ЖИ технологиясымен өнімділік артады
ЖИ технологиясымен өнімділік артады
2 сағат бұрын 35 24.kz kaz.inform.kz

Жасанды интеллект технологияларын енгізу компаниялардың өнімділігін 20-дан 40 пайызға арттырады, деп хабарлады 24.kz

Бұл туралы KPMG-дің Орталық Азия мен Кавказ елдеріндегі басқарушы серіктесі Сәкен Жұмашев мәлімдеді.

Аталған артықшылық деректерді сапалы талдап, басқару шешімдерін оңтайландырады,-дейді. Бірақ, ол үшін жасанды интеллект саласында кәсіби кадрларды даярлау – негізгі және міндетті мәселе. Бұл Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілетін арттырудың – төте жолы екені айтылды.  

Қытай экономикасын ЖИ арқылы қалай дамытып жатыр

KAZINFORM - Елімізде 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланған болатын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үш жыл ішінде елді толықтай цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін қойды. Бұл стратегияны жүзеге асыруда әлемдік көшбасшылардың, әсіресе Қытайдың тәжірибесін зерттеу аса маңызды. Өйткені, Аспан асты елі дүниедегі ең қуатты жасанды интеллект экожүйелерінің бірін құрып жатыр. Бұл жөнінде Kazinform агенттігінің тілшісі зерттеп көрді.

Экожүйе статистикасы

2026 жылдың басында Қытай ЖИ-жобаларды тек жасаумен ғана шектелмей, оларды тәжірибе жүзінде жаппай қолдануға ойысты. Әсіресе, ЖИ-шешімдерді өндіріс, денсаулық сақтау, қаржы, цифрлық қызметтер бағыттарына енгізу арқылы оны пайдалану аясын кеңейтті.

Өткен жыл қорытындысы бойынша, аталған саланың жалпы көлемі 170 миллиард долларға жетті. Қазір Қытайда 6000-нан астам ЖИ компаниясы бар. Ол әлемдік нарықтың 15%-ы. 300-ден астамы ірі компания саналады және осы саладағы жалпы табыстың 70%-ын түсіреді.

Стэнфорд университетінің DigiChina зерттеуіне сәйкес, Қытайда ашық бастапқы кодқа ие тиімді модельдерді әзірлейтін оннан астам компания бар. Бұлардың арасында Qwen, Moonshot AI, MiniMax, Z.ai және т.б. бар. Олар қазірдің өзінде Аспан асты елі азаматтарының күнделікті өміріне еніп, берік орнығып үлгерген.

Онымен қоса, Қытай ашық бастапқы кодқа ие модельдерді жүктеу көрсеткіші бойынша алғаш рет АҚШ-ты басып озды (алғашқысында 17,1% болса, екіншісінде 15,8%). Сонымен қатар, Аспан асты елі зияткерлік меншік саласында да көш бастап келеді, яғни әлемде ЖИ бағытындағы патенттік өтінімдердің 60% Қытайға тиесілі.

Цифрландыру
Коллаж: canva
ЖИ технологиялары Қытай экономикасының ұзақмерзімді даму стратегиясында басты факторлардың бірі ретінде қарастырылады. PwC болжамына сәйкес, ЖИ технологияларын енгізу елдің ЖІӨ-сін 2030 жылға қарай 7 триллион долларға өсіреді. Салыстыру үшін айта кетелік, ҚХР-дың ЖІӨ-сі 2025 жылы 20,13 триллион долларға жеткен.

ЖИ-дің технологиялық дамуға ықпалы

2025 жылдың тамызында қабылданған Қытайдың «ЖИ плюс» ұлттық стратегиясы алдағы ондаған жылда технологиялық дамудың бағытын айқындады. Осы стратегия аясында ЖИ ғылым негіздері, өндіріс, мемлекеттік басқару жүйесі және әлеуметтік салаға терең енгізілмек.

Ал биыл қаңтар айында Бейжің «ЖИ + өндіріс» атты жаңартылған жол картасын таныстырды. Билік алдағы екі жылға нақты KPI құрды. Оған сай елде кемінде үш әлемдік деңгейдегі ең үздік бренд, бес ірі ЖИ-модель, 100 мамандандырылған датасеттен (ақпараттық жиынтық) құралған база, сондай-ақ кемінде 500 ЖИ қолданылатын өндірістік сценарий жасалу керек.

Сонымен бірге, басты мақсаттардың бірі – денсаулық сақтау саласындағы цифрлық трансформация. 2027 жылға қарай 100-ден астам мамандандырылған ЖИ сценарийлерді енгізу жоспарланып отыр. CITIC Securities-тің жазуынша, бұл сала коммерциализация қатарына кіреді. Дәрі жасау, медициналық диагностика және көлемді деректерді талдау табысты арттырмақ. Биылдың өзінде медициналық ЖИ нарығы айтарлықтай кеңейеді деп болжанып отыр.

Робототехника да қарқынды өркендеп келеді. Бүгінде Қытайда адамға ұқсайтын робот шығаратын 140-тан астам компания жұмыс істейді. Олар 330-дан астам модель ұсынып отыр. Сарапшылардың жорамалынша, биыл адам пішінді роботтарды жаппай өндіру басталады. Биліктің жоспарына сай, 2027 жылы елдегі ақылды терминалдар мен ЖИ-агенттердің таралу деңгейі 70%-дан асуы тиіс.

чип цифрландыру
Коллаж: canva
Этикалық нормалар және еңбек нарығы

Биыл Қытайдағы ЖИ-ді реттеу жүйесі жаңа кезеңге көтеріліп келеді. 25 қаңтарда ҚХР-дың ғаламтор-реттеушісі ережелерді талқылауды аяқтады. Бұл ережелер адам тәріздес ЖИ-жүйелерді бақылауды күшейтуге бағытталған.

Жаңа талаптар бойынша, желі қолданушыларына жасырын эмоционалдық әсер етуге тыйым салынады. Сонымен бірге, ЖИ-мен сөйлесуге екі сағаттық шектеу қояды. ЖИ-лер өздерінің бар болғаны машина екенін білдіртуі керек. Адам өзі секілді тірі жанмен емес, техникамен байланысып отырғанын түйсінуі тиіс. Қарт кісілердің құқығын қорғау да назардан тыс қалмаған: бекітілген келісімсіз туыстардың дауысын салуға қатаң тыйым бар. Бұл арқылы цифрлық алаяқтықтың жолын кесуге болады.

Қариялардың ғана емес, жасына қарамастан, жалпы желі қолданушыларының қауіпсіздігіне мән беріледі. Егер жүйе адамның суицид жасау ниетін анықтаса, оның жазғандарын әуелі операторға (яғни, кәдімгі тірі адамға) жолдап, одан әрі туыстарына ескертуі тиіс. Балаларға арналған арнайы режим қарастырылған: ата-аналар перзенттерінің хабарламаларын оқып, бақылап, басқарып отыра алады. Қатерлі тақырыптарды өшіріп отыруға мүмкіндігі бар.

Сонымен қатар, еңбек нарығын қорғауды күшейтіп жатыр. ҚХР Еңбек ресурстары министрлігінің мәлімдеуінше, ЖИ қазірдің өзінде жұмыспен қамту жүйесін өзгерте бастаған. Сондықтан Үкімет жаңа 5 жылдық жоспарын іске қосты. Бұл арқылы автоматизацияның салдарын жұмсарту және мамандығы өзектілігін жоғалтқан қызметкерлерді қолдауды мақсат етеді.

Қабылданып жатқан негізгі шаралардың бірі – фрилансерлер мен жұмыс кестесі еркін қызметкерлерді әлеуметтік сақтандыру жүйесін кеңейту. Осылайша, Бейжің технологиялық өсу мен әлеуметтік тұрақтылыққа да теңдей мән беріп отыр. Ал ЖИ-ді өркендеудің құралы ғана емес, қоғам дамуының басқарушы факторы ретінде де пайдаланып келеді.

Мамандар не дейді?

Сарапшылардың болжауынша, 2026 жылы Қытай ЖИ компанияларының қарқынды дамуы жалғасады. Бұған мемлекеттік қолдау, қаржыландыру шарттарының жақсаруы, әртүрлі салаларда ЖИ-ді қолданудың кеңеюі және білікті мамандардың көбеюі әсер етеді.

чип өндірісі
Коллаж: canva
Нью-Йорк университетінің адъюнкт-профессоры Уинстон Маның пікірінше, 2026 жылы ЖИ Қытайдың экономикалық күн тәртібінде және өндірістік модернизация бағдарламасында алдыңғы орынға шығады.

– Биліктің қолдауының арқасында жергілікті технологиялық компанияларда әлемдік көшбасшы болуға зор мүмкіндік бар, – дейді сарапшы.

iiMedia консалтингілік компаниясының бас талдаушысы Чжан И.-дің де көзқарасы осыған саяды. Оның сөзінше, билік ЖИ-ді 2026-2030 жылдарда Қытай өндірісін трансформациялаудың басты құралы ретінде көреді.

Atlantic Council атты америкалық талдау орталығының сарапшысы Райан Панның болжауынша, Қытай ашық бастапқы коды бар ЖИ жүйесін дамытуды екі есе арттырады. Оның ойынша, бұл ЖИ-дің жаһандық инфрақұрылымына Бейжің ықпалын күшейтеді.

Ал Халықаралық валюта қоры басқарушы директорының бұрынғы орынбасары Чжу Миньнің жорамалынша, Қытай алдағы 18-24 айда ЖИ саласында айтарлықтай жетістіктерге жетеді.

– Бұған аса ірі өндірістік база мен алып тұтынушы нарық үлес қосады, – дейді ол.

Қытай трансформациясы үлгісі

Биыл ЖИ Қытай үшін жай сала ғана емес, ұлттық экономиканың «жүйке жүйесіне» айналды. Аспан асты елінің мысалына қарап, қазіргі жағдайда әлемдік көшбасшы болу IТ-хабтардың көптігіне ғана байланысты емес екенін ұғынуға болады. Мемлекет басты стратег рөлін өзі ұстап отырып, ЖИ-ді өндіріске және т.б. маңызды секторларға терең енгізсе, даму болмақ.

искусственный интеллект, ИИ, технологии, нейросети, ChatGPT
Фото: Midjourney
Аталған елдегі жаппай цифрландыру бақылауды күшейтетін «цифрлық гуманизм» концепциясына сұраныс туғызды. Қытайдың этикалық сүзгілерді және еңбек нарығын қорғау механизмдерін іске қосуы – бақылаусыз кеткен технологиялық дамудың қатерін түсінетініне дәлел. Демек, әлеуметтік кепілдік мәселесі және ЖИ-дің халық өміріне әсері ескерілуі тиіс.

Нәтижесінде, Қытай әдеттегі санмен, қуатпен жарысу жолын емес, күрделі тепе-теңдікті қалыптастыруды таңдады. Онда машиналардың тиімділігі мен азаматтардың қауіпсіздігі өзара үйлесімде.

Қазақстан үшін ҚХР тәжірибесі – маңызды бағыт-бағдар. Цифрлық трансформацияның жемісі, жетістігі технологияларды импорттаумен емес, оларды экономиканың нақты секторларына енгізе отырып, мемлекеттің басқарушы рөлін сақтауымен өлшенеді.

Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы ЖИ мүмкіндігін пайдаланып, талдау-сараптау жұмысын күшейтуді тапсырған еді.

                                                                             Алпамыс Файзолла

Ербол Жанат

 

 

0 пікір
Мұрағат