Ресейде мектеп оқушысы қазақ радиосын ашты (видео)
|
Ресейде мектеп оқушысы қазақ радиосын ашты. Омбы қаласының тұрғындары таза қазақ тілінде хабарлама тарататын радионы онлайн режимде тыңдай алады. Игі бастамаға тоғызыншы сынып оқушысы Илья Гальцов мұрындық болды. Ресейде туып-өскен жасөспірім жазғы демалысын Қазақстандағы ата-әжесінде өткізіпті. Сол кезде мектеп оқушысының қазақ тіліне деген қызығушылығы оянған көрінеді. Бұл туралы Астана телеарнасы хабарлады.
Илья ГАЛЬЦОВ, РАДИО ДИРЕКТОРЫ:
Радио арқылы біз қазақ халқының тілін, мәдениетін, әдет-ғұрпын насихаттаймыз. Қазір грант байқауына қатысып жатырмыз. Кейін бүкіл Ресейге жарияланатын әуе толқынды алғымыз келеді. Нәтижесінде Ресейдің кез келген жерінде жүрген қазақтар ана тілін жаттап, тарихи отаны жайында бүкіл жаңалықтардан хабардар болады.
Әзірге тек онлайн режимде жұмыс істеп жатқан радиода қазақ әндері мен жаңалықтар жарияланып жатыр. Жақын арада Илья Гальцов қазақ тілі курстарының аудио нұсқасын енгізбек. Айтуынша, әзірге радионы күніне 300-ге жуық адам тыңдайды. Тыңдармандардың аясын кеңейту үшін жасөспірім жеке әуе толқынға ие болып, оны бүкіл Ресейге таратуды жоспарлап отыр. Айта кету керек, бүгінде тек Омбы облысының өзінде 80 мыңнан астам этникалық қазақ тұрады.