Алимент төлеуден жалтарып, шетел асқан әкелер жауапқа тартылатын болды
|
Алимент төлеуден жалтарып, шетел асып жүрген азаматтар бұдан былай жауапқа тартылады. Бүгін Сенат комитетінің кеңейтілген отырысында осы мәселе қаралды. Алдағы уақытта Қазақстан 32 мемлекет пен Еуропа одағына мүше елдер арасында балалар алиментін өтеу бойынша арнайы келісімге қол қоймақ. Сол кезде 18 жасқа толмаған әрбір бала әкесі жырақта жүрсе де, материалдық қолдаудан қағылмайды. Бүгінгі таңда мұндай азаматтардың қатары 200-ге жуық. Ал ел ішінде жүріп, алимент төлемейтіндердің саны 1500-ден асады. Енді Заң жобасы Сенаттың пленарлық отырысында қаралмақ. Бектас Бекназаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: - Жасы кәмелетке толмаған бала ол мейлі Қазақстанда болсын, мейлі басқа шет мемлекетте болсын, ол ата-анасының құрметін, материалдық көмегін де көруі қажет. Басқа шет мемлекетке кетіп қалу деген сөз ол – өз баласының алдында барлық материалдық жауапкершіліктен құтылып кетеді деген сөз емес. Сондықтан мына конвенция осы мәселемен айналысатын мемлекеттік органдар арасында ықпалдастықты біріктіруге күш салатын өте қажет заң. Бұдан бөлек, жергілікті сот қызметінің өкілеттігін кеңейту мәселесі де назарға алынды. Алдағы уақытта шет мемлекеттерден азаматтық немесе сауда істеріне қатысты мәліметтерді алу төңірегінде арнайы конвенцияға қол қою жайы қаралып жатыр. Бұл жоба бойынша Қазақстан 50-ден астам мемлекетпен келісімге келе алады.