TOYOTA ұшатын автокөлігі үш жылдан кейін әуеге көтеріледі
|
Жапондардың Toyota концерні Cartivator деп аталатын келешегі зор жобаға 350 000 доллар құятын болды. Яғни, ұшатын автокөлік күншығыс елінің астанасы - Токио қаласында 2020 жылы өтетін Олимпиада ойындарының алауын жағатын болады. Айта кетейік, Cartivator жобасымен концерннің жас мамандары бірнеше жылдың жүзі болды, шұғылданып жатыр. Қазіргі уақытта аталмыш жоба концерн басшылығы тарапынан нақты қолдауға ие болды. Яғни, Олимпиада басталғанша үш жыл бойы аталмыш жобаны концерн қаржыландырады. Ұшатын автокөлік осы заманғы квадрокоптер үлгісінде құрастырылады. Төрт роторы болады. Ол 10 метр биіктікке дейін көтеріле алады. Ал жерде бар жылдамдығын қосқанда сағатына 100 шақырым қашықтықты артқа тастай алады. Cartivator көлік құралы әлемдегі ең шағын нұсқасы болуы мүмкін: оның ұзындығы бар-жоғы 2,9 метрге, ал ені 1,3 метрге жетеді. Тағы бір айта кететін артықшылығы: словактар құрастырған AeroMobil ұшатын автокөлік ұшу-қону алаңынан ғана көтеріле алса, жапондар құрастырған көлік кез келген жерден көкке көтеріле алады. Алғашқы сынақ келесі жылға жоспарланып отыр. Ұшатын автокөлік діттеген жеріңізге тез жетуге және кептелісте қалмауға көмектеседі.