|
Зимбабведе елдің символына айналған арыстан өлтірілді
|
Зимбабвенің екі тұрғыны Сесил есімді арыстанды өлтіргені үшін сот алдында жауап беретін болды. Аң патшасы соңғы бірнеше жыл көлемінде туристердің сүйіктісіне айналып, елдің нышаны ретінде танылған болатын. Жергілікті экологиялық ұйым өкілдерінің хабарлауынша, аңды атуға америкалық туристердің бірі тапсырыс берген екен. Бұл жайында Baq.kz ақпарат көзі хабар таратты.
Жыртқышты өлтірді деген айыппен кәсіби аңшы Тео Бронкхорст пен фермер Онест Траймор Ндлову ұсталды. Тергеушілердің айтуынша, олар алдын ала келісіп, арыстанды рұқсатсыз атып алған. Олардың, тіпті аңшылыққа лицензиясы да болмапты. Енді ол екеуі 10 жылға дейін бас бостандықтарынан айрылуы мүмкін.
"Зимбабвені сақтау жасағы" деп аталатын экологиялық ұйымның хабарлауынша, арыстанды өлтіру үшін америкалық турист 55 мың доллар төлеген. Ол екі зимбабвелікпен бірге сафариге шығып, жыртқыш аулаған көрінеді. Көздеріне бірінші болып көрінген арыстанды олар арбалетпен атып жаралаған. Кейін 40 минуттай артынан қуып, әлсіреп құлаған аңды мылтықпен атып өлтірген.
"Енді, Сесил өлгеннен кейін оның орнын басатын келесі арыстан Джерико Сесилдің аландарын өлтіріп тастайды, бұл табиғаттың заңдылығы" дейді қоршаған ортаны қорғау маманы Джони Родригес.