен, қазір егістік алқаптарының тозуы, олардың қарашірігінің азаюы қайтымсыз қарқын алуда, − деді Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Нұржан Әшімбетов.

Айта кетерлігі, Жер және Экологиялық кодекстерде топырақты қорғау саласындағы қатынастарды реттейтін нормалар жалпы сипатта болады, онда топырақты қорғаудың құқықтық тетіктері мен шаралары жоқ.

− Қолданыстағы Жер кодексінде топырақ болып саналатын қоршаған орта объектілеріне (6-баптың 2-тармағы) қатысты арнайы заңнамалар қабылдау көзделген.Топырақты қорғауды құқықтық реттеу мен басқаруға кешенді көзқарастың болмауы топырақтың одан әрі деградациялану, биологиялық өнімділіктің төмендеуі және олардың экономикалық және экологиялық міндеттерін орындамау қаупін тудырады. Осыған байланысты жоғарыда аталған заң жобалары әзірленді, − деп түсіндірді Н.Әшімбетов.

Негізгі заң жобасының ережелері топырақ ресурстарын ұтымды пайдалану, оларды жасылдандыру, жердің нысаналы мақсаты мен топырақ қасиеттеріне байланысты құқықтық режимге сараланған көзқарас, минералды тыңайтқыштар мен пестицидтерді пайдалануды барынша азайту, сондай-ақ топырақты экожүйенің бөлігі ретінде тану қағидаттарына негізделген.

Бұған дейін Ақтөбе экологтары топырақ пен өзен суының сынамаларын алып, ластаушы заттарды анықтаған еді.

Айжан Серікжанқызы

0 пікір
Мұрағат