Қытайда 20 млн адам ұлттық айырбас бағдарламасының қызығын көрді
|

Қытайда ескі цифрлық техниканы жаңасына ауыстыруға мүмкіндік беретін ұлттық бағдарламаға сұраныс жоғары, деп хабарлайды 24kz.
Мемлекеттік субсидия көмегімен тұрғындар жаңа гаджеттер сатып алу кезінде 15%-дық жеңілдік ала алады. Бұл - жергілікті өндірушілерді қолдауға бағытталған шара. Өйткені, көбі сату көлемі бойынша пандемияға дейінгі көрсеткіштерге қайтып келе алмай отыр.
Trade-In мемлекеттік бағдарламасы Қытайда бір жыл бұрын іске қосылған. Былтыр қатысушылар ескі көлігі мен тұрмыстық техникасын жеңілдікпен жаңасына ауыстыра алатын. Биылдан бастап енді телефон секілді түрлі гаджеттерді да алмастыруға болады. Сонда тұрғындар біздің ақшамен 35 мың теңгеге дейін үнемдейді. Бұл бағдарламаға сұраныс жоғары. Жыл басынан бері сатылымдар 300%-ға артқан. Сөйтіп көрші елде бір жылда 20 миллионнан аса адам бағдарламаның қызығын көрген.
Ли Шоубо, тұрмыстық техника дүкенінің менеджері: - Мемлекеттік бағдарлама іске қосылғалы сату көлемі артты. Әсіресе, цифрлық техникаға сұраныс жоғары. Көбі смартфондарын жаңасына ауыстыру үшін келеді.
Былтыр мемлекеттік бағдарламаға билік 180 млрд доллар бөлді. Ең көп субсидия электрмобильге беріледі. Оның көлемі біздің ақшамен бір млн теңгеге дейін жетеді. Сондай жеңілдіктің арқасында былтыр 7 млн көлік сатылған.
Чжан Яру, сатып алушы: - Мен көлік алу идеясын кейінге қалдырып келдім. Енді оны 2 мың доллар жеңілдікпен сатып алдым. Бұдан бөлек, жаңа электрмобильге салық төлемейміз. Билікке осындай мүмкіндік бергеніне алғыс айтамын.
Экономикалық жағынан бөлек Ұлттық айырбас бағдарламасының экологиялық тиімділігі де зор. Өйткені, ескі үлгідегі құрылғылар электр энергиясын екі есе көп тұтынды. Сонымен қоса, кейбірі ұзақ қолданыс салдарынан адамға қауіпті болуы мүмкін.
Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Асель Абдыкалыкова




