Шри-Ланкадағы мұсылман әйелдер киімдерін өзгертетін болды
|
Шри-Ланка мұсылмандар кеңесі (MCSL) осы елдегі азшылықты құрайтын мұсылмандарды будда радикалдарынан қорғау үшін ерекше сақтық шарасын қолға алды. Қазіргі уақытта мұсылман әйелдерге түрлі-түсті тегін көйлектер таратылып жатыр. Мұның себебі, Шри-Ланкадағы мұсылман әйелдер жұрттың назарын тез аударатын қара түсті көйлек киюді әдетке айналдырған болатын. Наным-сенімі өзге жұрт тобыққа дейін түсетін шымқай қара көйлекті мұсылман әйелдердің ажырамас атрибуты ретінде қарасатырады. Яғни, наным-сенімі бөлек жұрттың санасында осындай жаңсақ ұғым қалыптасқан. Сол себепті, Шри-Ланка мұсылмандар кеңесі әлгіндей науқанды қолға алып отыр. Жергілікті мұсылман жамағатының жетекшілерінің бірі Хилми Ахамед таңдау еркі әйелдердің өзіне қалдырылатынын жеткізді. Яғни, ешкімді күштеп, киімін ауыстыруға мәжбүрлемейді. Ең бастысы, шариғат талаптары сақталса болғаны: әуретті жерлері көрінбесе, шүберектің түсінде тұрған дәнеңе жоқ және сақтық үшін көйлек ауыстырудың еш әбестігі жоқ деп санайды. Оның үстіне, наным-сенімі бөлек кейбіреулер үшін қара түс – аза түсі болып есептеледі. Бұл жағын да ескеріп отырғанын айта кету керек.