Елімізде білім мен медицинаға бөлінуі тиіс қыруар қаржы сыртқы қарызды жабуға жұмсалып жатыр
Елімізде білім мен медицинаға бөлінуі тиіс қыруар қаржы сыртқы қарызды жабуға жұмсалып жатыр
8 жыл бұрын 2812 stan.kz КТК, Фото: socdeistvie.info

Қарыз Ұлттық қордың түбін қағып бітетін түрі бар. Бүгін үш жылдық бюджетті қарауға жиналған депутаттар осылай деп дабыл қақты. телеарнасы парламент төрінде істің мән-жайын анықтап көрген еді.

"Соңғы кезде еліміздің сыртқы қарызы еселеп артқан. Сол берешекті жабуға кетіп жатқан шығын білім мен медицинаға бөлінген ақшадан әлдеқайда көп" дейді мәжілісмендер. Ал алдағы жылдары бюджетке табыс тек теңгемен түсетінін ескерсек, доллармен алынған қарызды қайтаруға Ұлттық қордың да шамасы жетпей қалуы мүмкін екен.

Жаңа Үкіметтегі қазына қаржысына жауапты министрлер алдағы үшжылдық шығын мен табысты қайта есептеп, бүгін депутаттардың алдына келген. Мәжілісмендер басты қаржылық құжатты қарамас бұрын, Ұлттық қорға үлкен қауіп төніп тұрғанын ескертіп, шенеуніктерден сырттан қарыз алуды дереу доғаруды талап етті.

“2008 жылы мемлекеттік қарыз 2 миллиард доллар болған. Қазір 32 миллиард доллардан асты. Сыртқы қарызды жабуға жұмсалатын шығын соңғы 4 жылда 8 есеге өскен. Бұл білім және медицина саласына бөлінетін ақшадан әлде қайда көп. Қарыздың бұлай өсуі бюджетке кері әсер етеді. Әсіресе Ұлттық қорға қауіп төніп тұр”, – деді Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов.

Мемлекеттік және мемлекет тікелей кепіл болатын қарыз 32 миллиард доллардан асады. Бұл соманы ұлттық валютаға айналдырғанда 11 триллион теңге. Егер елімізде ең төменгі жалақы 24 459 теңге болса, онда сыртқы берешек бес жүз миллион қызметкердің бір айлық еңбекақысына тең.

Депутаттардың айтуынша, Ұлттық қорда қалған қаржы мемлекеттің 5 жылдық шығынын жабуға ғана жетеді. Оның үстіне алдағы үш жылда бюджетке табыс тек теңгемен түседі деп жоспарлануда. Ал Үкімет халықаралық банктерден алған қарызды доллармен қайтаруы керек.

1c873ffa-3af2-4c94-96b0-4ad9f7951cd3

“Қазір шынында да еліміздің сыртқы қырызы өскен. Бірақ біз оны 90-100 пайызға жеткізбейміз. Қарыз мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға кеткен шығын мен кірістің төмендеуімен байланысты артып отыр”, – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев.

Қарыз Үкіметтің есебінде көрсетілген сомадан әлде қайда көп болуы мүмкін. Өйткені, шенеуніктер сыртқы берешекті санағанда қазынаға тікелей бағынышты ұлттық компаниялар алған несиені қоса есептемейді екен. Қарызды түгендеп болған соң, депутаттар үшжылдық бюджетті қарауға кірісті. Сонымен, 2017-ден 2019 жылдар аралығындағы шығын мен кірісті АҚШ ақшасына шаққандағы теңгенің бағамы 360, ал мұнайдың баррелі 35 доллар деп есептеген.

“Алдағы үш жылда бизнесті қолдауға 46 миллиард теңге бөлінеді. Білім саласына 880 миллиард теңге жұмсалады деп жоспарлануда. Бұл қаржыға білім беру мекемелерін, балабақша, мектеп салынады”, – деді ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.

Үкімет жұртты баспанамен қамтуға да ерекше көңіл бөлмек. Мәселен, “Қолжетімді баспанаға” 224 миллиард теңге қарастырылған. Тұрғындарға жеке үй салып беруге бағытталған “Нұрлы жер” бағдарламасы да бар. Жалпы, бюджетке 380 миллиард теңге қосымша бөлінеді. Оның 100 миллиарды қауіпсіздік, білім беру мекемелерінің құрылысына және Астананың инфрақұрылымына жұмсалады.

Осылайша, бүгін мәжілісмендер басты қаржылық құжатпен бірінші рет танысып шықты. Енді төменгі палата бір айдың ішінде Үкіметтің есеп-қисабын қарап шығып, ұсыныс енгізуі тиіс. Айта кету керек, Президент биыл Ұлттық қордан бөлінетін трансфертті 50 миллиард теңгеге қысқартуды тапсырған. Ал жыл соңында қазынаға 830 миллиард теңге қосымша табыс түседі деп жоспарлануда. Бұл ақша тұрғындарды жұмыс, баспанамен қамтуға жұмсалады.

0 пікір
Мұрағат