Ауадан органикалық кристалдар көмегімен тұшшы су алынды
Ауадан органикалық кристалдар көмегімен тұшшы су алынды
2 жыл бұрын 1721 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Инженерлер суды органикалық кристалдардың бетінде автономды (дербес) түрде жылжытудың жолын тапты. Бұл жайында islam.kz порталы аталмыш зерттеу материалы жарияланған Nature Chemistry мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Әбу-Даби қаласындағы Нью-Йорк университетінің инженерлері атмосферадан (тұман мен шық) су жинаудың қарапайым технологиясын ойлап тапты. Баяу сублимацияланатын кристалдың беті ылғал тамшыларын жинауға және олардың қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді. Әсіресе, шөл және шөлейт аймақтар үшін маңызы жоғары бұл жаңалық өз кезегінде жаһандық жылынуға байланысты ғаламдық су тапшылығымен күресуге көмектеседі. Бұл бағыттағы зерттеу барысында ғалымдар алғаш рет судың өздігінен конденсациялануын және оның баяу сублимацияланатын органикалық кристалдың бетінде қозғалысын байқады. Талдау мен қадағалау нәтижесінде судың газ тәрізді күйден сұйық күйге өтуі және сұйықтықтың дұрыс бағытта қозғалуы өз кезегінде сублимация кезінде кристалдың бетінде пайда болатын шағын арналардың енінің өзгеруімен байланысты екенін көрсетті. Бұл арада ғалымдар конденсация мен судың қозғалысын гексахлорбензол  (фунгицид ретінде жиі қолданылатын қосынды) көмегімен басқару тәсілін ұсынып отыр. Сублимациядан (қатты күйден газ тәрізді күйге өту процесі) бұл материалдың беткі жағы анық  та қанық параллелді арналары бар қатқыл топографияға ие болады. Зерттеушілер шаң-тозаң, тіпті, металл нанобөлшектері сияқты ұсақ әрі қатты бөлшектердің мұндай арналар арқылы өз бетінше түрде қозғалатынын көрсетті. Бұл жағдайда бөлшектердің қозғалысы конденсаттың есебінен жүзеге асады, ол уақыт бойынша арналардың көлденең қимасы мен енінің өзгеруіне байланысты арналар арқылы ауысады. Бұрын су қандай бір заттың химиялық тұрғыдан түрленген немесе өңделген бетімен немесе дәл жасалған микроканалдар арқылы немесе түрлі биологиялық жүйелердің бетінде қозғалатын еді. Аталмыш зерттеуге жетекшілік еткен Әбу-Дабидегі Нью-Йорк университетінің интеллектуалды инженерлік материалдар орталығының директоры әрі интеллектуалы материалдар зертханасының жетекшісі Панша Наумовтың айтуынша, мыңдаған жылдарға созылған эволюциялық процестер арқылы табиғи организмдердің беткі жақтары тіршілікті қамтамасыз ететін түрлі функциялар үшін суды тиімді тасымалдауға бейімделген. Мысалы, өсімдіктердің суды тартылыс күшіне қарсы жылжытатыны байқалды, яғни, төменнен жоғарыға су тартады. Бұл тарапта ғалымдар суды динамикалық қатты бетте жылжытудың жаңа әдісін, суды жинаудың жаңа принципін тапты.

 

0 пікір
Мұрағат