Ел жаңалықтары: Тауарын экспорттаған бизнесменнің төлеген салығын Үкімет қайтарып береді
|
Ірі бизнеске жыл сайын 600 млрд. теңгеге жуық қосылған құн салығы қайтарылады.
Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтав мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жалпы отырыс барысында Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов Премьер-Министрден: «Үкімет қосылған құн салығын қайтару әдісін өзгертуді жоспарлап отырған жоқ па?», – деп сұраған еді.
«Қосылған құн салығын қайтармаймыз», десек қате болар. Өйткені, бүгінгі күні экономика да, инвестиция да, экспорт та өсіп келеді. Қазіргі уақытта 300 ірі компанияға мониторинг жүргізіп отырмыз. Олар өз өнімдерін экспортқа шығарғаннан кейін міндетті түрде қосылған құн салығы бойынша қайтарылатын соманы ұсынады. Сондықтан біз бұл мәселені тыңғылықты қарастырудамыз. Бүгінгі күні біздің тараптан ҚҚС-тің дер уақытында қайтарылмауына байланысты экспорттаушылардан наразылық өте көп түсуде», – деді Сағынтаев.
Үкімет басшысының айтуынша, тексерулерге байланысты қосылған құн салығын қайтару жұмыстары ұзаққа созылып кетеді.«Жыл сайынғы статистикаға қарайтын болсақ, қорытынды тексеруден кейін 500-600 млрд теңге қайтарылуға жатады. Дегенмен, ірі бизнес тарабынан кейістік көбеюіне байланысты біз әдісті өзгерттік. Қазіргі уақытта 70 процентіне ҚҚС автоматты түрде қайтарылып, 30 процентіне тексеру жүргізіледі. Егер қандай да бір бұзушылықтар анықталатын болса, онда төленіп қойған 70 процент айыппұл санкцияларымен кері қайтарылатын болады.Қазіргі уақытта электронды есепшот түбіртегін ілкі режімде қолдана бастадық. Бұл сызбамен жұмыс істейтіндерге тексеру 30 күннің ішінде жүзеге асырылады. Келесі жылдан бастап бұл сызба тек ірі компанияларға қатысты жұмыс істейтін болады. Ал 2019 жылдан бастап бұл тетікке басқа да компаниялар ілігеді», – деді Премьер-Министр.
Ұлттық компаниялар Үкіметтің рұқсатынсыз қарыз алмайтын болды
Алдағы уақытта бюджет тапшылығы тек ішкі ресурстардың есебінен қаржыландырылады. Бұл туралы ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Макроэкономикалық тұрақтылықты және мемлекет қаржысының теңгерімділігін қамтамасыз ету үшін 2016 жылы бюджет саясаты бірқатар шектеулердің негізінде қалыптасты. Осының бірі – бюджет тапшылығының көлемін бақылау. Бюджет тапшылығының мөлшері жоспардағы көрсеткіштен 161,5 млрд. теңгеге төмендеп, 741 млрд. теңгені құрады. Екі палатаның жұмыс топтарында аса назар аудырылып талқыланған мәселе – мемлекеттік және квазимемлекеттік борыштың өсуі. Алдағы уақытта бюджет тапшылығын тек ішкі ресурстардың есебінен қаржыландыруды жоспарлаудамыз. Холдингтер мен ұлттық компаниялардың сырттан қарыз алу операциялары Үкіметпен келісілетін болады. Борыштық жүктеменің қауіпсіз деңгейде болуы әрқашан қатаң бақылауда болады»,-деді министр.
Сомен қатар, Б. Сұлтанов бюджеттің орындалуына қатысты Есепті қарау кезінде депутаттар ұсыныстарының маңызы зор екендігін жеткізді.
«Осы жерде қозғалған жүйелі мәселелер бізге салықтық әкімшілендірудегі, бюджет процестеріндегі кемшіліктерді жетілдіруге көмек болады»,-деді Қаржы министрі депутаттарға қаратып айтқан сөзінде.
Иран су үнемдеу мақсатында Қазақстанның 10 мың гектар жерін жалға алады
Оңтүстік-Қорасан (Иран) ауыл шаруашылығы ұйымы Иранның солтүстік-батысында құрғақшылық, су тапшылығының салдарын жою мақсатында 14 маусымда аутсорсингке Қазақстанның 10 000 гектар ауылшаруашылық жерлерін жалға алуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі "АГРОбизнес" порталына сілтеме жасап. Агро-аутсорсинг басқа елде ауылшаруашылық өнімдерді өсіру үшін сатып алу, лизинг немесе жалға алуды меңзейді. Өсіп болғаннан кейін өнім жалға алушы елге импортталады. Иран әлем бойынша бидай мен арпа өнімін өндіруде жақсы көрсеткіштерге жеткеніне қарамастан, олар су тапшылығына тап болудың алдын алу жолдарын әзірлеп жатыр. Олар аутсорсинг арқылы Каспий өңіріндегі көрші елдерден алмақшы. Соңғы жылдарда бұл қол қойылған екінші келісімшарт екен. Иранның ауылшарушашылық ұйымының өкілі Мохаммад-Али Бихарридің айтуынша, бірнеше айдан соң Украинамен осындай келісімшарт жасасу көзделіп отыр, себебі Иранда ауыл шаруашылығына деген сұраныс артқан. Бұрындары осындай келісім Иран мен Қазақстан арасында болған, ол "Шекара сыртындағы фермерлік" деген бағдарлама аясында жүзеге асып, өткен жылдың маусым айында ұйымдастырылған болатын. Келісімнің екі мақсаты бар: ауыл шаруашылығы қорын нығайтып, бидай сатып алуды азайту. Бірнеше елде Иран шамамен 1 миллион гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді жалға алған.