Рамазан айында Шымкентте жаңа мешіт ел игілігіне берілді
|
Шымкенттегі Қошқар ата өзені жағалауында «Абдул Хамид Қаттани» атты мешіт орналасқан. Шаһардың хақ ортасындағы бұл құлшылық үйінің өз тарихы бар.
Исламның інжу-маржан асыл негіздерінің бірі – зекет беру парызы бойынша Сауд Арабиясына қарасты Қаттани ауылының азаматы Абдул Хамид Қаттанидің демеушілігімен бұл нысанның құрылысы 1995 жылы басталып, 1997 жылғы қарашада пайдалануға берілген. Содан бастап бұл ғимаратқа осы қайырымды жанның есімі берілген.
Құлшылық үйінің көлемі 845,5 шаршы метрді құрап, үлкен намаз оқу залы, Құран оқу бөлмесі, имам бөлмесі, наиб имам мен баспасөз хатшысының бөлмесі сынды 7 бөлмеден тұрады. Ішкі сиымдылығы 800 орындық болса, сыртымен қоса есептегенде 2000 адам бір уақытта намаз оқи алады.
Ал, күмбезінің шеңбері 11, биіктігі 9, 60 сантиметр. 2006 жылғы шілде айында күмбез жаңартылып, алтын түстес сары металмен қапталған. Мұндай күмбезді мешіт елімізде үшеу болып, олар Елордамыздағы «Нұр-Астана», екіншісі Алматы орталық мешіті, үшіншісі осы «Абдул Хамид Қаттани» мешіті.
Күмбездің тотықпайтын алтын түстес сары қаңылтыры балық қабыршығының көрінісін білдіретін өрнекпен өрнектелген. Күмбез ішіне «Фатиха» сүресі жазылып, бұған қосымша мешіт михрабының көрінісі бейнеленген. Михрабта «Аятул курси» сүресі өрнектелген.
Мұнда дінімізді насихаттау үшін арнайы кітапхана, дәрісхана бөлмелері жұмыс істейді. Бұдан бөлек, өмірден қажыған жандарға рухани көмек көрсету мақсатында «сабырлылық» бөлмесі ашылған.
Алайда, ұзақ жылдар бойы күрделі жөндеу көрмеген құлшы лық үйінің ішкі-сыртқы келбеті аздап ескіре бастаған болатын. Осыған орай, мешіт әкімшісі, бас имам Бақдәулет Әбдірахымов тек мешіттің ішін жөндеуге Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтан көмек сұраған болатын.
Бұл игілікті шаруаға білек сыбана кіріскен шаһар басшысы өз қаражатымен аталған нысанды іші-сыртымен қоса күрделі жөндеуден өткізіп беруге уәде еткен. Былтыр қазан айында басталған ризашылықты шаруаны халық қалаулысы, белгілі кәсіпкер Әсет Қайыпбеков басшылық ететін «Сити-Строй» ЖШС жүргізіп, қасиетті Рамазан айында қала тұрғындарының игілігіне беріп отыр.
Мешіт айналасы электр шамдармен жарықтандырылып, жеке жылыту газ қондырғысы орнатылған. Әрі, ауласында 100 автокөлікке лайықталған арнайы автотұрақ бар.
Мешіт артында Діни басқарманың ислам дінін насихаттайтын, арнайы сараптаудан өткен кітаптары мен кітапшалар, қолөнер бұйымдары, ислами тұрғыдағы т.б. да түрлі заттар сататын дүкендер мен қатар, Астанадағы Хазрет Сұлтан мешітінің «Мұмтаз» кафесінің осындағы бір бөлімшесі жұмыс істейді.
Нысанның ішкі қаспетін әрлеуге Ташкент қаласындағы (Ташкент қаласында 70 мешіт бар) арнаулы мешіт безендірумен айналысатын ұсталар алдырылған. Айта кетерлігі, құлшылық үйінің ішіндегі ұлтымыздың бағызы ою-өрнектерін мешіт әкімшілігі өз тарапынан қостырған. “Бұл әуелі дін мен дәстүр сабақтастығы болса, екіншіден, Шымқалаға келген туристер үшін ұлттық дүние-танымды үгіттеу”, - дейді мешіт әкімшісі.
Қасиетті Жұма намазымен тұспа-тұс келген мешіттің қайта ашылу рәсімінде Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов барша мұсылмандарға Рамазан айындағы тұтқан ораза, еткен құлшылықтарына қабыл болсын айтты. Игілікті іске келген ҚМДБ-ның діни істер бөлімінің меңгерушісі камалжан Тұрлыбаев, ҚМДБ-ның төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Мәлқажыұлының құттықтауы мен “Алғыс хатын” табыс етті.
- Мешіт-Алла үйы. Мұнда тек ізгілікті, береке-бірлікті, жақсылықты дәріптеуіміз керек. Елбасымыздың ұстанған салиқалы саясатын Хақ дінімізбен ұштастырып, пайғамбарымыз салған ақ жолдан ауытқымай елге, Отанға қызмет етуіміз қажет, - деді шаһар басшысы.
Шырайлы шаһарда күрделі жөндеу көрген «Абдул Хамид Қаттани» мешіті түн шымылдығын түрісімен тарауих намаз оқыған жамағатқа лық толыуда. Алла үйінің тек сыртқы келбетімен ғана емес, жамағатымен көркем екендігін осыдан-ақ аңғаруға болады.
“Мешіт - әлеуметтік орын. Ол - жұртшылыққа қолжетімді болуы керек”, -деген қала әкімінің ұсынысымен алдындағы қорған-қоршаулар түгелдей алынып, сауда-саттықпен айналысатын дүңгіршектерден аяқ алып жүргісіз мешіт айналасы бүгінде түгелдей аршылған.
Міне, салқын самал ескен Қошқар ата өзені жағалаундағы құлшылық үйінің төрт құбыласынан “Лә иллаха илаллаһ ”деп Хаққа жүгінген жамағат жайнамазын алып, осында асығуда...
Фото: Мақсат ШАҒЫРБАЕВ
Мәтін: Нұрбақ ЕДІГЕ
Шымкент