Зат пен бұйымды пайдаланудағы ысырапшылдыққа тыйым салынады
Зат пен бұйымды пайдаланудағы ысырапшылдыққа тыйым салынады
1 сағат бұрын 27 Материалды көшіріп басқанда islam.kz сайтына гиперсілтеме берілуі міндетті

Кенияның орталық банкі банкнотты (қағаз ақшаны) гүл дестесін жасау үшін пайдаланудың заңсыз екенін және мұндай әрекетке баратындар жауапкершілікке тартылып жазаланатынын, дәлірегі, түрмеге қамалатынын ескертіп жатыр. Бұл жайында islam.kz порталы АfricaNews ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Әлеуметтік желіде инфлюенсерлер ойлап тапқан бұл тренд аз уақыт ішінде танылды. Соның салдарынан банкноттар бүлініп жатыр. Ақша тек төлем немесе есеп айырысу құралы ғана емес, сонымен қатар, мемлекеттік рәміз іспетті – әр мемлекеттің елдігін әйгілейтін, тәуелсіздігін танытатын белгі ретінде қабылданады. Ақшаға құрметсіздік бірыңғайда елге құрметсіздік ретінде саналады. Қандай да бір бұйымға, соның ішінде ақшаға ұқыпты қарау мәдениетінің болмауы түрлі жат әрекеттерге, соның ішінде дарақылық пен ысырапшылдыққа жол ашады: қағаз ақшамен шылым тұтату, т.б. Кенияның бас қаржы мекемесінің мәлімдеуінше, ел арасында кеңінен танымал мұндай тренд банкноттың тұтастығына сызат түсіреді. Дәлірегі, гүл дестесі ретінде пайдаланылған қағаз ақша екінші мәрте пайдалануға жарамай қалуы мүмкін. Банкоматта санауға келмейді, т.б. осындай трендтің кесірінен банкнотты қайта басып шығаруға тура келеді. Бүлінген ақшаны алмастыратын банкнотты басып шығару басы артық шығынға әкеледі. Кенияда бұдан былай қағаз ақшаға ұқыпсыз қарағандар 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Кения билігі ақшалай сыйлық беруге қарсы емес, тек оны берудің әдісіне қарсы. Өзін жомарт етіп көрсету үшін қағаз ақшаны гүл дестесіне айналдыруға қарсы. Мұндай тренд етек алған ел жалғыз Кения емес, Африка құрлығындағы бірқатар елде де бар. Нигерияның, Гананың билігі ақшаны ұқыпсыз пайдаланғандардың қолына кісен салып жатыр.

0 пікір
Мұрағат