Алматыда автобустарды шетелдіктер жүргізетін болады
|
Егер Lafa.Kz ақпарат көзінің хабарына сенсек, Алматы қаласының әкімдігінде айтылғандай, алматылықтар 200-230 мың теңге мөлшерінде жалақы берілетін болса да автобус жүргізісі келмейді екен. Ал аймақтардан келген, яғни, еліміздің түкпір-түкпірінен келгендер көлік жүру ережелерін жиі бұзатын көрінеді. Көбінесе жылдамдықты арттырып, ережені бұзатын да солар.
Сол себепті, іргеміздегі Өзбекстаннан, Қырғызстаннан және Тәжікстаннан көлік жүргізушілерін шақыртуды жоспарлап отырғаны айтылған хабарда. Шенеуніктердің пікірінше, осылай еткенде ғана қалыптасқан жағдайдан шыға алады екенбіз. Осы мақсатта арнайы коммиссия құрылып, шетелдіктерден түскен өтініштерді қарап жатқан көрінеді. Ол ол ма, көршілес республикалардан келген көлік жүргізушілері лайықты кандидат болса, олармен келісімшарт бекітіліп, еліміздің аумағында бір жылға дейін тұруға рұқсат беріледі. Ал олардың жататын жеріне келсек, автопарк жатақханаларында орын жеткілікті екен.
Біріншіден, олардың да көлік жүргізу ережесін бұзбайды дегенге кім кепілдік береді. Екіншіден, шетелдік жұмысшы күштер арасынан қылмыскерлердің де қаптап шығып жатқаны бұқаралық ақпарат құралдарында жиі айтылады. Біз қауіп еткеннен айтамыз. Олар Қазақстанның заңдары мен заңнамаларын қаншалықты біледі? Осы жағына тест жүргізіледі ме? Мына тұрған құдайы көршіміз Ресейдің өзінде еңбек мигранттарына тілді білу, заңнан хабардар болу, т.б. талаптар қойылып жатқанда біздікі не жорық. Алдымен өзімізді жарылқамай тұрып, өзгенің бабын табу кімге тиімді? Жақын шетелден келетін еңбек мигранттары арзан жұмысшы күші болғандықтан осындай қадамға барып отыр ма әлде? Қылаяғы көлік жүргізушінің өзін шетелден алдыру қаншалықты дұрыс? Өздеріңіз таразылап көрерсіздер.